Ең төменгі зейнетақы 61 796 теңгеге көтерілді

9483

1 қаңтардан бастап елімізде зейнетақы 7%, мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5% ұлғайды.

Ең төменгі зейнетақы 61 796 теңгеге көтерілді Фото: Максим Морозов

2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасында елдегі зейнетақы мөлшерін инфляция деңгейінен 2% жоғары ұстау көзделген. Осыған байланысты сиыр жылы кірген күннен бастап, зейнетақы 7% өсті. Мұны нақты ақшаға шақсақ, мынадай сандар шығады. Жас бойынша тағайындалатын ең төменгі зейнетақы мөлшері 43 272 теңгеге тең. Ал базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5% - ға арттырылды. Яғни, 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері 18 524 теңгені құрайды. Осы екі шаманы қосқанда елдегі ең аз зейнетақы алатын адамның ай сайын шотына түсетін ақшаның көлемі шығады. Яғни, ең төменгі зейнетақы тағайындалған Қазақстан азаматы биылдан бастап 61 796 теңге алады деген сөз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, мұндай өсім елдегі 2,2 зейнеткерге қатысты көрінеді. 

Мемлекет елдегі инфляцияның беі қайтпайтынын ескеріп, 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс шамасын да көтерді. Осының арқасында жәрдемақының бірнеше түрі  5% артты. Олар:
- мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
- бала кезінен I-ші топтағы мүгедекке күтім жасайтын отбасыларға (адамдарға) арналған мемлекеттік жәрдемақы.
Ал айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты 1 қаңтардан бастап келесі жәрдемақылардың мөлшері 5% артты:
- №1 және №2 тізімдер бойынша берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақылар;
- бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақылар;
- бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған және "Ана даңқы" орденімен марапатталған көпбалалы аналарға бағытталған арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, мемлекеттік жәрдемақылар;
- бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар;
- Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар.

5%-дық өсім міндетті әлеуметтік сақтандыру қорын да қамтып отыр. "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Заң бойынша Қордан  еңбек ету қабілетінен айрылу және асыраушысынан айрылу жағдайларына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де 5% - ға арттырылды.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу