Банктер қытай көлігін шығаратын отандық зауытқа кредит бермеуде

14627

Несиеге көлік алғысы келетіндер дүрлігуде. 

Банктер қытай көлігін шығаратын отандық зауытқа кредит бермеуде

2020 жылдан бастап, еуразиялық одақтың келісімі күшіне еніп, Армения, Қырғызстан және Моңғолиядан арзан көлік айдап әкелудің жолы түпкілікті кесілгеннен кейін қазақстандықтар отандық көліктерге назар аудара бастады. Өйткені оларды жылдық 4% (тиімді мөлшерлеме 4,1%) ставкамен арзан несиеге алуға болады.

Алайда екінші деңгейлі банктер Қостанай облысында орналасқан "Сарыарқа автоөнеркәсіп" автозауыты шығарған көліктерге несие беруден жаппай бас тартып жатыр. Оның орнына коммерциялық банктер тек өскемендік "Азия Авто" баптаған "темір тұлпарларды" несиелеуге дайын екендерін мәлімдеп, соларды ұсынатын болған.

Бұл кәсіпорын – өзге брендтер сыртында, қытайлық аса ірі автозауыт өнімдерін құрастырады. Осыған орай, әлеуметтік желілерде "бұл шектеу оның ҚХР-дан Қазақстанға көшірілген 55 кәсіпорынның бірі болуымен қатысты" деген де болжам жасалды.

2019 жылғы қыркүйекте Үкімет басшысының орынбасары болған кезде Жеңіс Қасымбек осы туралы мәлімдеме де жасаған: "Мысалы, Қытайдың JAC автокөліктерін құрастыратын "Сарыарқа автоөнеркәсіп" компаниясы қызметкерлерінің 100 пайызы – қазақстандықтар. Бұл компания Қытайдың Ресей мен Беларуське шығатын алаңына айналды", – деді Жеңіс Қасымбек.

"Мен осы жылғы қаңтар айында елде жүріп жатқан жеңілдікті автонесиелендіру бойынша қазақстандық машинаны сатып алғым келді. Сондықтан "Халық банкіне" бардым. Маған "Сарыарқа автоөнеркәсіп" жасайтын Хюндай Акцент ұнады. Бірақ банк бұл зауыт өніміне кредит беруден бас тартты. "Азия Авто" көліктері моделінен таңдаңыз деп отыр банк қызметкері. "Сбербанкке" барсам, ол кез келген автонесие беруді тоқтатқанын айтады. ВТБ банкінде де "Халық банкінде" айтылған әңгімені естідім", – дейді Атырау қаласының тұрғыны Ғали Тілеуғалиев.

Бірақ автосалондарда Қостанайдағы зауыттың өнімдері еркін сатылуда, ешқандай тапшылық байқалмайды. Сонда мұның себебі неде?

Бұл түйткілдің Қытайға еш қатысы жоқ болып шықты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың түсіндіруінше, қостанайлық зауыт белсенділік танытып, бюджеттік ақшаны толық игерген.   

Оның мәліметінше, жеңілдікті автонесиелендіру бағдарламасы аясында қаражат отандық өндірушілер мен екінші деңгейлі банктер арасында былтыр үлестірілді. Қазіргі кезде Қазақстан аумағында жеңіл автокөліктерді "Азия Авто" АҚ-ы және "Сарыарқа автоөнеркәсіп" ЖШС құрастырады.

"Жеңілдікті автонесиелендіру үшін 2015 жылдан 2019 жыл аралығында бюджеттен жалпы сомасы 42 млрд теңге бағытталды. Осы қаражаттың 21,7 млрд теңгесі "Сарыарқа автоөнеркәсіпке", ал 20,3 миллиарды "Азия Автоға" берілді. Өткен жыл қорытындысында барлық қаражат толық көлемде игерілді. Бүгінде "револьверлік" тәсілмен қаржыларды қайталай игеру жүруде", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның мәліметінше, 2020 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша осы кезге дейін Қазақстан азаматтарына 56,03 млрд теңге несие берілген. Ол сомаға қазақстандықтар 12 мың 906 отандық автокөлікті кредитке сатып алды.

Жұртшылықтың елімізде жасалған жеңіл машинаны кредитке алу мүмкін болмай жатқанына қатысты шағымына түсініктеме берген министр халықты сәл шыдам танытып, күте тұруға шақырады.

"Өйткені бұған дейін қолданыста болған бағдарлама сыртында 2019 жылы Ұлттық банк жеңілдікті автонесиелендірудің төл бағдарламасын іске қосқан болатын. Оны қаржыландыру биылға қарастырылды. Бұл бағдарлама аясында бес жыл бойы, яғни 2024 жылға дейін жыл сайын 20 миллиард теңге бөлініп отырады деп жоспарланған", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Ол Ұлттық банк бағдарламасы бойынша жеңілдікті автокредиттеуге 2020 жылдың І тоқсанында қаражат траншы банктерге аударылуға тиістігін хабарлады.   

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу