Кредиттің шекті пайыздық мөлшерлемесі төмендетілмейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11661

Борышкердің несие тәуекелі банк маржасында көрініс табады.

Кредиттің шекті пайыздық мөлшерлемесі төмендетілмейді

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің ел азаматтарының ипотекалық, тұтынушылық кредиттерінің, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнес өкілдеріне беретін қарызының шекті пайыздық мөлшерлемесін 7-8% төмендету туралы ұсынысын қолдамады.

Естеріңізге салайық, қазан айының басында Азат Перуашев адамдарға несие рақымшылығын жасау олардың берешекке батуының себебін түбегейлі шешпейтінін тілге тиек етіп, жағдайды жақсарту үшін Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі базалық мөлшерлемені төмендетіп, екінші деңгейлі банктерге жоғары пайыздық мөлшерлемемен несие беруіне тыйым салуға тиіс екенін айтты.

"Ел азаматтарына берілетін кез келген қарыздың мөлшерлемесін 7-8%-дан асырмау керек. Сонда халық кедейліктің қамытын кимейді. Осыған дейінгі несие рақымшылығы мәселені шешкен жоқ. Былтыр мемлекет халықтың 106 млрд теңге қарызын жауып берсе де, адамдар несие алуын тоқтатқан жоқ. Халықтың несие алуына тыйым салу мүмкін емес. Адамдарға несиенің шекті  пайыздық мөлшерлемесін төмендету арқылы ғана көмектесуге болады", – деді депутат.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, несиенің пайыздық мөлшерлемесіне қорландыру құны тікелей әсер етеді. Тартылатын ресурстардың құны бәсекелестікке, макроэкономикалық ортаға және орталық банктің базалық мөлшерлемесіне тәуелді болады.

"Банктерді ұзақ және тұрақты түрде қорландырып отыру үшін депозит мөлшерлемесі инфляция деңгейінен жоғары болуға тиіс. Бұл – жинақтардың сақталып тұруының кепілі. Базалық мөлшерлемені инфляция деңгейінен төмендетсек, теңгемен саудаланатын активтердің тартымдылығын жоғалтамыз. Сөйтіп, қаржы жүйесін тұрақсыздандырамыз", – деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк төрағасының түсіндіруінше, базалық мөлшерлеме деңгейіне несие тәуекелі тікелей ықпал етеді.

"Қарыз алушылардың несие тәуекелі  – базалық мөлшерлеменің төмендеуін тежейтін негізгі факторлардың бірі. Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда адал қарыз алушылар аз. Салдарынан қарызды қайтармау деңгейі жоғары. Бұған несие төлеу тәртібінің нашарлығы, қарыз алушылардың басқа қарыз жүктемесінің болуы, кәсіпорындар арасындағы инвестициялардың өтімділігі мен кірістілігінің жеткілікті деңгейде болмауы сияқты факторлар себеп болып отыр. Айналып келгенде қарыз алушылардың несие тәуекелі банк маржасында және жоғары пайыздық мөлшерлемеде көрініс табады", – деді Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, несиенің пайыздық мөлшерлемесі несиелеу құнына, яғни несиеге беруге жұмсалатын шығын мен банк маржасына әсер ететін операциялық шығындарға да тәуелді.

"Несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесін әкімшілік ресурс арқылы 7-8% төмендетуге болмайды. Себебі белгіленетін мөлшерлеме банктердің  мойнына алатын тәуекелінің орнын толтыра алмайды. Несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесі жасанды түрде төмендетілсе, банктердің тәуекелін арттырып, активтердің сапасын нашарлатады. Несие беру ұсынысын шектейді және қаржылық тұрақтылыққа кері әсер етеді. Несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін несие тәуекелін туғызатын мәселелерді шешу қажет. Бұлардың негізін корпоративті басқару сапасының төмендігі, экономикада мемлекет үлесінің басым болуынан жеке сектордың ығысуы және фискалдық тәртіптің төмендігі құрайды", – деді Ерболат Досаев.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу