Фосфогипстің пайдасынан зияны басым болып тұр

2242

Тараз қаласының батыс жағында тау-тау болып үйіліп жатқан бұл зауыт қалдығы жерді құнарландыруда қаншалықты пайдалы болса, сол төңіректе орналасқан ауыл тұрғындарына соншалықты зияны тиюде. 

Фосфогипстің пайдасынан зияны басым болып тұр

Бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан түйінді мәселеге Парламент Сенатының депутаттары А.Нұралиев, Қ.Қожамжаров, М.Жолдасбаев, Е.Мамытбековтер назар аударып, Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал да жолдаған.

"Біздің депутаттық сауалымызға арқау болған, Жамбыл облысы Тараз қаласы маңында орналасқан "Казфосфат" ЖШС-ның "Минералды тынайтқыштар" Тараз филиалы  аумағында 12 316 мың тонна көлемінде жиналған өндірістік фосфогипс қалдықтарына байланысты, өңірлік экологиялық мәселелер.

Бүгінде ЖШС-дегі фосфогипстің көлемі жылдан-жылға көбеюде және  Тараз қаласының айналма жолының қарама-қарсы тұсынан ақ түсті, шаңдауытты қалдықтардың үлкен көлемдегі үйіндісі екінші "тау" болып бой көтеріп келеді. Қалдықтардың көлемінің ұлғаюына және арнайы орынның тапшылығына байланысты ЖШС осы фосфогипсті тыңайтқыш ретінде жермен айналысатын шаруа қожалықтарға ақысыз тегін жіберуге ұсыныс жасаған. Осы орайда, Жамбыл облыстық әкімдігі шаруа қожалықтардың фосфогипсті өздерінің жерлеріне тасымалдау қымбатшылығынан, ілеспе өнімді пайдалану тиімсіз деп танып отырғандарын ескере отырып, осы аталған өндірістік қалдықтарды бір жағынан тиімді пайдалану және кәдеге жарату мақсатында "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңның 7-бабы 2-тармағы 2-тармақшасын негіздей отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінен  фосфогипсті тынайтқыштар тізбесіне енгізуді, сонымен қатар аталған өндірістік қалдықтарды шаруа қожалықтар жеріне тыңайтқыш ретінде тасымалдауға жұмсалған шығындардың құнын ішінара өтеуге арналған субсидиялау нормаларын қарастыруды сұраған хаттар жолдаған.

Алайда, бұл сұраныс хат, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі А.Сапаровтың  хатымен, фосфогипсті минералдық тыңайтқыш ретінде қосымша суперфосфат немесе аммофос секілді фосфорлы тыңайтқыштардың негізгі түрлерін енгізбей қолдану тиімсіз болуына байланысты, Ауыл шаруашылық министірлігінен қолдау таппаған делінген депутаттық сауалда.

Бірақ фосфогипстің жоғарыда аталған суперфосфат пен аммофос тыңайтқыштарын қоспай-ақ, өз бетінше де сортаңданған жерлерді жұмсартып, оны біршама құнарландыруға қауқары жететінін ғылыми-зерттеу институттарының бірқатар мамандары растап отыр. Оның тиімділігіне көз жеткізу үшін арнайы тәжірибе де жасалған.

Сенат депутаттарының сауалында сондай-ақ: "Қалдықтар үйіндісі күннен күнге өсуде. Бұл – ең алдымен Тараз қаласы іргесіндегі елдімекен тұрғындарының денсаулықтарына байланысты алаңдатушылықтарын туғызуда. Жұрттың бұған деген наразылығы үдеп, күшеюде. Жел тұрғанда үйіндіден тартқан шаңнан айнала тұтасып кетеді. Өңірдегі қоршаған ортанының жағымсыз экологиялық жағдайы шұғыл кешенді шаралар атқаруды талап етеді" делінген.

Үйінділерден сәл әріректе орналасқан Қостөбе және Жамбыл ауылдарының тұрғындары бірнеше жылдан бері бұл мәселені айтып, дабыл қағуда. Ертеректе түрлі мал ауруларының пайда болғаны, ауыл тұрғындары пайдаланатын су бетіне қонған тозаңнан ішек-құрылыс жүйесінде түрлі ақаулар болатыны жиі айтылған. Бүгінде мал аурулары анықталмағанымен, тұрғындардың алаудаушылығы әлі басылған жоқ.

"Сәл ғана жел көтерілсе осы үйіндіден ұшатын тозаң ауыл үстін жауып қалады. Онымен тыныс алған соң әрине, адамның денсаулығына зиян келетіні зерттемесе де түсінікті жағдай. Зауыттың өзінен шығатын жағымсыз иісті айтпағанда, тау болып үйіліп жатқан қалдықтан ұшатын тозаң да ауыл тұрғындарын титықтатып тұр", – дейді аталған зауыт маңында орналасқан Қостөбе ауылының тұрғыны Бегімбет Оспанов.   

Бұл мәселеге қатысты "Казфосфат" ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров былай дейді:

"Әлбетте, депутаттар жолдап отырған сауал орынды. Бұл мәселені біз бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Фосфогипстің химиялық құрамы кальций сульфатынан тұратындықтан, ол – жерді қалпына келтіретін мықты құрал. Қазір Жамбыл облысында да, еліміздің өзге өңірлерінде де жердің тұздану, сортаңдану проблемасы бар. Сондықтан, игерілмей, бос жатқан жерлер көп. Ол тек Жамбыл емес, Ақмола, Түркістан, Қызылорда сынды барлық облыста бар мәселе".

Ескендір Зұлқарнайұлының сөзінше, зауыт фосфор өнімдеріне қосымша болып шығатын фосфогипсті мемлекет тарапынан рұқсат алып, арнайы жинап жатыр. Ал соңғы екі жылда Жамбыл облысы әкімдерімен бірлесіп, бұл мәселені шешу үшін аймақтағы шаруаларға оның әр тоннасын небәрі бір теңгеден беруде. Сондай-ақ оны салып беруді де зауыт басшылығы мойнына алған.

"Бұл жерде екі мәселе бар. Бірі – облыстың ауыл шаруашылығы саласына көптеп өткеру. Бүгінде сала басшыларымен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал екінші мәселе – өзге өңірлерге жеткізу. Сондықтан бізге мемлекеттік қолдау керек. Сенаторлардың көтеріп отырған мәселесі де осыдан келіп туындап отыр. Өйткені, тыңайтқыш небәрі бір теңгеден өткерілгенімен, өзге облыстарға жеткізу құны қымбатқа түседі. Оны автокөлікпен жеткізу мүмкін де емес. Ал темір жол арқылы тасымалдау үшін арнайы жеңілдетілген тариф бекітілу керек. Сондықтан, оның мемлекет тарапынан қаралып, шешілгенін күтеміз", – дейді кәсіпорын басшысы.

Сондай-ақ, ол аталған қалдықтың ауыл тұрғындарына келтіріп отырған қолайсыздығын да жоққа шығармады.

"Әрине, ол проблеманы жоққа шығаруға болмайды. Біз мүмкіндігінше ол ауыл дихандарына фосфогипс жеткізіп беруге, өзге де мәселелерде көмектесуге тырысамыз", – деген ЖШС директоры проблеманың оңтайлы шешілуі жан-жақты тиімді болатынын атап өтті.  


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Әсел Мұратбекқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу