Алдымен зейнеткерлерді қуантқан жаңалықтан бастайық. 2018 жылдың 1 қаңтарынан жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты төленетін зейнетақы төлемдері 8%-ға өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап "Зейнеткер" деген мәртебені иеленген қазақстандықтардың бәріне базалық зейнетақыны бір реттік қайта есептеу жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша зейнеткерлердің 44%-дан астамы ең төменгі күнкөріс деңгейі (28 284 теңге) шамасында 100%-дық базалық зейнетақы алатын болды. Егер зейнеткердің еңбек өтілі 10 жылды құраса, 10 жылдан төмен болса немесе еңбек өтілі мүлдем болмаса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды. Яғни бұл санаттағылар базалық зейнетақының 54%-ын иеленеді.
Зейнетақыға қатысты тағы бір өзгеріс бар. Ол – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) зейнетақы төлемдерінің тек әр ай сайын жасалуы. Яғни бұған дейін тоқсан сайын, жарты жылда және бір жылда төленіп келген бір реттік төлемдер алынып тасталды. Бұл ақша ай сайынғы зейнетақыға қосылып отырады.
Зейнетақы жинақтарын ертерек немесе бір уақытта алу мүмкіндігі азаматтардың бірнеше санатына ғана бұйырып отыр. Бұл санатқа ерікті түрде жарна аударғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар, шет елге біржола қоныс аударатындар кіреді. Қордағы қаржысы ең төменгі 12 зейнетақыдан аспайтын (2018 жылы бұл 404 940 теңгеге тең) адамдар ғана зейнет жасына жеткен соң жинақталған соманы тұтастай ала алады. Егер зейнеткер қайтыс болса, оның отбасына жерлеу рәсімдеріне деп 52,4 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде бір реттік төлем беріледі.
Әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәртібі қолданысқа енді. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік көмек бірыңғай жәрдемақы түрінде беріледі. Оған арнайы мемлекеттік және балаларға арналған жәрдамақы, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп отыр. Атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, еңбекке жарамды азаматтардың барлығына білім алуы мен мамандық игеруі, соңынан жұмысқа орналасып, жеке кәсібін ашуы үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек.
Былтыр жаңа Салық кодексі қабылданғаны баршаға мәлім. Жаңа кодекске сәйкес, интернеттегі сатушылар салықтан босатылды. Сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін есеп берудің оңайлатылған режимі енгізіледі. Бұдан былай түсініксіздік пен дәлсіздіктің бәрі салық төлеушінің пайдасына шешіледі. Кодексте жер қойнауын пайдалануға арналған баламалы салық енгізілмек.
1 қаңтардан бастап ел тұрғындары шетелдік төлқұжат алу үшін былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе артық шығындалатын болды. Мұндай жаңашылдық Салық кодексіне енгізілген түзетулерге байланысты орын алып отыр. 2018 жылдан бастап отандастарымыз шетелдік төлқұжат алу үшін 8 АЕК (1 АЕК – 2 405 теңге) мемлекеттік баж төлемін төлейді. Бұл дегеніңіз – 19 240 теңге. Былтыр шетелдік төлқұжат алуға жұмсалатын қаржы 4 АЕК (2017 жылы 1 АЕК – 2 269 теңге, 4 АЕК – 9 076 теңге) болған еді.
Бағасы шарықтаған дүниенің бірі – автокөліктің беделді нөмірлері. Өткен жылмен салыстырғанда, VIP нөмірлердің бағасы биыл шамамен 100 мың теңгеге қымбаттады. Мәселен, 2017 жылы 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 нөмірлерінің мемлекеттік баж төлемі 228 АЕК-ті немесе 517 332 теңгені құраса, биыл аталған нөмірлердің құны 285 АЕК-ке, яғни 685 425 теңгеге жетті.
Автокөлік иелері үшін тағы бір жаңалық: 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматы – Қапшағай тас жолының ақылы болуы. Заңға сәйкес, жолдың бұл бөлігінде тек қана жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция қызметінің көліктері, әскери көліктер, қалааралық автобустар тегін қатынайды.
Биылдан бастап тұрғындар табиғи газға да шығындалады. Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында газдың шектік көтерме бағасы қосылған құн салығын есепке алмағанда, тоннасына 38 701,67 теңге көлемінде белгіленді. Яғни газ бағасы шамамен 10%-ға артты.
2018 жылдан бастап қазақстандық интернет-ресурстарда анонимді пікір қалдыруға заңмен тыйым салынды. Тек бұл шектеуге Facebook, Youtube, Instagram секілді шетелдік ресурстар енбейді.
Фархат Әміренов