Орта бизнес субъектілерінің саны қысқарып жатыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3799

Алдағы 5 жылда кәсіпкерлікті дамытуға 421 млрд теңге бөлінеді.

Орта бизнес субъектілерінің саны қысқарып жатыр

Үкімет шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 2025 жылы 35%-ға, ал 2050 жылы 50%-ға жеткізетінін жариялады. Қазір бұл көрсеткіш 28,5%-ды құрап отыр.

Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, осы айдың соңында "Бизнестің жол картасы  – 2020" мемлекеттік бағдарламасының жалғасы ретінде "Бизнестің жол картасы  – 2025" бағдарламасы қабылдануға тиіс. Аталмыш бағдарлама аясында алдағы 5 жылға 421 млрд теңге бөлінеді. Қомақты қаражат кәсіпкерлерге қолайлы бизнес-климат қалыптастыруға жұмсалады. Болжам бойынша, бизнес жүргізудің шарттары жақсарады. Кедергілерге тосқауыл қойылып, рұқсат беру құжаттарының тізбесі қысқарады. Мемлекеттік грант мөлшері 3 млн теңгеден 5 млн теңгеге, айналым қаражатын несиелендіру көлемі 60 млн теңгеден 360 млн теңгеге көбейеді.

Айта кетейік, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында 23,4 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Шағын және орта бизнес саны 900 мыңнан 1,3 млн-ға жетіп, 94 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

"Бизнестің жол картасы -2025" бағдарламасы жоғарыдағы көрсеткіштерді еселеуге тиіс. Бұлай болмаса, біз 2050 жылға дейін құрылған макроэкономикалық мақсатқа қол жеткізе алмаймыз.

Ел аумағында шағын бизнес субъектілерінің саны соңғы 10 жылда 11%-дан 34,4%-ға өскен. Ең жоғары өсім 2015 жылы тіркелген. Атап көрсетерлігі өсім шағын бизнесте ғана болған. Ал орта бизнес керісінше, қысқарған. Яғни бірқатар орта бизнес өкілдері басқа салаға ауысқан.

2012 жылдан бастап орта бизнес субъектілерінің саны жыл сайын орта есеппен 14,2%-ға азайып келеді. Орта және ірі бизнес субъектілерінің басым бөлігі мемлекеттің меншігінде немесе мемлекеттік меншікпен байланысты екенін ескерсек, онда олардың санын азайту арқылы үкімет жеке бизнеске басымдық беріп отырғанын түсіну қиынға соқпайды.

Қазір өңірлік бөліністе Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 190 мың субъект жұмыс істейді. Түркістан облысының 141 мың сауда субъекті алыс-берістің көрігін қыздырып жүр. Ал елорда да 133 мың бизнес субъектісі тіркелген.

2019 жылдың соңғы 10 айында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 28,5% құрады. Дамыған елдермен салыстырсақ, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Себебі әлемнің озық елдерінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 50%-дан асады.

Алдағы бес жылда "Бизнестің жол картасы – 2025" мемлекеттік бағдарламасына шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 35%-ға жеткізу міндеті жүктелген. Бұл – аталмыш бағдарлама 2025 жылдан кейін де жалғасын табуға тиіс деген сөз. Себебі 2025 жылмен 2050 жыл аралығында бір емес, бірнеше бесжылдық бар.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу