Шағын және орта бизнестегі өндіріс көбейіп келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2992

Нұр-Cұлтанда шағын бизнестің лихорадкасы.

Шағын және орта бизнестегі өндіріс көбейіп келеді

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың сәуір айы қорытындысы бойынша республикадағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 11%-ға ұлғайып 1,3 млн-ға жетті.

2015 жылы ШОБ өкілдері рекордтық 47,1 пайызға ұлғайып 0,9 млн-нан 1,3 млн-ға жеткен еді. Дегенмен, артынша екі жыл қатарынан олардың саны кеміп 1,2 млн-ға түсіп қалғанымен, қазір қайта сол деңгейге жетіп отыр. 

Ал ШОБ субъектілерінің шығарған өнімдерінің көлеміне тоқталар болсақ, 2018 жылы шағын және орта кәсіпорындар 26,5 трлн теңгенің өнімін өндірген. Көрсеткіш 2017 жылғымен салыстырғанда 25,3% ұлғайып отыр. Бұл соңғы жылдардағы максимум көрсеткіш.

Соның ішінде 18,2 трлн теңге шағын кәсіпорындарға тиесілі болса, орта кәсіпкерлердің шығарған өнімі 5,2 трлн теңгені құрады. Ал жеке кәсіпкерлер 1,8 трлн теңгенің өнімін өндірсе, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар 1,3 трлн теңгенің өнімін өндірген.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы шағын және орта бизнестің өндірген өнімі 8,5 трлн теңгенің айналасында болса, соның ішінде шамамен 7 трлн теңге орта бизнеске тисілі болған. 2014 жылы ШОБ өнімі бірден 15 трлн теңгеге жағындап, соның ішінде орта бизнестің үлесі 2013 жылғыдан 6 трлн теңгеге дейін түсіп кеткен болатын. Бұл үрдіс 2015-те де жалғасып, жалпы өнім 15 трлн теңгеден асқанымен, орта бизнестің үлесі тағы төмендеп шамамен 5,5 трлн теңгені құрады. 2015 жылы шағын бизнестің де, орта бизнестің де шығарған өнімі аздап өсіп, 2017 жылы ШОБ-тың өнімі 21 трлн теңге айналасында болса, орта бизнестің үлесі 6 трлн теңге деңгейінде шектелді. Ал былтыр көрсеткіш жоғарыда айтылғандай қарқынды өсіп отыр.

Статистика комитетінің мәліметінше, ШОБ ішінде жеке кәсіпкерліктердің саны ең көп. ШОБ-тың 65,5 пайызы жеке кәсіпкерлер болса, шағын кәсіпорындар саны 18,6 пайыз, ал шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар саны 15,7 пайызды құрайды.

Жеке кәсіпкерлер негізінен Алматы қаласында шоғырланған. Оңтүстік астанадағы жеке кәсіпкерлер саны былтырғыдан 7,9 пайызға көбейсе, Нұр-Cұлтандағы жеке кәсіпкерлер саны республика бойынша екінші орында. Жеке кәсіпкерлер саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы үшінші орында. Осы үш өңірдегі жеке кәсіпкерлер саны республикадағы жеке кәсіпкерлердің 31,1 пайызын құрайды екен.

Жеке кәсіпкерлер саны ең аз өңірлер Солтүстік Қазақстан облысы мен Батыс Қазақстан облысы екен.

Ал былтырғыдан өсім саны жағынан елорда ең алда. Нұр-Сұлтандағы жеке кәсіпкерлер саны былтырғыдан 29,9%-ға көбейген.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу