Салық органдары үнемі бизнеске қысым жасаудың жаңа тәсілін ойлап табады – Рустам Жүрсінов

2377

Жалған кәсіпкерлік туралы бапты қылмыстық сипаттан арылтқаннан кейін мәмілелерді жарамсыз деп тануға қатысты соттарға түсетін талап-арыз саны 5 есе көбейді. 

Салық органдары үнемі бизнеске қысым жасаудың жаңа тәсілін ойлап табады – Рустам Жүрсінов Фото: Қанат Махамбет

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов әлеуметтік желідегі парақшасына осылай жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Жоғарғы сот алаңында "Ашық диалог: бизнес және сот төрелігі" форумы өтті. Біз жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановпен, "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен, жоғарғы сот судьяларымен кәсіпкерлердің сотта бетпе-бет келуге мәжбүр болып отырған мәселелерін талқыладық. Мен салық саласындағы проблемалар жайлы сөз қозғадым", – деп нақтылады  бизнес-омбудсмен.

Оның сөзінше, мәмілелерді жарамсыз деп тануға келгенде салық органдары үнемі бизнеске қысым жасаудың жаңа тәсілін ойлап табады. 

"Бұған дейін қылмыстық кодекстің "Жалған кәсіпкерлік туралы" бабы кеңінен қолданылып келді. Біз оны қылмыстық сипаттан арылту бойынша үлкен жұмыс атқардық. Бұдан кейін салық қызметкерлері заңды тұлғалардың тіркеуін жарамсыз деуге көшті. Біз бұл мәселені де шешуге тырыстық. Бүгінде мәмілелерді жарамсыз деп тануға қатысты соттарға түсетін талап-арыз саны 5 есеге көбейгені белгілі болып отыр", – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Рустам Жүрсінов салық органдарының өкілдері кеңседен шықпай сотқа талап арыз беретінін, қашықтан тексеруді, яғни камералдық бақылауды жүзеге асыратынын және адал салық төлеушілерге қосымша салық есептеу үшін мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдайтынын алға тартты. 

"Бұдан бөлек қарымта, тақырыптық салықтық тексерулер бар. Салық органдары мәміленің жасалғанын немесе жасалмағанын анықтай алады. 

Мүмкін салық төлеуші жұмыстың бір бөлігін аутсорсингке тапсырған шығар. Салық кодексінде қарастырылған барлық мүмкіндікті пайдалану қажет. 
Ештеңе жасауға болмайтыны белгілі болғанда ғана сотқа талап арыз беру керек.

"Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып" жатқан жоқ па, ойланған жөн. Даудың шешімі салық төлеушілердің адалдық презумпциясынан бастау алуға тиіс", – деді бизнес-омбудсмен.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу