Соңғы кездері экономистер, сарапшылар "биыл дүниежүзілік экономикалық дағдарыс болуы мүмкін" деп дабыл қағуда. Жаңа дағдарыстың ошағы ретінде корпоративтік қарызы айтарлықтай өскен Қытай айтылуда. Осының анық-қанығын білу үшін экономист Мақсат Халықпен хабарласып, сарапшының пікірін білдік.
– Қытайда қаржы дағдарысы басталатыны айтылуда. Сіздің ойыңызша дағдарыс бола ма?
– Әлем экономикасында дағдарыс болуы мүмкін деген болжам бар. Дағдарыс тек Қытайға ғана қатысты айтылып отырған жоқ. Жалпы, бұл болжам негізсіз емес. Өйткені, әлем экономикасының өсімі 2019 жылдың қорытындысы бойынша да тежеліп отыр. Сонымен қатар, өткен жылғы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы да әлем экономикасының дамуын 0,8%-ға тежеді. Себебі, бұл екі үлкен экономикадағы өзгерістер әлемдік экономиканың қарқынына тікелей әсер етеді.
Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк сынды ұйымдардың зерттеулеріне қарасақ та, әлем экономикасы тежеле бастағанын байқауға болады. Осы ұйымдардың пайымынша, әлем экономикасы 3%-дан аспай, шамамен 2,9%-ға дейін ғана өседі деп күтілуде. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмен. Атап айтқанда, 2007-2009 жылдары орын алған дүниежүзілік қаржы дағдарысынан кейінгі ең төмен болжам осы. Яғни, сол дағдарыс екінші толқын ретінде қайталанып келуі ғажап емес.
– Келе жатқан дағдарыстың түпкі себебі неде? Қазақстанға әсері қандай болмақ?
– Бүгінгі таңда әлемдегі ең негізгі мәселе – елдердің протекционистік саясат ұстана бастауында болып отыр. Бұрындары интеграция қажет, "бірігейік" деген ұстаным басым еді, қазір бәрі керісінше.
Әлемдік экономиканың құбылуы, Қытай экономикасының нашарлауы, Американың өзінің ішкі нарығын ойлаудағы протекционистік саясаты, сондай-ақ, Британияның Брексит арқылы Еуропалық Одақтан шығып отырғандығы, барлығы жинала келе Еуропалық аймақтың дамуын тежейді. Ал, Еуропалық Одақ бірінші кезекте, Қазақстанның бас серіктесі. Ол елдердің экономикасы әлсіресе, біздің тауарларымызға сұраныс азайып, экономикамызға кері әсер етеді. Тура сол сияқты Қытай да, АҚШ та, Ресей де біздің ірі серіктесіміз.
Қазақстан экономикасы "микро" экономика саналады. Өйткені, Қазақстанда 18 миллион ғана халық тұрады. Тек 18 миллион адам тұтынатын тауар, азық-түлік, қаражат қажет. Бұл көп емес. Сондықтан, әлемде қандай да бір келеңсіз жағдайлар орын алса, біздің шағын экономикамызға салқыны тиіп кетуі мүмкін. Ондай болжамды жоққа шығаруға болмайды.
– Қазақстан үшін дағдарыстан қорғану, экономикалық қиыншылықтарға төтеп беру жолдары бар ма?
–2007-2009 жылдары болған дүниежүзілік қаржы дағдарысы кезінде мемлекетіміз "Бес батыл қадам" деп аталатын бағдарлама әзірлеген болатын. Соның негізінде ұлттық қордан 10 млрд АҚШ долларын бөліп, қаражатты сол қаржылық дағдарыстан шығу мақсатында пайдаланды. "Бес батыл қадам" оң нәтижесін берді.
Ал бүгінгі күні Ұлттық қордан қаражат алуға мемлекет қаншалықты дайын? Бұл – өзекті мәселе. Өйткені, 2014 жылдан бері Ұлттық қордан қаражат алуды арттырдық. Ол жылдары Қазақстан экономикасы қиындықтарға тап болды, стагнацияға түсті. 2015-2016 жылдары экономикалық өсім 1% ғана болды. Сол кезде Ұлттық қордан трансферттік аударымдарды ұлғайттық. Қазір де Ұлттық қордан қаржы бөлуді жалғастырып келеміз.
Әлемдік дағдарыс факоры орын алған кезде мемлекет өзінің экономикалық саясатта ұстанған негізгі бағытынан айырылып қалып жатады. Мысалы, 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кесірінен қаржы тапшылығы орын алып, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруды аяғына дейін жеткізе алмай қалғаны айтылды. Сол себепті, бұл бағдарлама 2015 жылы аяқталмайтыны түсінікті болып, 2013 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2015 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді.
Айтқым келетіні, әуелі мемлекет әлемдік дағдарысты себеп қылып экономиканы әртараптандыру, нақты секторды дамыту мен өндірісті жаңғыртуды тоқтатпауы керек, әрі сервистік, экономикалық-инновациялық әрекеттер мен бағыттардан да айырылып қалмау маңызды.
Екінші, шетелдік тікелей инвестицияларды көптеп тарту қажет. Елде тұрақтылық болып, әрқашан заңның үстемдігі орын алса, сыбайлас жемқорлық аз болса, әлемдік инвесторлар осындай өлшемдер мен шарттарды жоғары бағалайды. Осындай критерилер арқылы алға жылжысақ, әрине инвестиция тарту мүмкіндігі артады. Бұл да дағдарысқа төтеп беруге септігін тигізеді.
Шетелдік инвестицияны біз тәуелсіздік алған кезден бері көбінесе шикізаттық секторға тартып келдік. Нақтырақ айтсам, елімізге 320 млрд доллар инвестиция тартылған екен. Соның 90%-ы шикізаттық секторға аударылған. Инвестицияны осылай көптеп тарту қажет, бірақ шикізаттық емес, нақты өнеркәсіп саласына тарту керек. Сол кезде ғана ұлттық экономиканың жаңа моделі қалыптасады. Егер ішкі өндіріс мықты болса, ел экономикасы қандай да бір сыртқы өзгеріске төтеп бере алады. Ал қызмет көрсету саласының, адами капталдың әлеуеті мықты болса, әрине, кез келген жағымсыз факторға қарсы тұру қабілетіміз артады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Нұржан Көшкін