380 млрд теңге кәсіпкерлердің қалтасында қалады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17699

Биыл республикалық бюджетке 108 млрд теңге салық кем түседі.

380 млрд теңге кәсіпкерлердің қалтасында қалады

2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан, заңды тұлғалар корпоративті табыс салығынан, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер әлеуметтік салықтан, ал бірыңғай жер салығын қолданатын фермерлер мен шаруа қожалықтары жер салығынан босатылды.

Сонымен қатар алдағы 3 жылда шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге тыйым салынды. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" №229 жарлығы мен салық заңнамасына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер негіз болды.

Айтпақшы, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті, акцизделетін өнім өндіруді немесе көтерме саудада сатуды, астық сақтау мен лотерея өткізуді, ойын бизнесі саласындағы қызметті, радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызметті, банкті және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа), аудиторлық қызметті, бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті, кредиттік бюро мен күзет саласындағы қызметті, азаматтық және қызметтік қарумен оның патрондарының айналымына байланысты қызметті, жер қойнауын пайдалану, оның ішінде алтын іздеуге қатысты қызметті, табиғи қазба байлық сату бойынша қызметті, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бөлшек саудаға шығаруды және сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырумен айналысатын салық төлеушілер мораторийден тыс қалды. Бұл туралы кәсіпкерлік кодексінде жазылған.

Біле жүріңіз, кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, қызметкерлерінің саны 15 адамды құрайтын және жылына шамамен 75 млн теңге табатын кәсіпкерлер микрокәсіп иесі, ал 100-ге жуық жұмысшысы бар, орташа жылдық табысы 757 млн теңгеге жететін кәсіпкерлер шағын бизнес өкілі саналады. Осы санатқа жататындар алдағы 3 жылда салық төлемейді.

Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың дерегінше, елімізде 1 млн 308 мың микро және шағын бизнес субъектісі бар. Олардың 1 млн 236 мыңы арнайы салықтық режимді пайдаланады. Бұған дейін олар жалпы табысының 2- 3%-ын қазынаға аударып отырды.  

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Жәнібек Нұржановтың мәлімдеуінше, салықтық жеңілдік кезінде 380 млрд теңге кәсіпкерлердің қалтасында қалады

"Алдағы 3 жылда республикалық бюджет 380 млрд теңге салықтан қағылады. Ал биыл республикалық бюджетке 108 млрд теңге салық кем түседі", – деді Жәнібек Нұржанов

Оның сөзінше, 1 млн 200 мыңнан астам микро және шағын бизнес субъектісі салық жеңілдігіне ие болып отыр. Олардың бюджетке аудармаған салығының шығыны салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен қайтарылады.

Жәнібек Нұржанов бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған 3 жылдық мораторийді де тілге тиек етті.

"Салықтық тексеру уақытша тоқтатылады. Кәсіпкерлер адал кәсіп жүргізу, көлеңкелі экономикадан бас тарту мәдениетін меңгеруі тиіс", – деді мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы.

Республикалық бюджетке алдағы 3 жылда түспейтін 380 млрд теңге салық ел экономикасына кері әсерін тигізбейді екен. Осы турасында макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры, экономист Олжас Құдайбергенов: "Микро және шағын бизнесті салықтан босату қазына қаржысы үшін үлкен шығын емес. Ал кәсіпкерлер үшін маңызды әрі қажет қолдау. Экономикасы мықты елдердің барлығы әу баста микро және шағын бизнеске көмек көрсеткен. Кейін кәсіпкерлер бюджетке салық түрінде қомақты қаржы аударып, елдің макроэкономикасын алға жылжытқан",– деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу