Салық жеңілдігін пайдаланатын кез келді

18234

Президент тапсырмасы іске асуда.  

Салық жеңілдігін пайдаланатын кез келді

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушысы Жәнібек Нұржанов шағын және микро бизнесті тексеруге тиым салу әрі 3 жылға салықтан босату жөніндегі мемлекет басшысының жолдауының іске асырылу барысымен таныстырды.

Жәнібек Нұржанов алдымен микро және шағын бизнестің айырмашылығын түсіндіріп өтті.

"Мемлекет басшысының жолдауында шағын және микро бизнес өкілдеріне табыс салығына жеңілдік жасап әрі тексеруге мораторий енгізу туралы тапсырма берілген болатын. Сол себепті салық заңнамасына өзгерістер енгізілді. Кәсіпкерлік кодексінің ережесіне сәйкес, микро кәсіпкерлік субъектілері – жыл бойы жұмыс істейтін адамдар саны 15-тен аспайтын немесе жылдық табысы 30 000 АЕК (78,150 млн теңге) болатын кәсіпкерлік. Шағын кәсіпкерлік субъектілері – қызметкерлер саны 100-ден, ал табысы 300 000 айлық есептік көрсеткіштен (781,5 млн теңге) аспайтын жеке немесе заңды тұлғаның бизнесі", – деді.

Салық жеңілдігін микро және шағын кәсіпкерлікпен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес те пайдалана алады.

"2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін табыс салығынан босату, арнайы салық режимин қолданатын микро немесе шағын кәсіпкерлік санатына жататын салық төлеушілерге қатысты. Яғни бекітілген есептемені пайдаланатын патент, жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін микро және шағын кәсіпкерлер мен салығының 70% азайтылуын пайдаланатын ауыл шаруашылығы өкілдері мен бірыңғай жер салығын төлейтін шаруа қожалықтары салығын жеңілдетеді. Жалпы, салық жеңілдігін 1 млн 200 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі пайдаланады. Бұл барлық бизнес субъектілерінің жалпы санының 75%-ы", – деді салық салу органының өкілі.

Жәнібек Нұржанов шағын және микро бизнесті салықтық тексеруге тиым салу жайлы да айтып өтті.

"Мемлекеттік кірістер органы қызметінің бір бөлігі ретінде шағын және микро кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланады. Алайда кедендік, қарсы салықтық, дебиторлармен қарым-қатынасын анықтау үшін жасалатын тексеріс, салық органдарында есепке тұрған кезде, салық органы шешімімен кассалық анықтау үшін қажет болған жағдайда, сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу кезінде тексеріледі. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілері өз қызметтерін тексеруі жөнінде жүгінгенде және жер қойнауын пайдаланушылар тексеруден босатылмайды. 2019 жылы тексеруі басталған субъектілерді де тексерісі толық аяқталғанша тоқтатылмайды", – деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, бүгінгі күнгі салық төлеушілердің тек қана 1,8%-ы ғана тексерілді. Осылайша, мемлекеттік кіріс органдары тарапынан әкімшілік кедергі азайды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу