Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов орталық коммуникациялар қызметінде ауыл шаруашылығын дамыту үшін заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап егіс алқаптарын сақтандыру міндеті жойылады. Бұл шара жер иелерінің еркіне қалдырылмақ. Егер егіс науқанын сақтандырғысы келсе, қандай компаниямен жұмыс істейтінін шаруаның өзі таңдайды.
"Өсімдік шаруашылығын сақтандыру тәртібі өзгертіледі. Қолданыстағы тәртіп ескірген. Оның қолайсыз болғаны сонша, тіпті сақтандырушы компнаниялар егіс даласын тастап шықты деуге болады. Сондықтан, ерікті сақтандыру формасы енгізіледі. Сақтандыру сыйақысының жартысын мемлекет төлейді. Бұрын бұл өтем сақтандырушы компанияға бағытталса, енді жер иесіне төленеді", – деді министрлік өкілі.
Рүстем Құрманов сақтандыру құны қымбаттайтынын ескертті. Оның сөзіне сенсек, бұл ең әуелі жер иелеріне тиімді болмақ.
"Әр облыс бойынша сақтандыру нормативтері әртүрлі. Осыған сәйкес, сақтандыру пайыздары да әртүрлі болады. "Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру" заңы бойынша бір гектарға орта есеппен 80-120 теңге тариф белгіленіп келген болатын. Егер егін толық өнбей қалған кезде Солтүстік Қазақстанның диқандары 3000-4000 теңге ғана алатын. Яғни шығын мүлде қайтпайтын. Ал ерікті сақтандыру бойынша нарықтық тариф енгізуді ұсынып отырмыз. Сақтандыру компаниясы әуелі барлық тәуекелдерді ескеретін болады. Болжамды есептер бойынша солтүстік өңірлерде бидай алқабын сақтандыру тарифі әр гектарға орта есеппен 1000-1500 теңге болуы тиіс. Мұндай жүйе бойынша жер иесіне тарифтің тең жартысын мемлекет төлейді. Яғни, сақтандыру компаниясына әр гектар үшін 1500 теңге төлесе, мемлекет соның 750 теңгесін қайтарып береді. Ал егін түгел шықпай қалса, әр гектар бидай алқабы үшін фермер сақтандыру компаниясынан 30 мың теңге өндіріп алады. Бірақ ол үшін диқан егіс алқабын сақтандыру керек. Сақтандырмаған болса, тәуекелді өзі көтереді", – деді ол.
Заңдағы өзгертулер аграрлық ғылымның дамуына да бағытталып отыр. Егер бизнес ғылыми зерттеу жұмыстарына ақша салса, ол шығынның 80%-ын мемлекет өтеп береді.
"Бұл норма субсидиялау тәртібі бойынша жүзеге асады. Осы тәртіп бойынша ғылыми жұмысқа ақша салған фермер өзінің шығынын өтеп беру туралы өтінім бере алады", – деді Рүстем Құрманов.
Есімжан Нақтыбайұлы