Бүлінген кредит тарихын тез түзеу тетігі енгізілуде

9769

Мәдина Әбілқасымова агенттігі реабилитациялауға кіріспек.

Бүлінген кредит тарихын тез түзеу тетігі енгізілуде

Қазіргі заман – несие заманы. Жұрт бұрынғыдай көрші-қолаң, жора-жолдастан қарыз сұрап, кейін қайтара алмай, қарабет болмайды. Адамдар бірден банкке не микроқаржы ұйымына кепілсіз несие алуға жүгіреді. Алайда егер несие тарихыңыз төленбеген берешекпен былғанған болса, олар тегіс бас тартып, есікті көрсетеді.

Осы орайда "исправлю вашу негативную кредитную историю" деген хабарландыруды кездестіруге болады. Әрине, ол қызмет тегін емес, қомақты қаржыны талап етеді. Оның үстіне артында алаяқтар тұруы мүмкін. Бұдан былай түзетуді кез келген қазақстандықтың өзі-ақ іске асыра алады. Бір шарт бар: берешегіңізді бәрібір өтеуіңіз керек. Содан кейін кредиттік тарихыңыз бірден "тазаруы" керек.

Аталған шешім Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының "ҚР кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" қаулысының жобасында қарастырылған.

Құжатқа сәйкес, кредиттік бюро 90 күннен астам уақыттан бері төлемі төленбеген кредиттер туралы есепте 2 жағдайда "реабилитацияланған" ("оңалтылған") мәртебесін тағайындайтын болады.

Біріншіден, борышкер кредит бойынша берешекті өтегеннен кейін.

Екіншіден, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы №188 қаулысына сәйкес кредиттік тарих субъектісі, яғни жеке тұлға оңалту жоспарын орындағаннан кейін.

Агенттіктің Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциалдық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың түсіндіруінше, "оңалтылған" мәртебесін иелену мүмкіндігі бұған дейін де болды. Нақтылай кетсек, қаржылық реттеу агенттігі басқармасының биылғы 22 наурыздағы қаулысымен, 2020 жылғы 30 наурыздан бастап теріс кредиттік тарихты түзеу тетігі қарастырылған. Бірақ ол мәртебені алу біршама күрделі болды әрі мерзімі ұзаққа созылатын.

Мысалы, наурыздағы қаулы бойынша біріншіден, азамат кредитінің барлық берешегін өтегеннен кейін мұндай мәртебеге қол жеткізу үшін тағы 1 жыл бойы күтуі керек-тін.

Екіншіден, кредитін қайта құрылымдаған (реструктуризация) немесе қайта қаржыландырған адам сол берешегі сомасының 50%-дан астамын төлесе және содан бері төлем төлеуді кешіктірмесе, онда 12 ай өткеннен кейін ғана "реабилитацияланады".

Енді рәсім әлдеқайда жеңілдетілмек: бір жыл күтпейді, өтесе, бірден әлгі мәртебені иеленеді.

Қаржылық реттеушінің мәліметінше, бүгінде проблемалық қарыздары бар қарыз алушыларды оңалту алгоритмі әзірленуде.

"Бұл құжат ел Үкіметі биыл бекіткен Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында қолға алынып отыр. Ол мерзімі өткен берешегі бар қазақстандықтардың кредиттік тарихын қалпына келтіру мақсатында әзірленді. Қаулы жобасына сәйкес, кредиттік бюро мерзімі өткен берешекті өтеген немесе кредит беруші банк жасаған оңалту жоспарын орындаған қарыз алушының кредиттік есебінде "оңалтылған" мәртебесін көрсетуге міндеттеледі", – деді Дәурен Сәлімбаев.

Оңалтылған мәртебесінен банктік заемдары және микрокредиттері бойынша қарызы бар барлық азаматтар үміттене алады.

"Кредитке "оңалтылған" мәртебесін берген кезде кредиттік бюро кредит есебінде несиенің мерзімі кешіктірілген күндерінің саны туралы мынадай ақпаратты көрсетеді: 1) кредитті қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру кезінде – кредитті қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру күнінен кейін туындаған мерзімі өткен күндердің саны; 2) өзге жағдайларда – "0" мөлшерінде", – делінген жаңа қаулы жобасында.

Қарапайым тілмен айтқанда, берешегін өз бетінше өтеу нәтижесінде реабилитацияланған борышкердің кредиттік есебінде "несиенің мерзімі кешіктірілген күндерінің саны" деген графада нөл саны тұрады.

Қаржыгер Ерасыл Марат бұған дейін азаматтар кредит тарихын жақсартудың басқа схемасын қолдануға мәжбүр болғанын еске салады.

"Адамдар ақыл сұрап жүгінгенде, оларға мына тәсілді ұсынатынбыз. Мысалы, жарлы баласы Үсен банктен шамалы несие алып, уақытында төлемеді делік. Төлеу мерзімі 90 күннен асып кетеді, заемы NPL-ге айналады. Үлкен айыппұлдар, комиссиялар қосылып, ұлғаяды. Дегенмен Үсен ақылды адам, білікті маман болғандықтан тер төгіп, табыс тауып, ақыры оның бәрін жапты. Келесі жолы бизнес ашуға, тұрғын үй алуға не басқа мақсатқа қомақты несие алу қажет болды. Бірақ банктерге барса, олар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай бәрі бас тартады. Ірі МҚҰ-лар да қарыз беруден ат-тонын ала қашады. Неге? Кредиттік тарихы бүлінген. Қаржылық реттеушінің талабы бойынша кем дегенде 100 млрд теңге активі бар кез келген банк тарихы жаман тұлғаға өз активінің 0,01 пайызынан, яғни 10 миллион теңгеден асатын көлемде несие бере алмайды", – деді қаржыгер.

Сонда не істемек керек?

"Содан Үсен тұрмыстық техниканы несиеге беретін дүкендерді аралап, келіскен бірінен қандай да бір тауарды кредитке рәсімдейді. Оны төлеу кезінде тағы да бір тауарды несиеге алады. Екі кредитін де уақытында төлеп тастайды. Осыдан кейін банктердің көбі Үсен сұраған үлкен сомадағы кредитті қуана-қуана береді. Себебі, кредиттік тарих түзетіледі", – дейді Е.Марат.

Мұның бәрі ұзақ уақыт алады әрі көп жүгірісті қажет етеді. Мәдина Әбілқасымова агенттігі жаңа қаулыны қабылдағаннан кейін қазақстандықтарда қосымша несие алмай-ақ, төл кредит тарихын тез арада түзетудің жақсы мүмкіндігі пайда болмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу