Көлік салығы – 17, мүлік салығы – 2,3 млрд теңге

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
12890

Бюджетке төленбеген салық қарызының 874,5 млн теңге көлеміндегі өсімпұлы есептен шығарылды. Бұл мүмкіндікті еліміздің 560 458 азаматы пайдаланды. 

Көлік салығы – 17, мүлік салығы – 2,3 млрд теңге

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, салық рақымшылығы аясында қазына қаржысы 7,6 млрд теңгеге еселенді. Алайда бұл – салық қарызы толық өтелді дегенді білдірмейді. Бүгінгі таңда ел азаматтарының салық бойынша бюджетке 20 млрд теңгеге жуық қарызы бар.

"613 мың 700 азаматтың өтелмеген көлік салығы 17 млрд теңгені құрайды. Автокөлік иелерінің 90,4%-ның 50 мың теңгеге дейін борышы бар. Салықтың дәл осы түрі бойынша ең үлкен қарыз 4 млн теңге. Борышкерлердің 0,003% осындай қарыз арқалап жүр", – деген ақпарат таратты комитеттің баспасөз қызметі.

777 мың 800 жеке тұлғаның 2,3 млрд теңге көлемінде мүлік салығы жиналып қалған. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері: "Борышкерлердің 66,3% -ның бюджет алдындағы қарызы 1 мың теңгеден аспайды. Алайда салықтың осы түрі бойынша қарызы миллионнан асқан 33 адам бар. Олар осы санаттағы барлық борышкердің 0,004% құрап отыр", – деді.

Жер салығы 1 млн теңгеден асқан 15 азамат анықталған. Мұндай адамдар

осы санаттағы барлық борышкерлердің 0,002% құрайды. Ал 528 мың 600 адамның мемлекетке 1 мың теңгеден аз қарызы бар.

"Өсімпұлды есептен шығару акциясы басталған кезде 1,5 млн жеке тұлғаның  жалпы қарызы 24 млрд 600 млн теңгені құрады. Мұның ішінде негізгі қарыз – 20 млрд 300 млн, өсімпұл – 4 млрд 3 млн теңге болды", – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, мемлекеттік кірістер комитеті жыл соңына дейін салық бойынша негізгі қарызын төлеген жеке және заңды тұлғаларға өсімпұлды есептен шығару бойынша рақымшылық жариялады. Рақымшылық мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықты қамтитын болып бекітілді.

"Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі бөлігін төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлды есептен шығаруға қатысты комиссия құрылған.

Салық бойынша берешектің бар, не жоқ екенін мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан немесе eSalyq mobile мобильді қосымшасынан білуге болады", – деп нақтылады мемлекеттік кірістер комитеті.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу