Салық рақымшылығына іліну үшін

5542

ШОБ өкілдері жыл соңына дейін қазынаға 300 млрд теңге аударуға тиіс.  

Салық рақымшылығына іліну үшін

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық жалақысы аз жұмысшыларға салынатын салық көлемі азайып, шағын және орта бизнес өкілдері үшін салық рақымшылығы қолданылады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға бірыңғай жиынтық (БЖТ) төлем деп аталатын салықтың жаңа түрі енгізіледі.

Осының барлығы биыл қабылданған салық кодексінде көрсетілген.  

Айта кетейік, соңғы 9 жылда еліміздің салық кодексі 16 рет өзгертіліп,3 рет қайта жазылды. 2009-2018 жылдар аралығында салық кодексіне 130 өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бұрынғы салық кодексінде 798 бап болған, қолданыстағы құжатта 773 бап бар.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 айлық есептік көрсеткіштен (Келесі жылы бір АЕК  2525 теңге болуы мүмкін. Биыл бір АЕК - 2405 теңгені құрайды – Қ.М) аз айлық алатын адамдар салықты 10 есе аз төлейді. Егер келесі жылы бір АЕК 2525 теңге болып бекітілсе, онда 25 айлық есептік көрсеткіш 63 125 теңге болады. Міне, осы сомаға 1-ақ пайыз салық салынады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес өкілдері осыған дейінгі салықтық берешегінің негізгі сомасын өтесе, өсімпұлдарына рақымшылық жасалады.

Бұл рақымшылыққа мониторингке жататын ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар, акцизделетін өнім өндіретін өндірушілер ілінбейді.

Біле жүріңіз, қазір шағын және орта бизнес өкілдері мемлекетке 300 млрд теңге қарыз. Өсімпұл қосылса, көрсетілген сомма 400 млрд теңгеден асуы мүмкін.

БЖТ-ға келетін болсақ, ол ерікті түрде жасалады. Ол ешкімге, ешқандай міндет жүктемейді. Сәйкесінше, БЖТ жасамаған азаматтар жауапкершілікке тартылмайды.

БЖТ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналғандықтан оның механизмін заңды тұлғалар пайдалана алмайды. Салықтың бұл түрі осыған дейін салық органдарына жарна аудармаған және мемлекеттік жүйеге қатыспаған азаматтардың кәсібін заңдастыруды көздейді. Екіншіден, БЖТ сомасы қалта қақпайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қала тұрғындары 2019 жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш, яғни 2 525 (қазір - 2 405 теңге), ал ауыл тұрғындары 0,5 айлық есептік көрсеткіш – 1 262 теңге төлейді.

"БЖТ ешкімнің қалтасына салмақ салмайды. Оның мөлшері Астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда - 1 АЕК, елдімекендерде - 0,5 АЕК болып бекітілді", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

БЖТ банк кассалары мен терминалдар арқылы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының есепшотына аударылады. Ары қарай тиісінше бөлінеді. Айтпақшы, БЖТ жасайтындарға қойылатын бір талап бар. Бұл төлемді жылдық табысы 100 АЕК-тен, яғни 252 500 теңгеден аспайтын азаматтар ғана төлей алады. Бұдан  жоғары табыс табатын кәсіпкерлер патент бойынша бюджетке жеке табысының 2%-ын береді. Үшіншіден, БЖТ жасау арқылы төрт түрлі төлемнің міндетінен құтылуға болады. БЖТ жасаған азамат жеке табыс салығын жапқан және міндетті медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларына ақша аударған болып шығады. Яғни БЖТ жасағандар автоматты түрде сақтандырудың барлық түрлерінен кепілдендірілген көмек алу құқығын иеленеді және зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінің қатысушысы атанады. Бұл ақшаның 10%-ы жеке табыс салығы, 40%-ы міндетті зейнетақы жарнасы, 10%-ы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру аударымы, 40%-ы медициналық сақтандыру төлемі деп қабылданады. Төртіншіден, БЖТ жасайтындар салық органдарына есеп бермейді және оларды салық органдары тексермейді. БЖТ аза­­мат­тардың әлеу­мет­тік қорғалу деңгейін арт­тырып, олардың кірістерінің ұлғаюына ықпал етеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова: "Алдын ала есептелгендей, БЖТ жасаған әйелдер жүктілігі мен бала тууына байланысты 124 732 теңге мөлшерінде ақша алады. Сондай-ақ 1 жылға дейінгі бала күтіміне байланысты төлемге ие болады", – деді.

Оның сөзінше, БЖТ бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеп қана қоймай, оларға медициналық және әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйесіне қатысу мүмкіндігін береді.

"БЖТ табыс табу қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады. Алайда олар мынадай шарттарды сақтауға тиіс: жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбау; жеке тұлғалар үшін жұмыс істеу және қызмет көрсету; жеке тұлғалар тұтынатын жеке қосалқы шаруашылықтан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сату; бұл ретте күнтізбелік жыл ішіндегі шекті табысы 100 еселенген АЕК-тан аспауға тиіс", – деді Светлана Жақыпова.

БЖТ қолданылмайтын азаматтар да бар екен. Олар туралы вице-министр: "БЖТ сауда объектілерін қоса алғанда коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің аумағында қызмет көрсететін жеке тұлғаларға; тұрғын үйді қоспағанда мүлікті жалға беретін жеке тұлғаларға;  оралмандарды қоспағанда шетелдік және азаматтығы жоқ адамдарға; жеке кәсіпкер ретінде тіркелген адамдарға қолданылмайды", – деді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу