Салық кодексіне биыл бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу жоспарлануда. Бұл қандай өзгерістер? inbusiness.kz тілшісі осы және басқа да өзекті мәселелер туралы Uchet компаниялар тобының жетекшісі, қаржы сарапшысы Максим Барышевпен сұхбаттасты.
– Жыл басынан бері салық жүйесіне енгізілген басты өзгеріс – тәуекелдерді бағамдау жүйесі. Соңғы жеті айдың ішінде бұл кәсіпкерлерге қаншалықты пайдалы болды?
– Енді кәсіпкерлерді аяқ астынан келіп тексермейді, оларды тапсырған салықтарының дұрыстығына қарай зерттеп отырады. Мәселен, кәсіп иесі электронды түрде есеп айырысып, оны салық төлеу барысында көрсетпеуі мүмкін. Ал тексеруші органның базасынан бұл мекеменің тәуекелі жоғары болып шығып тұрады. Нәтижесінде салық органдары тексеріс жүргізу керек екенін түсінеді. Ал салықты уақытылы, дұрыс төлейтін бизнесменді ешкім мазаламайды. Менің ойымша, 2018 жылы Салық кодексіне енгізілген ең пайдалы өзгерістердің бірі осы.
– Президент жолдауында айтылғандай, шағын және микро бизнес өкілдеріне тексерістер мен салық төлеуді үш жылға тоқтату жоспарлануда. Бұл кәсіпкерлерге қаншалықты қолайлы?
– Тексерістер мен салық төлеуді шегеру сынды өзгерістер бұған дейін екі рет болды. Нәтижесінде бизнес саны артты. Яғни тексеріс келген кезде кәсіпкер бизнесін ысырып қойып, салық органдары қызметкерлерімен жүруге тиіс. Ал бұл өзгеріс кәсіпкерге емін-еркін бизнесін дөңгелетуге мүмкіндік береді.
– Бұл ретте орта бизнеспен айналысатындар кәсіптерін бірнешеге бөліп, шағын бизнес иесі атанып, салықтан жалтаруға тырыспай ма?
– Бұл жүйенің механизмдері қазір жасалып жатыр. Шамамен бір-екі айдың ішінде дайын болуға тиіс. Әрине, ірі және орта бизнес иелерінің бөлініп кету қаупі бар. Алайда заңға өзгеріс енгізу барысында мұның барлығы ескерілуі керек деп есептеймін.
– Биыл Салық кодексіне 300-ден аса өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Соған сәйкес сіз қандай ұсыныс жасар едіңіз?
– Салық органдарында кодексті екіұшты түсіну деректері бар. Себебі заңды жазу бөлек және оны түсіну бөлек. Сондықтан біз кодексті бірізділікке салу бағытында ұсыныстар дайындаудамыз. Келесі бір ұсынысымыз – көлік логистика саласында жұмыс істейтін компанияларға қосылған құн салығын алып тастау. Одан кейін жуырда талқылана бастаған қозғалтқыш көлемі 3 текше сантиметрге дейінгі көліктерді салықтан босату мәселесі. Жалпы біздің елде заңға кез келген адам өзгеріс енгізе алады. Бірінші, ұсынысын жазады. Кейін ол талқыланады. Одан сәтті өткен ұсыныстар заңға енгізіледі. Біздің мемлекет бұл тұрғыдан өте ашық. Салық заңдарын да ұдайы жетілдіру керек.
– Қосымша құн салығы деп қалдыңыз. Білуімше, еліміздегі 12 % қосымша құн салығы – әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі...
– Қазақстанда қосымша құн салығы –12%. Шынымен, әлемдегі ең төмен көрсеткіш. Көрші Ресейдің өзінде ол – 20%. Ал бізде жеке табыс салығы –10%, тіпті кей кәсіп түрлеріне –5%. Ресейде бұл жеке тұлғалардың табыс салығы деп аталады және 13%-ды құрайды. Сонымен қатар, елімізде салықтық жеңілдіктер қарастырылған арнайы экономикалық аймақтар бар. Осыдан-ақ, Қазақстанда кәсіпкерлерге ыңғайлы бизнес-климат қалыптасқанын түсінуге болады.
– Сарапшылардың пікірінше, шағын және микро бизнестің салық төлемеуі салдарынан бір жылда бюджетке 200 млрд теңге кем түсуі мүмкін. Сіз көлік салығын алып тастау, логистика саласын қосымша құн салығынан босату туралы ұсыныстар жасаймыз деп отырсыз. Бұл өзгерістердің нәтижесінде бюджет айтарлықтай қаржыдан қағылады емес пе?
– Әрине, біз ұсыныс жасаймыз. Бірақ оның барлығы парламентте мақұлданбауы мүмкін. Сондай-ақ, мемлекет осы соманың орнын толтырудың басқа да жолдарын қарастырып жатыр. Яғни, бірі кемігенімен, бірі артады.
– 2020 жылдан бастап патент бойынша жұмыс істейтіндер саны қысқармақ. Мұның экономикаға кері әсері болмай ма?
– Қазір тек бір Алматы қаласында 15 мың адам патент бойынша жұмыс істеп отыр. Бұл салық режимі бойынша кәсіпкер салықты алдын ала төлеп, салық есебін де алдын ала тапсырады. Ал жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкер жартыжылда бір рет 910 үлгісі бойынша тапсырып, әр ай сайын өзіне зейнетақы төлемін жасауы керек. Бұл мәселені қиындатады. Өйткені патент бойынша жұмыс істеп жүрген адамға өзге режимге өту үшін уақыт керек. Әрі алдын ала салық төлемей, жұмыс барысында төлеуі керек. Нәтижесінде патентке үйреніп қалған адамдар көлеңкелі бизнеске кетіп, бюджетке біраз ақша құйылмай қалуы мүмкін.
– 2019 жылдың соңына дейін кәсіпкерлердің барлығы электронды кассалық аппаратқа өтуге тиіс. Бұл өзгерістің басты артықшылығы бизнестегі ашықтық қағидасы емес пе?
– Иә, бизнесменнің табысы мұнда бірден көрініп отырады. Бұл – өте ыңғайлы. Өйткені электронды кассалық аппараттар бұзылмайды. Оны дербес компьютер немесе телефонға орнатсаңыз болғаны. Кез келген тұтынушыңызға электронды чек бере аласыз. Ол да кәсіпкер жұмысын жеңілдетеді.
– Ал қазір тегін электронды кассалық аппарат алуға болады. Оның ақылы кассалық жүйеден қандай айырмашылығы бар?
– Иә, тегін кассалық жүйе іске қосылды. Оның ақылы кассалық жүйеден айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Бірақ ақылы кассалық аппарат алған адамдар сол жабдықты сатып алуға жұмсаған қаржысын салық төлеу барысында қайтарып ала алады. Бұл қалай жүзеге асады? Мысалы, сіз 60 мың теңгеге ақылы кассалық аппарат сатып алдыңыз. 2019 жылдың соңында салық төлеу барысында төлейтін салығыңыздан осы 60 мың теңгені шегеріп тастасаңыз болады. Сонда сіз ақылы аппаратты тегін алған болып шығасыз.
– Мұның барлығы Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында, бәсекеге қабілетті болу үшін жасалып жатқан шаралар деп түсінеміз ғой...
– Дәл солай. Бұл, ең алдымен, Дүниежүзілік сауда ұйымында еліміздің бәсекеге қабілетті болуы және әлемнің дамыған 30 мемлекеті қатарына ену үшін жасалуда.
– Мұны кәсіпкерлерге түсіндіру керек сияқты. Өйткені көпшілігі жаңа өзгерістерді біле бермейді.
– Әрине, ол үшін ақпарат тарату, түсіндіру, тренингтер мен семинарлар өткізу маңызды. Uchet.kz порталы 2006 жылдан бері осы салық жүйесі бойынша тренингтер мен сабақтар өткізіп келеді. 2017 жылы әлемде ең үлкен 35 мың тыңдаушыға вебинарды да өткіздік. Қазір бізде 500-ден аса адам осы Салық кодексі бойынша білім алуда. Оның себебі неде? Әлемде қаржылық есептің халықаралық стандарты бар. Бір ерекшелігі ТМД мемлекеттерінің арасында тек Қазақстанның салық жүйесі бұл талаптар бойынша жұмыс істейді. Сондықтан бізді Ресей мен Өзбекстан салық жүйесі бойынша арнайы дәрістер өткізуге шақырады.
– Әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Құралай Құдайберген