Құны 10 миллионға дейінгі тұрғын үйлер салықтан босатылуы мүмкін

11788

Құны 450 млн теңгеден асатын коттедждерге 3 миллион теңгеден астам салық салынбақ.

Құны 10 миллионға дейінгі тұрғын үйлер салықтан босатылуы мүмкін

Үкімет жариялаған мүлік салығының жаңа ставкалары әлеуметтік желілерде дүрбелең туғызды. Блогерлер, парақшалары бар былайғы жұрт шенділердің парламентшілермен тізе қосып, "халыққа қарсы жобаны" қабылдағалы жатқанына қатысты алаңдаушылық білдіруде. Шынында нендей өзгеріс келе жатыр?

Мемлекет қолданыстағы салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге кірісті. Тиісті заң жобасы таяуда Парламентке енгізіледі деп күтілуде.

Онда былай делінген: "Жеке тұлғаларға меншік құқығында тиесілі тұрғын үйлер, саяжай құрылыстары, суық жапсарлас құрылыстар, шаруашылық (қызметтік) құрылыстар, цокольдық қабаттар, тұрғын үй жертөлелері, гараждар бойынша салық салу объектілерінің құнына қарай мынадай ставкалар бойынша салық есептеледі:

Дегенмен экономист Руслан Серікбаев дүрбелең көтеріп, қарсы шығатындай еш жаңалық жоқтығын айтады.

"Халық қазір билікке қарсы шығуды сәнге айналдырып алды. Кейбіреулер содан хайп жасап, атын шығарып қалуға тырысады. Бірақ байыбына барсаңыз, бұл заң жобасында көзделген мақсат мүлдем басқа екенін аңғарасыз. Әңгіме Қазақстанда "салтанат салығын" енгізуге қатысты болып отыр. Елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа салық кодексі күшіне енді. Соның "Салықтық мөлшерлемелер" деп аталатын 531-ші бабына үңілсеңіз, осы айтылып отырған "10 млн теңгеден бастап, 12 млн теңгеге дейін тұратын пәтерлерге 11 мың 600 теңге + 10 млн теңгеден асатын сомадан 0,25 пайыз көлемінде салық салу" деп кете беретін кесте толығымен сонда бар. Яғни, бұл ставкалар өткен жылдан бері күшіне мінді және биыл қазақстандықтар сол мөлшерлемемен мүлкіне салық төлеуге тиіс. Демек шулайтын болса, осыдан екі-үш жыл бұрын жаңа кодекс талқыланып жатқанда шулау керек еді", – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасында керісінше, енді баспанасының құны 10 миллион теңгеге де жетпейтін барлық тұрғын үй иелерін мүлік салығынан босату ұсынылған.

Ал қолданыстағы салық кодексіне сәйкес, баспанасының кадастрлық бағасы 2 млн теңге де тұрмайтын қазақстандықтар оның құнының 0,05 пайызы көлемінде, 2–4 млн теңге аралығындағылары 1 мың теңге + 2 млн теңгеден асатын сомадан 0,08 пайыз, 4–6 млн теңгеге бағаланатындары 2600 теңге + 4 млн теңгеден асатын сомадан 0,1 пайыз, 6–8 млн болатыны 4600 теңге + 6 млн теңгеден асатын сомадан 0,15 пайыз, ал 8 – 10 млн теңге аралығындағысы 7600 теңге + 8 млн теңгеден асатын сомадан 0,2 пайыз көлемінде салық төлейді.

Құны 10 млн теңгеге жетпейтін тұрғын үйлерді мүлік салығынан босату туралы ұсыныстың өзіндік мәнісі бар болып шықты. Жаңа заң жобасын әзірлеген ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, олардан түсетін мардымсыз салық ол салықты әкімшілендіруге кететін шығыстарды да жаппайды екен.

"Талдау жүргізу нәтижесінде анықталғандай, мүлік салығын төлеуші жеке тұлғалардың жалпы санының 95,6%-ы бағалау құны небәрі 10 млн теңгеге дейінгі арзан салық салу объектілеріне ие. Бұл ретте, аталған тұлғалар бойынша салық түсімдерінің үлесі бар-жоғы 44,6%-ды құрайды. Ал арзан не қымбат болсын, әрбір нысан бойынша әкімшілік шығындары бірдей", – деп түсіндіреді ведомство.

Яғни, салықшылар еліміздің әр ауыл-аймағындағы қаптаған арзан баспанаға жеке-жеке салық есептеу үшін уақытын босқа шығындайды, жұмыс күнін кетіреді, қаншама әкімшілік шығыстар да өзін-өзі өтемейді. Сондықтан мемлекет бұларға салықтық "азаттық" беріп, күш-жігерді молырақ салық түсіретін қымбат пәтерлер, коттедждер мен кең сарайларға шоғырландырмақ.

Әйткенмен, сарапшылар бағасы 10 миллионға дейінгі тұрғын үйлерді салықтан босату тек ұсыныс қана екенін және заң жүзінде әзірге қабылданбағанын еске салады. Ендеше олардың иелеріне қуануға әлі ерте.

Жаңа заң жобасында салық төлемейтіндер қатары кеңейтілгелі отыр. Қазір бұл қатарға Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар, тыл еңбеккерлері, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек еpi", үш дәрежелi "Даңқ" орденiмен және "Отан" орденiмен наградталған адамдар, "Батыр ана" атағына ие болған, "Алтын алқа" алқасымен наградталған көп балалы аналар, үйінде жалғызбасты тұратын зейнеткерлер жататыны мәлім.

Ал жаңа заң қабылданса, бұдан былай бала жасынан мүгедек баланың ата-анасының бірі де тұрғын үйі, оның жанындағы жер учаскелері, қосалқы үй шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері және гараж үшін салық төлемейді.

Бұдан өзге, жеке кәсiпкерлер де кәсiпкерлiк қызметте пайдаланатын нысандар бойынша мүлік салығын төлеуден босатылады деп күтілуде. Себебі олар онсыз да бизнес нысаны үшін кәсіпкер ретінде салық төлейді. Осы өзгерістер 2019 жылғы 5 қаңтардағы Үкімет отырысында берілген "1.2.3 хаттамалық тапсырмаға" сай енгізілген көрінеді.

Заңды әзірлеушілердің мәліметінше, егер Парламент қабылдаса, бұл жаңалықтар 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу