Қазақстандағы "сұр тышқандарды" "пілге" қалай айналдырамыз

3760

Еліміздегі жұмыс істеп жатқан компаниялар мен ұжымдардың басым бөлігін нақты бір саласы мен тұрақты табысы жоқ, бағыт-бағдары құбылмалы шағын фирмалар шоғыры құрайды. 

Қазақстандағы "сұр тышқандарды" "пілге" қалай айналдырамыз

Еліміздегі жұмыс істеп жатқан компаниялар мен ұжымдардың басым бөлігін нақты бір саласы мен тұрақты табысы жоқ, бағыт-бағдары құбылмалы шағын фирмалар шоғыры құрайды. Отандық кәсіпкерліктің дамуы мен қаржы мәдениетінің қалыптасуын зерттеген әлеуметтік кәсіпкер, мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров бүгінде осындай тоқтамға келіп отыр.

Оның айтуынша, мұның барлығы қазақстандық нарықтағы салаішілік бәсеке мен оның интенсивтілігінен туындаған құбылыс. Яғни, кәсіпкерлер мен компаниялар арасындағы өзара бәсекелестік кернеулері бейбіт қатар өмір сүру мен өте дөрекі түрде айналымнан ығыстырып шығуға дейінгі жағдайларға соқтырады.

Айталық, бәсекелестік ортасы қалың, шығарылатын тауар мен қызметтің барлығы бірдей және шығыстардың көптігі, сондай-ақ, саладан шығудың өте күрделі кедергілері, оның ішінде, фирманың бұл бизнес түрін тастаған жағдайда зор шығынға батуы ықтималдылығы, нарықтың әбден толып, аузы-мұрынынан төгіліп тұруы кәсіпкерлерге өз бизнесі үшін өзіндік артықшылық пен бәсекелік стратегия іздеуге мәжбүрлейді.

"Орыс экономисті Юдановтың фирмалар мен компаниялардың көптеген бәсекелестік стратегияларына берген салыстырмалы сипаттамасы назар аударарлық. Ол Ресей нарығын зерттеп зерделей келе, ондағы фирмаларды коммутанттар, патиенттер, виоленттер және эксплеренттер деп төрт топқа бөлді. Олардың әрқайсысы биологиялық мінез-құлықтың қандай да бір түріне келтіріліп, тиісті аналогияны иеленді. Тиісінше, саяси-экономикалық құрылымы мен нарықтық реалийлерінің ұқсастығына орай, оны қазақстандық кеңістікте де қолдануға болады",– дейді зерттеуші-кәсіпкер.

Сондай-ақ, ол жалпы халыққа түсінікті болу үшін, оларды қарапайым аң-құстық образдармен атағанды жөн көретінін айтады.

Коммутанттар яки "сұр тышқандар" – шағын және "әбжіл" де бейімделгіш фирмалар. Нарықтағы сұраныстың өзгерісіне тез реакция бере алады. Олар көбіне қолдан жасалған тауарлар мен иммитаторлар ұсынады. Нақты бір іс-әрекет желісіне байланбаған және бір нарықтан екінші нарыққа оңай секіріп отырады. Тұрақтылығы да төмен.

Олардың басты көзірі – әбжілдігі мен бейімделгіштігі, жеңілдігі. Бұл негізінен қазақстандық бизнеске тән кәсіпорындардың типі. Олар тіпті БАҚ-та жарнама жасау барысында өз салаларын атап айтқанды ұнатпайды және барлық саланы қамтуға әзір тұрады. Ең бастысы – табыс табатын, іліп кететін жер болса болғаны.

Патиенттер яки "қу түлкілер" – нақты бір нарықтық тауашаны әбден иеленіп алған мамандандырылған специализациясы өте тар фирмалар. Бұлар негізінен бір бағытта бірнеше жылдан бері өнім шығарып немесе қызмет көрсетіп келе жатқан ірі ұйымдар болып табылады. Олардың стратегиясы – тауардың немесе қызметтің жоғары сапасы мен өте төмен шығындарға негізделген. Қазақстан нарығы жоғары профильді маманданған мемлекеттік кәсіпорындар жекешелендірілген сайын осындай патиенттермен толығып отырады. Соңғы жылдардағы үкімет тарапынан қабылданған осы тектес шаралар да кезең-кезеңмен олардың санын көбейте түсті.

Виоленттер яки "піл" немесе "арыстандар" – нарықтың нақты бір бөлігін бақылауда ұстап отырған алып-алпауыттар. Қуаттылығы мен өміршеңдігінің кепілдемесі сондай, мемлекеттік сектормен қанаттаса, ұштасып жатады. Олардың артықшылығы – өндіріс ауқымында кеңінен үнемдеу мен тұтынушылардың қажеттіліктерін жаппай қанағаттандырудың арқасында өте төмен шығындардың болуы.

Қазақстанның экономикалық релефі мен жағдайында шетелдік бәсекелестермен бәсекелесуге өте осал. Тіптен, қыр артынан біреуінің төбесі көрініс берсе, тиесілі нарығын өте шапшаң жоғалта бастайды. Ондай кезде, отандық компанияларды қорғайтын үкіметтің протекционистік саясаты көмекке келеді. Бірақ, "таяқтың екінші ұшы" – мұндай қамқорлықтар тауар мен қызмет сапасын ұдайы жетілдіріп отыруға кесірін тигізеді.

Эксплеренттер яки "ұсақ көбелектер" – бұлар өздерінің бәсекелестік басымдығы мен артықшылықтық стратегиясы ретінде инновация, жаңа технологиялар мен таңсық тауарларды таңдайды. Ірі фирмалардың венчурлік бөлімі немесе еншілес компания ретінде тиімді жұмыс атқара алады. Қазіргі таңда бұл топқа көбіне озық ойлы, білімді жастардың тартылып жатқаны байқалады. Шетел асып, білім алып келген жандар да осы қатардың сапын толтыруда Һәм еліміздегі жүлде қоры қомақты қаптаған инновациялық байқаулар да эксплеренттердің көбеюіне септігін тигізуде.

Сонымен, қазақстандық экономикада кеңінен таралған модел – коммутанттардың саны қанша?

Әрине, бұған Абылайхан Мамырайханұлы нақты цифраларды келтірмейді. Өйткені, бұл жерде де жалпылау принцпі тұр. Былайша айтқанда, шарттылық бар. Дегенмен, "шағын фирмалар" деп отырғанымыздың қазіргі статистикада біржағынан "шағын және орта кәсіпкерлік" атанып отырғанын да жоққа шығаруға болмас.

Шағын фирма – бұл дағдарыстық жағдайға сәйкес бизнесті өміршең етудің тәсілі. Бірақ, үкіметке ендігіде олардың қарасанының көптігі және жүйе құраушылық сипат алып кетуі қаупіне қарай оларға жаңа сапаға өтуіне жағдай жасауы керек. Өсіп, өнуіне, үлкеюіне, жаңа лигаға көшуіне мүмкіндік беруі керек. Аталмыш типтегі фирмалар үшін бұл форма бар болғаны бәсекелестік стратегия болғанымен, жалпы есепте еліміздің де бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық өсімін анықтайтын нәрсе. Осы ретте, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің сапалы дамуына жәрдемдесуді өз миссиясы деп білетін "Даму" қоры және сол секілді тағы қаншама құзырлы құрылымдарға артылатын жүк ауыр.

Ал бұл жағынан әлеуметтік кәсіпкер коммутанттарды көтерудің төрт жағдайын ұсынады.

Біріншіден, инновациялық бизнес пен венчурлік бизнесті дамытуға мемлекеттік даму институттарының қызметін пайдаланып қана қоймай, кепіл ету.

Екіншіден, шағын бизнеске кредит берудің бағдарламаларын, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен гранттар мен займдарды қазіргіден де еселеу. 

Үшінші, жеке бизнесті мемлекеттік қолдау және дамытудың қаржы институттарын қолжетімді ету және құжаттық талаптарын азайту.

Төртіншіден, бизнес-инкубаторлардың және идустриялық аймақтардың қызметін жаңа заман талаптары аясында қайта қарастыру.

Сондай-ақ, ең бастысы – бұл мәселелерге кешендік тұрғыда, жүйелік көзқараспен келу маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу