Табыссыз тұрғындарды несиеден қағудың салдары қандай?

8066

Елімізде еңбекке жарамды 9,2 млн адам болса, соның 2,7%-ы, яғни 250 мыңнан астамы несие алу құқығынан айырылады.

Табыссыз тұрғындарды несиеден қағудың салдары қандай?

Ұлттық банк тұрмысы төмен азаматтарға несие беру талаптарын күшейтпекші. Осы арқылы елдегі несие нарығын сауықтыру көзделіп отыр. Ол үшін несие алушының табысынан күнкөрістің ең төменгі мөлшері, отбасылы болса кәмелетке толмаған әр бала үшін күнкөріс минимумының жарты мөлшері алынып тасталады. Бүгінде күнкөріс минимумы 31 мың теңге екенін ескерсек, әр бала үшін несие алушының табысынан 15500 теңге шегеріледі деген сөз.

Несиеге тыйым салу "ауырсынуды" ғана басады.

Қазақстан қаржыгерлер одағы елімізде еңбекке жарамды 9,2 млн адам болса, соның 2,7%-ы, яғни 250 мыңнан астамы несие алу құқығынан айырылады деген болжам жасап отыр. Бірақ несие беруші банктер азаматтардың тек ресми кірісін ғана есептемейтінін ескерсек, бұл сан нақты емес деуге болады. 

Кейбір сарапшылар Ұлттық банк бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындарды меңзеп отырғанын айтады. Ал олардың саны қазір – 1,4 млн адам. 

Аталмыш бастаманың халық тұрмысына, несие нарығына қалай әсер ететінін сарапшылардан сұрап көрген едік. Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов бұл шара несие нарығына уақытша ғана әсер ететінін айтады. Ал халықтың тұрмыс деңгейіне кері әсері болатыны сөзсіз.

"Еліміздегі тұтыну несиесінің көлемі елеусіз ғана. Шамамен жалпы ішкі өнімнің 10-15 пайызына тең. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30%-дан 50-60%-ға дейін жетеді. Мәселенің түйіні басқада. Біздегі жұмыссыздықтың шынайы үлесі ресми көрсеткіштен 3-4 есе жоғары.  Қайтарылмай жатқан несиенің көбін осы жұмыссыздар алады. Мұндай адамдар үшін ақшаның екі көзі ғана бар. Бірі – мемлекеттік жәрдемақылар, екіншісі – несие.  Тұрақты жұмысы болмаса да, жұмыссыз ретінде тіркелмегендіктен мемлекеттен де көмек алып отырған жоқ", – дейді сарапшы. 

Экономистің пікіріне қарағанда, мемлекет несиеге мұқтаж жандардың құқығын шектемей тұрып, әуелі кірістің балама көзін ұсынуы керек.  

"Бұған дейін бір несиені екінші несиемен жауып немесе әр жолғы қиындықтан әр түрлі банктен несие алу арқылы шығып келе жатқан адамдар соңғы кіріс көзінен айырылғалы отыр. Несиеге жол жабылса, осы санаттағы адамдар қиындыққа тап болуы мүмкін. Бұл несие нарығын сауықтырады деп айтуға келмейді. Тек аурсынуды басатын екпедей ғана әсер етеді. Несиенің есігін тарс жаппай тұрып, сол адамдарға табыс көзін ашу керек. Яғни жұмыссыздар үлесі қайта қаралып, қосымша жұмыс орындары дайындалуы, әлеуметтік төлем түрлері қарастырылуы шарт. Кіріс баламасын ұсынбастан несиені шектесе, қиындыққа тап болған адамдардың көңіл-күйі сыртқа шығуы мүмкін", – дейді Олжас Құдайбергенов.

Сондай-ақ ол мұндай тыйым онлайн режимде пайызы жоғары қарыз беретін пайдакүнем ұйымдардың саудасын қыздыруы мүмкін деп қауіптенеді.

"Мұндай шектеу аталмыш санаттағы жұртты пайыздық үстемесі тым жоғары онлайн несиелерге итермелеуі мүмкін. Сондықтан жоғары үстеме ұсынатын онлайн несие ұйымдарын жауып тастау керек. Қазір үстемесі 100%-дан асатын онлайн несие ұйымдары баршылық. Кейбірінікі тіпті 1000%-ға дейін жетеді. Керісінше онлайн несиені 0-ден 20-30%-ға дейінгі үстемемен беретін ұйымдарға бар жағдайды жасау қажет", – дейді экономист. 

"Масылдықтан мұқтаждық басым"

Тағы бір экономист Мақсат Халық несиені саралап беру бастамасы негізінен орынды деген пікір айтып отыр. 

"Бірден айтайын, төлем қабілеті төмен адамдарға несие берудің қажеті жоқ. Шектеу болмаса, төленбеген несиелердің көлемі арта береді.  Банктер де қаржылық қиындықтарға ұшырауы мүмкін.  Сондықтан бұл бастама дұрыс деп ойлаймын. Жуықта ғана біраз адамның несиесін азайту үшін әр қарызға 300 мың теңгеден ақша төленгені белгілі.  Өз басым бұл шараны қолдаған жоқпын.  Өйткені ол шара проблеманы уақытша ғана шешеді. Қазірдің өзінде артынан талай салдары шығып жатыр. Несиесі өтелмеген, тұрмысы төмен 3 балалы отбасылар өкпелі екендерін танытты.

"Біреудің несиесі неге біздің салығымыздан төленуі керек" деген әділ сауал туындайды. 300 мың теңге алғандардың ішінде қайтадан несие рәсімдегендер бар. Одан да жұмыспен қамту шараларын ширатып, бала күтімімен үйде отырған аналардың мемлекеттен алатын қаржысын көбейту керек еді", – дейді  сарапшы.

Экономист бала күтімімен отырған аналардың қолын босату үшін балабақша мен үйірмелерді көпбалалы отбасыларға ақысыз ету керек деп санайды.

"Мемлекеттің бұл тұрғыдағы ұстанымы түсінікті. Әуелі әлеуметтің әлсіз топтарына кепілсіз несиелерін өтеп бердік. Ал жұмыспен қамту бойынша бірнеше бағдарлама, түрлі несиелер бар. Осындай қолдау тұрғанда несиесіз-ақ өмір сүруге болады деген ұстаным бұл. Менің пайымыма салсаңыз, өткен жолы несиесінің бір бөлігі кешірілген 5 санаттың өкілдері осы жол несие алу мүмкіндігінен айырылатын болуы керек", – деген болжам айтады. 

Мақсат Халық өз-өзін жұмыспен қамтушылардың табысы төмен тобын жұмыссыздар қатарына енгузізуі шарасы аяқсыз қалғанын айтады. 

"Біздегі өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарына 2 миллионнан астам адам кіреді. Соның  тең жарымы өзін-өзі қамтамасыз ете алмай отыр. Оларды да жұмыссыздар қатарына қосу керек. Осы мәндегі шешім шығарылғанымен жұмыссыздардың үлесі 3,4%-дан асқан жоқ. Яғни шешім әлі іске асқан жоқ деген сөз", – дейді ол. Экономистің ойынша, мемлекет халықты жұмыспен қамту барысында "біз ұсындық, ол  бас тартты" деген сылтауға сүйенбеуі керек. 

"Мемлекет ұсынған жұмыстан бас тарту деректерін алға тартып, халықты масылдыққа айыптау да дұрыс емес. Масылдық бар болса да аз. Керісінше мемлекеттік бардарламалардың, ашып отырған жұмыс орындарының тиімсіздігі  басым. Өйткені біздегі жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыға алаңсыз күн көру қиын. Еуропа елдерінде жұмыссыздарға кемінде 500 доллар ақшалай көмек төленеді. Ондағы жұмыссыздарды масыл деп айтуға болады. Ал бізде жағдай басқаша", – дейді маман.

Сөз соңында Мақсат Халық несие нарығын сауықтыруды алғашқы қадамы заңсыз жолмен жұмыс істейтін ойыншыларды аластаудан басталу керек деген түйін айтты.

"Көлеңкелі несие жолдарын жабу керек. Процентпен ақша берушілер мен Ұлттық банк лицензиясын алмаған несие ұйымдарының қызметіне сұраныс артуы мүмкін. Бұған дейін кейбір банк менеджерлері қолдан құжат жасау арқылы несие рәсімдеуді әдетке айналдырған болатын. Сол заңсыздық та қайта өршуі мүмкін.  Осының бәрі болмау үшін әуелі Ұлттық банк мамандары мен Әділет министрлігінің өкілдері несие нарығын заңсыз ойыншылардан тазартуы керек", – деп түйіндеді сарапшы.

Есімжан Нақтыбайұлы  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу