Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова елімізде сақтандыру секторы ауқым алып, өркен жайып бара жатқанын қуана хабарлады.
Оның айтуынша, былтырғы 2020 жыл қорытындысында өмірді сақтандырушы компаниялармен арада 1,8 миллион қазақстандық шарт жасасыпты! Бұл ел тарихындағы кезекті рекорд саналады.
"Бүгінгі күні өмірді сақтандыру айтарлықтай танымал болуда. Себебі ол мүліктік мүддені қорғап қана қоймай, сонымен бір мезгілде жинақ жинау құралына айналды. COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемде өмірді сақтандыру қызметіне сұранысты арттырды. Біздің еліміз де бұл қызметтен сырт қалмады. Біздің агенттіктің деректері бойынша қазақстандықтар өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялармен 2021 жылдың басынан бері 341 мың шарт бекітіпті. Өмірді сақтандыру нарығы бойынша ақша айналымы 2020 жылы 197,9 миллиард теңгені құрады. Ал 2021 жылғы екі айда ғана 46 миллиард теңгеден асты", – деді агенттік төрайымы.
Оның байламынша, өмірді сақтандыру адамның өзі мен жақын-жуықтарын ауру немесе жазатайым оқиға сияқты алдын ала болжап білуге болмайтын не бақылауға көнбейтін жағдайлардың салдарынан қорғауға мүмкіндік береді екен.
"Ондай оқиғалар отбасы бюджетіне әсер етуі және ауыр өмірлік жағдайға тап келтіруі мүмкін. Өмірді сақтандыру осындай ауыр тәуекелдерден болатын салдарды әлсіретіп, өзіңіз немесе жақындарыңыз үшін "қауіпсіздік жастықшасын" жасауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өмірді сақтандырудың жекелеген өнімдері банк депозиттері сияқты ақшаны жинақтауға және көбейтуге мүмкіндік жасайды. Сақтандыру нарығы ұсынып отырған сақтандыру қаражатты ұзақ мерзімді мақсатқа, мысалы, балалардың оқуына жинақтауға мүмкіндік береді", – деп жарнамалады М.Әбілқасымова.
Қаржылық реттеуші орган басшысы біраздан бері сақтандыру компанияларының өнімдерін дәріптеп, насихаттап келеді. Мысалы, ол ресми блогы арқылы халыққа банктердегі депозиттермен шектеле бермей, сақтандыру өнімдерін пайдалануды ұсынады.
"Өмірді жинақтаушы сақтандыру – бұл банк депозиттеріне балама құрал. Сақтандырылған адам жинақтау кезеңінде еңбекке қабілетін жоғалтқан немесе қайтыс болған жағдайда сақтандыру бөлігі іске қосылады және оның мұрагері 5 не 7% мөлшерінде жыл сайын есептелетін мемлекеттің сыйлықақысын ескере отырып, сақтандыру төлемін толық көлемде алады. Ал егер сақтанушыға қатысты ештеңе болмаса (аман қалса), онда жинақтаушы бөлік іске асырылады және клиент оның қаражатын инвестициялаудан түскен кірісті және мемлекеттен алған сыйлықақыны ескере отырып, өз жинағын кері алады", – деді Мәдина Әбілқасымова.
Алайда сақтандырушы компаниялар өз табысының едәуір бөлігін бұдан емес, мүлдем басқа жақтан табады.
"Шұғыл қаржы қажет болып, Ақмола облысының Астрахан ауданында банктердің бірінен 48 айға 1,9 миллион теңге қарыз алуға тура келді. Заемды рәсімдеу кезінде банк қызметкерлері міндетті түрде өмірімді сақтандыруға тиістігімді ескертті. Онсыз несие бермейді. Амалсыз көндім. Банк атаған сақтандырушы компанияда өмірді және жазатайым жағдайлардан сақтандыру келісімшартын бекіттім. Ол маған 547 мың теңгеден астам сомаға түсті. Ол да несие құрамына қосылды. Бұл енді масқара! Неге билік осы саланы тәртіпке келтірмейді? Банктер сақтандыру компанияларымен ымыраласып, удай қымбат қызметтерін таңа беруін тыймай ма?!" – деп ашынады Гүлнәз Б.
Владислав Викторов те ұқсас жағдайға тап болған.
"Еуразиялық банкте 4 миллион теңге кредит алдым. Мені өмірімді және денсаулығымды сақтандыру шартына қол қоюға міндеттеді. Оның сомасы аса қомақты – 708 мың теңгені құрады. Менеджер сақтандырусыз кредитті мақұлдамайтынын және бермейтінін айтты. Салдарынан банктен өзіме керек 4 миллионды емес, 4 708 000 теңге қарыз алуға тура келді. Қазір соны төлеп жатырмын", – деп қапаланады ол.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің мәліметінше, агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті тұтынушылардан келіп түскен шағымдарға ден қойды.
"Агенттіктің Алматы бойынша департаменті монополияға қарсы заңнаманы бұзу бөлігінде "Еуразиялық банк" АҚ-ына қатысты тергеу жүргізді. Тергеп зерттеу нәтижесінде анықталғандай, тұтынушылар заем алғанда аталған банк оларға өмірді және жазатайым оқиғалардан сақтандыру қызметін таңып келген. Зерттеу барысында банктің сақтандыру қызметтерін мәжбүрлеп таңу фактісі дәлелденді, шағымданушы аудио және видеоматериалдарды ұсынды. Нәтижесінде, банк әкімшілік жауапкершілікке тартылды. "Еуразиялық банкке" бәсекені қорғау саласындағы заңнаманы бұзуын тоқтату және оған бұдан былай жол бермеу туралы ұйғарым берілді. Әкімшілік іс материалдары әзірге заңды күшіне енген жоқ және сотта қарсы шағым келтіру сатысында тұр", – деді агенттік төрағасы.
Ол арызы бар клиенттерге өз құқықтарын қалпына келтіру үшін Қаржылық реттеу агенттігіне не сотқа жүгінуге кеңес берді.
Осы орайда ханымның "егер сақтанушыға ештеңе болмаса", сақтандыру қаражаты кері қайтарылатыны туралы Мәдина Әбілқасымованың сөзі еске түседі. Қайтармайды екен.
"Мен "Алтын банкте" салмақты сомада тұтынушылық кредит алдым. Соны рәсімдеу барысында қомақты көлемде өмірді сақтандыру сомасы несиеден шегіріліп тасталды. Яғни, сонша қаражат қолға берілмеді, бірақ оны да өтеуге тура келді. Қолыма 5 жылға арналған сақтандыру полисі берілді. Кредитті мерзімінен бұрын өтеп тастадым. Содан кейін сақтандыру қаржысын қайтарып алайын деп банкке жүгінсем, менеджерлер оның бәрібір қайтарылмайтынын ескерте келе, сақтандыру компаниясынан нақтылауды ұсынды. Сақтандыру компаниясының байланыс орталығына хабарластым. Олар Азаматтық кодекстің баптарына сілмесе жасап, сақтандыру қаражатын қайтарудан бас тартты", – дейді Ержан Ералы.
Қаржылық реттеу агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев сақтандыру сомасын қайтармау шағымына орай осы банкке қатысты да құжат жүзіндегі тексеруге бастамашы болғандарын хабарлады. Алайда соның нәтижесінде алынатын мәліметтер банк құпиясына жатады екен. Сондықтан ашық жариялай алмайды. Тек тексеріс нәтижесі "Алтыннан" несие алған шағымданушы азаматқа жеке хабарланатын көрінеді.
Жанат Ардақ