"Қазпошта" АҚ басшысы карантин кезінде зейнетақы мен жәрдемақы қалай берілетінін түсіндіреді

3236

42 500 теңге алу үшін "Қазпошта" арқылы экспресс-карта ашуға болады.  

"Қазпошта" АҚ басшысы карантин кезінде зейнетақы мен жәрдемақы қалай берілетінін түсіндіреді
Карантин кезінде пошташылар мен курьерлердің қызметіне сұраныс артқан екен. "Қазпошта" акционерлік қоғамы осы сұранысты қанағаттандыру үшін мобильді қосымшасын жетілдіріп, сайтына түрлі онлайн қызметтердің үлгісін жүктеп жатыр. Ұлттық пошта операторының басшысы Сәкен Сәрсенов тікелей эфир арқылы сол қызметтердің негізгілеріне тоқталды

"Біздің сайт  (http://post.kz/ ред) пен мобильді қосымшамыз арқылы сәлемдемелерді үйге жеткізуге, курьерді шақырып, жөнелтімді алып кетуге тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар коммуналдық немесе басқа да төлемдерді төлеуге, мемлекеттік органдармен хат алмасуға мүмкіндік бар. Елдегі жағдайға қарамастан, барлық пошташы мен курьер поштаны, хаттар мен газеттерді штаттық режимде жеткізуде. Біздің  қызметкерлер күн сайын маршруттарына шығып, сіздерге қызмет көрсетеді. Сондықтан олардың еңбектеріне құрметпен қарауды, олармен  қауіпсіз қарым-қатынас ережелерін сақтауларыңызды сұраймын", – деген акционерлік қоғамның басқарма төрағасы зейнетақыны үйге алдыру үшін қайда хабарласу керектігін түсіндірді.  

"Біздің сайтта төлем карталары мен зейнетақыны үйге жіберу бойынша өтініштер  рәсімдейтін жедел байланыс нөмірлері жарияланған", – деді ол. 

"Қазпошта" басшысы сәуір айының зейнетақысы қалай төленетінін де түсіндірді. 

"Қолайсыз эпидемиялық жағдай кезінде "Қазпошта" қазақстандықтардың үйден шықпай қызмет алуы үшін барлығын жасауда. Қазір қозғалыстың шектелуіне байланысты біз бұрын пошта бөлімшесіне зейнетақы алу үшін келетін барлық зейнеткерге сәуір айының зейнетақыларын үйлеріне жеткізіп беріп жатырмыз. Қалғандарына төлем карталарын ашып, ақшаларын сол картаға аударып, карталарды үйлеріне жеткізіп беріп жатырмыз", – деген ұлттық оператор басшысы зейнетақыны карантин біткеннен кейін поштаға келіп алуға да болатынын жеткізді. 

"Еңбек  және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге 1-15 сәуір аралығында зейнетақыны үйге жеткізу кестесін бекіттік. Сол кесте бойынша бүгінгі күні 389 572 зейнеткердің үйіне зейнетақысын жеткізіп, 6 мыңға жуық зейнеткерді төлем карталарына көшірдік. Біздің зейнетке шыққан клиенттеріміздің қатарында карантин біткен соң, зейнетақыларын бөлімшеге келіп алғылары келетіндер де бар. Біз олармен үнемі байланыста боламыз", – деді ол. 

Атышулы 42 500 теңгені алу үшін "Қазпошта" арқылы да құжат рәсімдеуге болады.  Ал төтенше жағдай кезінде көмек ретінде берілген бұл ақшаны салық органдары мен жеке сот орындаушылар бұрынғы берешек үшін алып қоя алмайды. Сәкен Сәрсенов карантин кезінде табысынан айырылған азаматтарға осындай маңызды ақпаратты жеткізді.

"Өздеріңіз білетіндей, Президенттің тапсырмасымен табыссыз қалған азаматтарға ай сайын 42500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек аударыла бастады. Осыған байланысты біз барлық бөлімшелерімізде, соның ішінде ауылдық жерлерде экспресс-карталар мен ағымдағы шоттар ашып, БЖТ-ны қабылдап жатырмыз. Ұлттық банктің түсіндірулері бойынша осы жәрдемақыны алу үшін арнайы шоттар ашудың қажеті жоқ. Бұл жәредамақыны банктер, салық органдары, сот атқарушылардың алып қоюға құқықтары жоқ. Кез келген банктің немесе "Қазпоштаның" карта шоттарын пайдалануға болады. Ұлттық пошта операторының басшысы ретінде қайталап айтқым келеді. Ешкім олардың қаражаттарын ұстауға құқылы емес. Уәкілетті мемлекеттік органдардың түсіндірулері бойынша кез келген ағымдағы шотты қолдануға болады", – деген басқарма төрағасы БЖТ-ны үйден шықпай-ақ төлеу мүмкіндіктері туралы айтты. 

"Соңғы алты күнде 42500 теңгелік төлемнің аясында біз 237 мың адамға қызмет көрсеттік. Жетінші сәуірдегі соңғы мәлімет бойынша "Қазпошта" арқылы 126 204 шот ашылды. 163 129 мың адам БЖТ төледі. БЖТ-ны  онлайн төлеу мүмкіндігі туралы барлық нұсқау "Қазпоштаның" әлеуметтік желілердегі парақшаларында және біздің сайтта орналастырылған. Сізге ыңғайлы болуы үшін Post.kz сайтында  шотты онлайн ашып, виртуалды карта шығару қызметін іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.  Оның іске қосылғаны туралы қосымша хабарлаймыз", – деді ол. 

  

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу