Мерзімі кешіктірілген кредиттердің көлемі қысқарды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10420

Қарыз портфелі 43,6 млрд теңгеге өсті. 

Мерзімі кешіктірілген кредиттердің көлемі қысқарды

Тұтыну несиесінің көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29% -ға көп көрсеткіш.

Несие нарығында жеке тұлғалардың белсенділігі байқалады. Борышкерлер қарыз алу қарқынын бір жылда 21,7%-ға ұлғайтқан. Азаматтардың басым бөлігі тұтынушылық несие рәсімдеген. Олар тұрмыстық техниканы, киімді және жиһазды қарызға алған. Сөйтіп тұтыну несиесінің көлемін сөз басында тілге тиек етілген санға жеткізген.

Естеріңізге салайық, еліміздің 19 екінші деңгейлі банкі кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдейді. Оның тоғызы тұтынушылық несиені жеңілдетілген тәртіппен береді. Яғни қосымша құжат талап етпейді. Қарыз алушының тұрақты жұмысы мен айлық жалақысы бар екеніне көз жеткізсе, қалаған сомасына, қалаған затын сатып алуға жағдай жасайды.

Тап қазір АТФБанк, ForteBank, Банк ЦентрКредит клиенттеріне 7 млн, ал Jýsan Bank, Bank RBK және Сбербанк 6 млн теңге кепілсіз тұтынушылық несие ұсынып жатыр. Аталған банктердің жылдық тиімді мөлшерлемесі

17,2%-дан басталып, 24,6%-бен аяқталады.

Қаржы институттары қарызды 60-84 айға береді. Ерекше атап көрсетерлігі екінші деңгейлі банктер қарыз берген кезде клиенттің несие тарихына қарайды. Қаржы институттары өздерінен жалақы алатын клиенттерге оң қабақ танытады. Тіпті оларға елден бөлек "жалақы" жобасын ашып қойған.

Тамыз айында екінші деңгейлі банктердегі токсинді кредит көлемі қаңтар айымен салыстырғанда 4,9%-ға қысқарды. Ал қарыз портфелі жыл басынан санағанда 43,6 млрд теңгеге өсті. Осылайша банктердің портфеліндегі өтеу мерзімі кешіктірілген кредит көлемі 9,2%-дан 8,4%-ға қысқарды.  

1 тамыздағы дерек бойынша, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі" жеке жинақ сомасы 697,3 млрд теңгеге жетті. Аталмыш банктің депозитіндегі жеке жинақ сомасы есептік кезеңде 15,6%-ға өсіп, 767,9 млрд теңгені құрады. Bank RBK бұған дейінгі көрсеткішін 22,3%-ға арттырып, қарыз алушыларға 328,5 млрд теңге үлестірді. "Сбербанк" халықты несиелендіруге 1,38 трлн теңге жұмсады. Еurasian Bank несие рәсімдеу көрсеткішін 3,8%, Jýsan Bank 43%-ға құлдыратып алды. Ал Kaspi Bank-тің депозиттегі жеке жинақ сомасы 14,2%, ForteBank-тің депозиттегі қаржысы 9,5%-ға ұлғайды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу