Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссияның қорытынды отырысында Қазақстан азаматтарына баспана жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға рұқсат ететінін айтты. Ол мұндай тапсырманы былтыр да берген болатын. Алайда шенеуніктер мен сарапшылар оның егжей-тегжейін талқылауды созбалаңға салып, соңын сиырқұйымшақтандырып жіберді.
Сондықтан Қ.Тоқаев енді тек бір жарым ай ғана мерзім берді: Үкіметке 1 шілдеге дейін нақты шешім қабылдауды жүктеді.
Халық бұл хабарды бір жағынан қуанышпен, екінші жағынан күмән-күдікпен қарсы алды.
"Мемлекеттің айналдырған 42,5 мың теңгені пандемия мен төтенше жағдайдан зардап шеккен халыққа қалай бергенін бақыладым. Оны қажетсініп, сұрағандардың бәріне бірдей бермеді. Бір алғандары екінші айда да алады деп алдап, олардың көбін шөміштен қақты. Мына бастама да соның кебін кимесіне кім кепіл?! Мен 2,5 жыл бұрын жасым жетіп, зейнетке шықтым. Мемлекеттен ештеңе де сұрамаймын. Бірақ зейнеткер болған күні жинағымда 5,5 миллион теңге міндетті зейнетақы жарнасы жиналғанын білдім. БЖЗҚ маған ай сайын 48 мың теңгеден аударып тұрады. Бүгінде шотымда 5,4 миллиондай қаражат қалды. Егер осындай қарқынмен жинағымды қайтаратын болса, түпкілікті есеп айырысар кезге жетпейтін түрім бар", – дейді зейнеткер Владимир Кадинов.
Ол мемлекеттен сол ақшасын өз бетінше жұмсауға мүмкіндік беруді сұрайды.
Кейбір азаматтар жарна нысанасын тек баспанамен шектеуге болмайды деген пікірде.
Кәсіпкер Қанат Орынбек қазіргі күрделі жағдайда Үкіметтен зейнетақы жарнасының бір бөлігін несиені жабу үшін беруді сұрайды.
Әлемде зейнетақы жинағын тек үй алуға ғана емес, сондай-ақ емделуге, жоғарғы білім алуға және басқа да мақсаттарға жұмсауға пайдалану тетіктері көзделген. Алайда Қазақстанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, БЖЗҚ, Ұлттық банк өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және басқасы кірген жұмыс тобы зейнетақы активтерін қолданудың баламалы жолдарын қарастырмады.
Кәсіпкер зейнетақымен қамтуға жететін "актуарлық минимум" сомасынан (ерлерге шамамен 10 млн теңге) артылған қаражатты қазақстандықтарға берешек батпағынан шығуға көмек ретінде бағыттауды ұсынады.
"Мысалы, менің 50 миллион теңгеден асатын зейнетақы жинағым бар. Зейнетке шыққасын қанша өмір сүрерімді кім біледі. 10 миллион теңге жететін болса, қалған 40 миллион мемлекетке неге керек? Бүгінде менің атымда үлескерлік құрылысқа, үй салуға және тұтынушылық мақсатта алған кредиттерім бар. Оларды тиісінше жылдық 14%, 21% және 50% ставкамен өтеймін. Табысымның үлкен бөлігі осы несиелерді жабуға кетеді. Төрт баламның бірі университетте, бірі – ақылы мектепте оқиды. Оқу ақысы да ұдайы қалта қағады. Балаларым төл бизнесін ұйымдастыруға қызығушылық білдіріп жүр. Төл капиталы мен кепілзаты жоқтарға жеңілдікті заем алуға бірде бір мемлекеттік бағдарлама мүмкіндік бермейді. Салдарынан, жастар экономиканың басқа салаларында ұйлығысуға мәжбүр", – дейді Қ.Орынбек.
Ол билік зейнетақы жинағының артылған бөлігін еш шартсыз алуға мүмкіндік берсе, ақшаны кредиттерін қайтару үшін банкке апаратынын айтады.
"Жалғыз мен ғана емес, көп адам сөйтер еді. Осылайша, мемлекеттен көмек сұрап отырған банктердің айналымдық қаражаты көбейіп шыға келеді. Банктердің экономиканы несиелендіру мүмкіндігі артады. Одан жаңа жобалар қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары құрылар еді. Ендеше БЖЗҚ-да босқа жатқан қаражат біріншіден, ел экономикасына жұмыс жасайды, екіншіден, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталады, үшіншіден, білім алатын, кәсіпкер болатын жас мамандардың көбеюі есебінен елдегі адами ресурстардың дамуына серпін береді. Яғни, азаматтардың жинақтары мультипликативтік тиімділік әкеледі. Осындай тәсіл анағұрлым әділ әрі тиімді болады", – деді ол.
Сарапшылар үкіметтік жұмыс тобында зейнетақы жинағының бір бөлігін тек баспанасы жоқ азаматтардың ғана пайдалануына рұқсат ету ұсынысы болғанын білдірді. Егер жаңа жұмыс тобы сол сүрлеумен кетсе, тағы да халықтың ашынысын тудыруы мүмкін. Әрі президенттік бастама аясын қатты шектеп тастайды.
Жанат Ардақ