"Қырғыздар су бермей жатыр"

2439

Жамбылдық шаруалар ел ішіне жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары Абдалы Нұралиев пен Мұратбай Жолдасбаевке осылай шағымданды.

"Қырғыздар су бермей жатыр" Фото: ratel.kz

Байзақ ауданы Ақшолақ ауылындағы "Аспан-Агро" шаруа қожалығының басшысы Саха Манатов 500 гектар суармалы жерге "Маями" және "Пионер" сортының жүгерісін, тағы 100 гектарға қант қызылшасын еккен екен. Бүгінде алғашқы суаруды аяқтаған, алайда су тапшылығына байланысты екінші суаруды уақытында жүргізе алмай отыр. Бұл жүгерінің сапасына кері әсер етуде. Егер сумен жабдықтау мәселесі шешілмесе, барлық егінді жоғалтып алуы мүмкін.

Диханның сөзіне қарағанда, Қырғыз елі суармалы алқапқа су жіберуді шектеуде. Соның салдарынан Жамбыл облысының шаруалары үлкен шығынға ұшырау қаупі бар. Егер он күн ішінде суармалы су "Аспан-Агро" алқаптарына қажетті көлемде түспесе, оның салдары ауыр болады.

"Біз аудандық, облыстық әкімдіктермен бірлесіп мәселені шешуге әрекет еттік, бірақ әзірге нәтижесіз. Қырғыз елі Киров су қоймасындағы су көлемінің төмендегенін айтады, сондықтан олар оны қажетті көлемде бере алмайды. Енді жамбылдық аграршылар бұл мәселені республика деңгейінде көтеруді сұрайды", – деді Саха Манатов.

Байзақ ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлібек Қуанышевтің айтуынша, Қырғыз елі биыл суды өте аз беруде.

"Шілде айында суару қажеттілігі ыстыққа байланысты айтарлықтай артады, бірақ біз бұған ештеңе істей алмаймыз. Қазір Байзақ ауданының егістігіне секундына 35-40 текше метр су беру қажет, ал біз 23 текше метрін ғана аламыз. Қант қызылшасы, жүгері, көкөніс және бақша қажетті ылғал алмаса, онда көшет өледі. Әзірге жағдайды айнымалы сәттілікпен шешуге болады. Бұл ұзаққа созылмайды", – деді ол.

Шаруалардың шағымын тыңдаған халық қалаулысы Абдалы Нұралиев Қырғыз елі біз сұраған су көлемін бере алатындығын айтты.

"Бірақ кейін. Қазір суармалы су көлемін тамыз айында іске қосу жоспарланған резерв есебінен ғана ұлғайтуға болады", – деп түсіндірді сенатор.

Ал депутат Мұратбай Жолдасбаевтың мәліметінше, бұрын ауыл шаруашылығын жаңғыртудың тек төрттен бір бөлігі ғана субсидияланған болса, қазір бұл көлем 50 пайызға дейін өскен. Бірақ су тапшылығы мәселесін қазірден бастап шешу қажет.

"Ұңғымаларды бұрғылау және тамшылатып суаруды пайдаланған жағдайда шаруалардың электр энергиясына кеткен шығындарын субсидиялау ұсынылуда. Айтпақшы, мұндай шешім құрғақ аймақтар үшін қолайлы. Егер қазір егістікті суару үшін шартты түрде 14 мың текше метр су қажет болса, тамшылатып суару кезінде бұл сан жетіге дейін азаяды. Суды екі есе үнемдеп, өнімділік ұлғаяды", – деді М.Жолдасбаев.

Меркі ауданындағы "Сыпатай Батыр" ЖШС директоры Қанат Шайхиевты басқа мәселе алаңдатады екен.

"Негізінен қызылша өсірумен айналысамыз. Меркі ауданының Сұрат ауылдық округінде өткен жылы 200 гектарға тұқым тастап, 869 центнерден жинадық. Бірақ, жақсы өнім кәсіпорынның қаржылық жетістігіне кепілдік бермейді. Өткен жылдың күзінде "Меркі қант зауытына" қызылша жеткізуді аяқтадық, алайда әлі күнге өз ақшамызды алған жоқпыз. Биылғы қаңтарда шартқа сәйкес төлем мерзімі аяқталды, яғни алты ай өтті. Зауыт 120 млн теңге қарыз. Жақында егін жинау керек, ал былтырғы төлемді әлі алған жоқпыз. Елуден астам адам еңбек етуде, олар да жалақыларын күіп жүр", – Қ.Шайхиев.

Тараптардың бірі шарттың талаптарын орындамаса, екінші тарап сотқа жүгінуі қажеттігін айтқан сенаторлар қажетті шараларды қабылдап, осы мәселені тез арада шешуге көмектесуге уәде берді. Сонымен қатар биыл коронавирустық пандемияға байланысты барлық ресурс аурумен күресуге жұмсалғанын еске салып, қаржы ағындары әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті.

Әсел Мұратбекқызы


 Telegram каналымызға жазылыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу