Франция Қазақстанға жүздеген жаңа локомотив береді

7620

Қазақ елі тасымал жөнінен әлемдегі ең ірі, тіпті нөмірі бірінші державаға айналуы мүмкін. Әрине, ашық теңізге шыға алмайтын елдер арасында. 

Франция Қазақстанға жүздеген жаңа локомотив береді Фото: alstom.com/kz

Франция  Президенті Эмманюэль Макронның шақыруымен осы елге барған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында талқыланған мәселелердің үлкен бөлігі тасымал мен транзитке қатысты болғаны белгілі болып отыр.

Мұның мәнісі де жоқ емес, Еуропа Қазақстанның нөмірі бірінші сауда серіктесі және инвесторы. Алайда келесі жылдың басында Ресейге қарсы батыстық ірі санкциялар толыққанды күшіне енеді. Оның біразы дәл осы тасымалға қатысты. Салдарынан құрлықта қысылған, көк мұхитқа шығар жолы жоқ Қазақстанға өз тауарымен, шикізатымен РФ аумағы арқылы Батысқа, соның ішінде Еуропаға шығу қиындай түспек.

2022 жылғы 8 айда Қазақстан мен Еуропалық Одақтың 27 елі арасындағы тауарайналым 26,3 млрд долларға жетті. Сөйтіп, былтырғы осындай мерзімдегіден ($18,4 млрд) бірден 43%-ға артты. Маңыздысы сол, Еуропаның қазақ еліне сатқанынан сатып алғаны көп: биылғы қаңтар-тамыз аралығында ЕО мемлекеттері 22,1 млрд долларға яғни былтырғыдан 50,7% артық қазақ өнімдерін сатып алған. Оларға өткізілетін негізгі экспорттық өнімдеріміз – мұнай, мұнай өнімдері, ферроқорытпа, көмір, алюминий, уран, ауыл шаруашылығы дақылдары.

ЕО-да біздің тауарлардың негізгі сатып алушылары: Италия (8 айда 9,96 млрд доллардың тауарын тасыды, былтырғыдан 92% көп), Нидерланды ($3,6 млрд, +18%), Франция ($1,8 млрд, +13%), Испания ($1,7 млрд, +47%), Румыния ($1,3 млрд, +22%) және Грекия ($1,2 млрд, +46%). Осы елдердің бәріне экспортымыз біршама артты.

Жыл қорытындысында осы көрсеткіштер бұдан да жоғары, салмақты болады деп болжануда. Бірақ енді келесі жылы осы қарқынды жоғалтып алмай, үстемелете ұлғайту міндеті тұр. Өйткені Еуропа көп тауар номенклатурасы бойынша ресейлік өнімдерді қазақстандықпен алмастыруға құштарланып отырған көрінеді.

Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон тасымал саласындағы екі алып жобаны ұштастыру жайын қарастырған.

Әңгіме Астана ілгерілетіп отырған Орталық Азиядағы ірі көліктік бастама – Транскаспий халықаралық көлік маршруты мен Еуропалық Одақтың "Global Gateway" жобасы туралы. Екі елдің көшбасшысы осы ғаламат ауқымды жобаларға өзара қолдау білдіруге уағдаласты.

Қазақстан континент ортасында орналасқан ел болғандықтан, бұл тұрғыдағы басты мәселе – теміржол саласын дамыту болмақ. Әзірге зор қарқынмен еселеп өскен тасымал ауқымын еңсеруге осы саланың қауқар, әлеуеті жетпей жатыр. Басқаны айтпағанда, отандық астық тасымалдаушылардың локомотивтер тапшылығына тап болғанын Inbusiness.kz талай мәселе етіп көтерді.

Алда бұл проблема да шешімін табатынға ұқсайды. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы үшін француз алпауыты 245 бірлік электровоз локомотивтерін өндіретін болады.

Осы мақсатта Тоқаевтың Францияға сапарының қорытындысында, Қазақстан Үкіметі мен француздың "Alstom Holdings SA" компаниясы арасында Қазақстанда электровоздарды және жылжымалы құрам мен теміржол көлігінің инфрақұрылымына арналған жабдықтарды өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету бойынша жобаларды іске асыру жөніндегі базалық қағидаттар туралы келісім бекітілді.

Өз кезегінде "қазіргі электровоздар дефициті мәселесін шешу үшін" "ҚТЖ" ҰК" АҚ мен "ALSTOM Transport SA" басшылары ынтымақтастық туралы келісімге, "ҚТЖ" ҰК" АҚ мен Société Générale Негізгі шарттар туралы келісімге қол қойды. Әлемдегі ең ірі қаржы конгломераттарының жиырмалығына кіретін Société Générale осы жобаны несиелендіреді.

Мұнда бір жақсы жаңалық бар: француздың заманауи локомотивтері Қазақстанда құрастырылады екен. Қазақстан темір жолының баспасөз қызметі нақтылағандай, қабылданған құжатқа сәйкес, ALSTOM компаниясы 2023–2029 жылдары қазақстандық "Электровоз құрастыру зауытында" 245 электровоз құрастырып, ҚТЖ-ға жеткізеді.

Аталған мәміле Францияның Қаржы министрлігінің, BPI France мемлекеттік экспорттық-импорттық агенттігінің және Société Générale банкінің белсенді жәрдемдесуі арқасында жүзеге асырылатын болады. Несиенің пайыздық ставкасын солар субсидиялайды екен.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2022 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда жалпы көлемі 16 мың 5,6 шақырым теміржол, 95 443 шақырым автомобиль жолдары бар.

"Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік-логистикалық кешені мен транзиттік әлеуетін дамытуға 10 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл саладағы сандық және сапалық өзгерістерге әкелді. 2,5 мың шақырым жаңа теміржол желілері салынды, 13 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары реконструкцияланды. Ауқымды инвестициялар арқасында қазақстандық инфрақұрылымның жаһандық көліктік-логистикалық ағындарға интеграциялануы жеделдетілді. Бұған қоса, жүктерді жеткізудің төмен құны мен жоғары жылдамдығын қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті жаңа транзиттік дәліздерді қалыптастыруға жол ашылды", – деп хабарлады министрлік.

Нәтижесінде, Қазақстан арқылы транзитпен өтетін контейнерлік тасымалдау көлемі 2015 жылдан бері 5 есе, яғни 210 мың ЖФБ-дан (жиырма футтық баламадан) 1 млн 65 мың ЖФБ-ға дейін өсті. Қытай–Еуропа бағытында контейнер ағыны 15 есеге – 2015 жылғы 47 мың ЖФБ-дан 2021 жылы 732 мың ЖФБ-ға дейін өсті. ҚХР–Орталық Азия және Ресей Федерациясының Қиыр шығыс порттары–Орталық Азия бағыттарында транзиттік контейнер ағыны соңғы 7 жылда (2021 жылдың қорытындысы бойынша) 2,2 есеге: 292,5 мың ЖФБ-ға дейін артты.

Бірақ инвестицияның басым бөлігі Ресей арқылы өтетін бағыттарға құйылып келді. Тіпті пиары мықты "Батыс Еуропа–Батыс Қытай" халықаралық дәлізі тармақтарының көбі РФ шекарасына барып тіреледі.

Ал енді Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы жобасында Ресейді айналып өтетін дәліздер мен маршруттарды дамытуға басымдық берілмек. Оның бірі Тоқаев халықаралық деңгейде ілгерілетіп жатқан Транскаспий бағдары. Жалпы, ол баяғыдан іске қосылған маршрут, тек бұрын Ресей арқылы бағыттарға басымдық берілгендіктен, солардың тасасында қала беретін. Қазір Транскаспий күш алуда. 2021 жылдың өзінде Транскаспий халықаралық көлік маршрутымен (ТХКМ) транзиттік 15 мыңдай контейнер тасымалданды. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 36 есе көп. Ресейді айналып өтетін Қытай–Иран бағытында, яғни құрлықтағы Қазақстан–Түрікменстан–Иран үздіксіз теміржол желісі бойынша 2,9 мың контейнер өтті. 2015 жылы бұл маршрут болмаған.

Жалпы, Ресейге баламалы бағыттар Каспийдегі қазақстандық теңіз порттарына салмақ түсіреді. ИИДМ мәліметінше, бүгінде Қазақстанның теңіз қақпасы саналатын Ақтау және Құрық порттары жылына 21 млн тонна жүк өткізуге қабілетті. Алда ол қуаттылықты 40 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.

Сондай-ақ еліміздің "Баку–Тбилиси–Карс" жаңа теміржол желісіне қосылуы нәтижесінде отандық тауарларды Түркияның оңтүстік және батыс порттарына тікелей тасымалдау жолға қойылды. Бұдан бөлек, ол Қазақстанның экспорттық жүктеріне Түркия арқылы Жерорта теңізіне шығуға мүмкіндік берді.

Ұлы даланың трансконтинентальды тасымалдау жүйесіндегі маңызы мен рөлін мынадан аңғаруға болады: еуропалық сарапшылар бүгінде Қытай–Еуропа–Қытай арасын жалғайтын Трансқазақстандық дәлізді стратегиялық рөлі жөнінен Суэц каналына теңеді.

Ресей порттарының оқшаулана бастағанына байланысты шың елі жүк ағынын өз теңіз жолдарына қайта бағдарлап көрген. Бірақ Қазақстан аумағымен өтетін жерүсті транзитімен жүктерді жаһандық нарықтарға жеткізу теңіз жолдарына қарағанда 3 есе жылдам екені анықталды. Ал әуе көлігіне қарағанда 10 есе арзан.

Транзқазақстандық, Транскаспий бағыттарында ҚХР негізінен 2 теміржол өтпесіне тәуелді. Бұлар шекарадағы Қазақстанның "Шығыс қақпасы" саналатын Достық–Алашанькоу және Алтынкөл–Қорғас теміржол шекара өтпелері. Бұлардың жүк өткізу қабілеті жылына 40 миллион тоннаны құрайды (әрқайсысында 20 млн тоннадан). Қытай–Еуропа–Қытай, Қытай–Орталық Азия елдері–Қытай, сондай-ақ Каспий және Иран порттарының бағыттарында әрлі-берлі тасылатын жүктердің, контейнерлердің негізгі көлемі дәл осы екі өтпе арқылы өтеді.

Индустрия министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылдың басынан, яғни соғыс басталып, батыстық санкциялар өрістегелі ҚХР– Ресей–Беларусь–ҚХР бағытындағы теміржол транзитінің көлемі де күрт өскен. Себебі, бұрын бұл елдер жұңғо елімен Еуропа порттары арқылы алысберіс жасап келіпті. Енді құрлық жолына ден қойды.

"Нәтижесінде, бүгінде Достық шекаралық өтпесінің теміржол инфрақұрылымына алапат салмақ түсіп тұр: ол өз қуатының шегінде жұмыс істеуде. Бұл ретте Достық арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға және экспорттық жеткізілімдерге жиынтық сұраныстың артуы бірнеше шараны жүзеге асыруды талап етеді. Нақтыласақ, "Достық–Мойынты" учаскесін жаңғырту және дамыту жобасын жеделдетіп қолға алу керек. Соның ішінде жаңадан екінші жолды салу, учаскені толық электрлендіру, сондай-ақ жаңа логистикалық және технологиялық шешімдерді енгізу талап етіледі", – деп түсіндірді Индустрия министрлігі.

Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі отандық порттардың қайта тиеу қуаттарын арттыру, оларға жақындау жолдарындағы теміржол инфрақұрылымын қосымша дамыту күн тәртібінде тұр. Мемлекет басшысы бұл іс-шараларға кірісуге пәрмен берді.

Француздық локомотивтер дизелмен немесе газбен емес, электрмен қозғалады. Ал Қазақстанда бүкіл теміржолдың төрттен бір бөлігі ғана электрлендірілген. Әсіресе Мойынты–Достық, Тобыл–Қандыағаш, Жарық–Жезқазған, Шұбаркөл–Есіл, Бейнеу–Шетпе учаскелерін электрлендіру өзекті: олардағы жолдың өткізу қабілетінің төмендігі және жүріс шабандығы қазақстандық жүк жөнелтушілердің жүктерін тасымалдауға деген сұранысын толық көлемде өтеуге де мүмкіндік бермей отыр. Сарапшылардың байламынша, 2030 жылға дейінгі жаңа көліктік концепция аясында бұл мәселе де шешімін тапқаны жөн.

Қазіргі кезде республикада локомотивтер паркі 1 800-дей ғана. Оның ішінде 1 233-і – тепловоз, 590-ы – электровоз. Бұдан өзге 2 377 жолаушылар вагоны, 134 817 жүк вагоны бар. Соның 46 226 вагоны – ҚТЖ-ға, қалған 88 591 жүк вагоны – жеке операторларға тиесілі.

Локомотив паркінің едәуір бөлігі 2035 жылға дейін толық ауыстыруды қажет етеді. Магистральды локомотивтердің орташа тозуы – 70%, маневрлік локомотивтерде – 75%-ды құрайды. Яғни, бүгінде ҚТЖ пайдаланатын әрбір 10 локомотивтің орташа есеппен 7-сінің тозығы жеткен.

Үкімет тартқан, Қазақстанның локомотив паркіне талдау жасаған, жүктерді тасымалдау болжамын түзген халықаралық консультанттардың бағалауынша, елдегі локомотивтер паркін 2032 жылға дейін жаңартуға шамамен 1,6 млрд доллар инвестиция қажет болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу