Төтенше жағдай: Павлодар бюджеті 2 млрд теңгеден қағылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5926

Павлодар облысы бойынша 20 мыңнан астам бизнес субъектісі салықтық жеңілдіктерді пайдаланады.  

Төтенше жағдай: Павлодар бюджеті 2 млрд теңгеден қағылады Фото: akorda.kz

Елдегі төтенше жағдайға байланысты мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған түрлі шараларды қолға алғаны белгілі. Солардың бір бөлігі – салықтық жеңілдіктер. Яғни, Үкімет пандемия кезінде зардап шеккен кәсіп иелерін түрлі салықтан босатып, қолдау көрсетуде.

Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Айнабековтің айтуынша, төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнес субъектілеріне барынша қолдау көрсету мақсатында қабылданған нақты шаралар жұмыс орындарын сақтап, жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз етуді, жалпы, экономиканы тұрақтандыруды көздейді.

Мәселен, 2019 жылдың міндеттемелері бойынша салықтық есеп беру мерзімі 31 наурыздан 31 мамырға шегерілді. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтың барлық түрлері бойынша төлемдер 1 маусымға дейін шегерілді. Сондай-ақ, мәдени, дене шынықтыру-сауықтыру, қонақ үй, туризм, мейрамханалық, ойын-сауық бағытында қызмет көрсететін объектілер мүлік салығынан босатылып отыр.

"Ірі сауда орталықтары, мейрамхана, кинотеатрлар мен театрлар, ойын-сауық орталықтары жыл соңына дейін мүлік салығынан босатылып отыр. Бұл санатқа кіретін облысымызда 282 салық төлеуші бар. Сонымен бірге, елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрі бойынша бағаның негізсіз өсуінің алдын алу үшін де нақты шара қолданылып отыр. Яғни, мұндай азық-түлікті импорттау, сатумен айналысатын кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесі 12 пайыздан 8 пайызға төмендетілді. Облыста 122 салық төлеуші осындай көмек алады", – деді Бауыржан Айнабеков.

Сонымен қатар, сауда-саттық, ойын-сауық, туристік, қонақ үй бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер биыл 1 сәуірден 1 қазанға дейін жалақы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, әлеуметтік төлемдерден босатылады. Бұл жеңілдік облыстың 14 мың шағын және орта бизнес субъектісіне қатысты болмақ. Сондай-ақ, 8 ірі кәсіп иесі бір тоқсанға, яғни 1 шілдеге дейін салықтан босатылған.

Ресми дерекке сүйенсек, облыста 1 сәуірдегі мәлімет бойынша 12 мың 806 заңды тұлға және 30 254 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Солардың ішінен 20 477 заңды тұлға мен жеке кәсіпкерлік субъектісі мемлекет тарапынан қолға алынған шаралардың шарапатын көреді.

"Аймағымызда 20 мыңнан астам бизнес субъектісіне жасалатын салықтық жеңілдіктерден жыл соңына дейін қазынаға 2 млрд 400 млн теңге түспейді деп болжанып отыр. Яғни, 14 мың шағын және орта бизнес субъектісі 1 қазанға дейін түрлі салықтан босатылатынын айттық. Соның есебінен 1,5 млрд теңге салық қазынаға түспейді. 282 салық төлеушіні мүлік салығынан босатудан 151 млн теңге, қосымша құн салығы мөлшерлемесін төмендетуден 231 млн теңге және ірі 8 кәсіп субъектісіне жасалатын жеңілдіктен 118 млн теңге бюджетке аударылмайды", – дейді Бауыржан Айнабеков.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу