Франциядағы алапат тәртіпсіздіктердің артында не тұр?

2712

Сарапшылар 17 жасар бозбалалардың қалайша Бесінші республиканы "тізерлеткеніне", енді бұл тұйықтан қалай шығуға болатынына бас қатыруда.   

Франциядағы алапат тәртіпсіздіктердің артында не тұр? Фото: Eurotopics

Францияда бір аптадан астам уақыттан бері бүлік пен бейберекетсіздіктер басылмай тұр. Оның барысында көптеген әкімшілік ғимарат пен тұрғын үй қиратылды. Қалаларда бұзылған нысандар саны жүздеп, ал өртелген көліктер мыңдап саналады. 

Бұл ретте енді бүлікшілер билікке ешқандай саяси талап қойып отырған жоқ. Сарапшылар олардың көздегені тонау болса керек деп тұспалдады. Себебі, көшедегі камераларды сындыруда. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, тәртіпсіздікке қатысушы жастар жолай кездескен көліктер мен сауда орындарын алдымен тонап, содан соң оған өрт қояды. Соған қарағанда, қылмысын жасырудың қамын жасайтын болса керек.

Халықтық толқуға Париж іргесіндегі Нантер қаласында Наэль М. (ресми құжаттарда оның аты-жөні аталмайды) есімді бозбаланы полицияның атып өлтіруі түрткі болды. Бұл оқиға жұртшылыққа әлеуметтік желілер арқылы белгілі болды: TikTok және Snapchat онлайн-платформалары өзінде орналастырылған бейнекамералардың тиісті жазбаларын белсенді таратып, трендке шығарды. Осы үшін Франция Президенті Э.Макрон қос әлеуметтік желіні әлеуметтік кернеу туғызды деп айыптады.

Видеода бейнеленгендей және алдын ала тергеу көрсеткендей, полиция Наэль М. жүргізіп келе жатқан машинаны тоқтатады. Бірақ ол тәртіп сақшыларының талабына бағынбай, көлігімен қашып құтылмақ болады. Қуғын ұйымдастыруға тура келген полиция оны көлік кептелісінде ғана қуып жеткен. Құқық қорғау қызметкерлері көлікті тінтіп шығу үшін жасөспірімді тұтқындауға талап қылғанда, Наэль қайтадан тайып тұруға талаптанған көрінеді. Бұдан күдіктенген полицейлер оны атып тастады.

Артынша әлеуметтік желілерде оқиғаның басқа нұсқасы тарады: өзін Наэль М. көлігіндегі жолаушының бірімін деп таныстырған адамның айтуынша, полиция тәртіп бұзушы жеткіншекті ұрып-соға бастаған. Салдарынан оның тежегішті басқан аяғы тайып кетіп, автомобиль ілгері жөнеп берген-мыс. Бұл полицейдің шүріппені басуына себепкер болған көрінеді. Мұндай нұсқаның шын-өтірігін ақпарат құралдары анықтай алмады.

Жалпы, тәртіп бұзушы заңды талапқа бағынбаса, америкалық полисмендер оны дереу атып тастауға құқылы екені белгілі. Бұл Голливудтың қаншама киносына арқау болды.

Ал Францияда бертінге дейін құқық қорғау қызметкерлеріне қару қолдануға рұқсат етілмеді. Мұны лаңкестер қаскүнемдік жасау үшін пайдалана бастады. Мысалы, 2016 жылы Ницца қаласында теракт ұйымдастырды: терроршы басқарған жүк көлігі жаяу жүргіншілер жүретін аймаққа баса-көктей еніп, жұртты тапап тастады. Полиция қару қолдану туралы шешім қабылдағанша, ол 86 адамды қырып үлгерген.

Осы оқиғадан соң ел Парламенті ұзақ айтыса келе, ақыры бертінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, қылмыскерді атуға рұқсат етті. Бірақ бұл шара қатаң регламенттелген. Тек адамдардың өміріне шынайы қауіп төнгенде қару қолдануға рұқсат. Полиция өз талабына дөрекі түрде бағынбай, қауіпті маневр жасайтын көлік иесін қару күшімен тоқтату құзырын иеленді.

Наэль М. Алжирден қоныс аударған отбасыдан шыққан. Дегенмен, ол Францияда туып, сонда өскен. Лицейде оқыған, курьер болып жұмыс істеген. Франциядағы саяси шолушы Сергей Михайловтың хабарлауынша, ол бұрын тұтқындалмапты, соттылығы да болмаған. Алайда полицияның ішкі базаларының мәліметі бойынша бұған дейін де машинасын тексеріп қаратқызудан бас тартқан жағдайлары болыпты.

Қалай болғанда, он жеті жасар бозбаланың өлімі Францияға оның бұрынғы отар елдерінен көшкен эмигранттардың өткір реакциясын туғызды. Бастапқыда, 27 маусымда оппозициялық солшыл, коммунистік күштер және қозғалыстар көшеге халықты бастап шығып, жаппай бейбіт шерулер ұйымдастырды. Онда әділдік, бозбаланы өлтірген тәртіп сақшыларын әділ жазалау, полицияның жөнсіздігіне тосқауыл қою және басқа талаптар қойылған.

Бұл наразылықтар артынша бейберекетсіздікке ұласты. Оның қатысушылары 1 шілдеде полиция бөлімдеріне шабуылдап, ондағы қаруларды, тіпті пулеметтарды қолына түсірген. Жергілікті телеарналар үйлердің шатырларында снайперлерді байқағандарын жеткізді. Тәртіпсіздіктер ошағына айналған аудандардан полицияның шегініп кеткенін пайдаланып, бүлікшілер жолай кездескен автокөліктерді өртеуге, дүкендерді тонауға кіріскен.

Мысалы, Лотарингияда McDonald’s мейрамханасы отқа оранды. Персанда ғибадатхана, ратуша өртелді.

Бейберекетсіздіктер ел астанасы Парижге ғана емес, Марсель, Лион, Лилль, Тулузу және басқа да қалаларға, 220-дан астам елді мекенге жайылды.

Наразылық акцияларына қатысушыларды көзден жас ағызатын газбен қуып таратпақ болған тәртіп сақшылары жауған оқтың астында қалды. Алғашқы күннің өзінде кем дегенде 79 полицей түрлі жарақат алған. Әлеуметтік желіде бүлікшілердің 5,56 миллиметрлік калибрдегі пулеметті қолданып жатқаны бейнеленген видео тарады. Сондықтан Le Progres жазуынша, билік Лионға сегізінші республикалық қауіпсіздік ротасын аттандыруға мәжбүр болған. Бұл арнайы жасақ көше бүліктерін басуға маманданған.

Бірнеше қаланың билігі өздерінде "зорлық-зомбылықтың теңдесі жоқ деңгейі" тіркелген мәлімдеді. Тілсіз жау шарпыған ғимараттарды сөндіруге ұмтылған өрт сөндірушілерді және еріктілерді бүлікшілердің соққыға жығуының оқиғалары тіркеліпті. Бүлік барысында 240-тан астам оқу орны тоналып, қиратылған. Бұл туралы Білім министрі Пап Ндиайе мәлімдеді.

Яғни, наразылық білдірушілердің көксегені тіпті де әділдік болмаса керек. Оларды жасөспірімді атқан полицейдің тұтқындалуы да тоқтатпады.

Атақты футболшы Киллиан Мбаппе және мигранттар арасынан шыққан басқа тұлғалар наразылықты тоқтатуға шақырып, үндеу жолдады. Бірақ бүлік пен былықты қалағандар мұны да құлаққа ілетін емес.

Әу баста көше тәртіпсіздіктерін басуға полицияның күші жететініне сенімді болған Президент Эмманюэль Макрон артынша бүліктің бой бермей бара жатқанын көріп, еуропалық саммитті тастап кетуге мәжбүрленді. Ол Брюсселдегі Еуропалық кеңестің отырысына қатысып жатқан еді. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт дайындалған Германияға сапарынан да бас тартты. Дағдарысқа қарсы штабты Президенттің өзі басқаруда.

Наразылық акциялары мигранттар шоғырлана тұрып жатқан аудандары мен кварталдары бар барлық франциялық ірі қалаларды тегіс қамтыды. Оның біразында полиция бейберекетсіздікті баса алды. Басқаларында бүлік жаңа күшпен жалғасуда.

Бірқатар сарапшы Франциядағы бейберекетсіздіктерді АҚШ-тағы оқиғалармен салыстыруда. 2020 жылы америкалық полицейлердің ұстау барысында қара нәсілді Джордж Флойдты атып тастауы ұқсас бүліктерді туғызды және Black Lives Matter (BLM) қозғалысының пайда болуына әкелді.

Алайда Құрама Штаттардың жайы бөлек: онда афроамерикалықтар екі ғасыр бойы құлдықты және бір ғасыр бойы сегрегацияны бастан өткерді. Қара нәсілділерге ақ нәсілділер баратын мектептерге, дәмхана, дүкендерге кіруіне, олар отырған автобустарға мінуіне тыйым салынған зұлмат заманды көзі көргендер әлі тірі.

Ал Франция аумағында құлдық болмаған. Тек француздар Африкадағы, Магрибтегі колонияларында жергілікті азаматтарды құлдық жұмысқа жеккен. Бұл тәжірибеге 1848 жылы тыйым салынды. Париж содан кейін де отар елдерін бір ғасырдай пайдаланды.

Содан 1917 жылы Францияға АҚШ әскері келгенде, оның құрамындағы қара нәсілді америкалық солдаттар Парижде терісі қара адамдарға да кез келген дәмханаға кіріп ас ішуге, тіпті ақ нәсілді әйелдердің жанына жайғасуға рұқсат етілгенін біліп, қайран қалады.

Сарапшылар тағы бір жайтқа назар аудартты. Мәселен, Германияда да мигранттар көп: бірнеше миллиондық түрік диаспорасы тұрады. Әйтсе де, түріктер жаппай бүлік ұйымдастырмайды. Пәкістандық мигранттар да төл талаптарын күш көрсету арқылы тықпалауға тырыспайды.

Ал Магриб өңірі мен Африкадан қоныс аударғандар негізінен жергілікті қоғамға кірікпеуге, бөлек шоғырлануға бейім тұрады. Осылайша, Францияда туып, ер жеткен, бірақ оның құндылықтарын бойына сіңірмеген, салдарынан тәртіпсіздік болған сайын өзі өмір сүретін аудандар мен қалаларды өртеп, бұзып, тонауға дайын тұратын "жаны жатжұрттық" жастардың тұтас қабаты қалыптасуда.

Оларды қоғамға кіріктірмей, Францияда 2005 жылдан бері өршіген көше бүліктері алда жаңа қарқынмен жалғаса беретіні даусыз. Олар жаппай тәртіпсіздікке еш негіз болмаса, себепті өздері қолдан "жасап" алуы ықтимал.

Оның үстіне бүлікшілердің қатары күрт жасарды. Франция Ішкі істер министрі Жеральд Дарманен протест шаралары кезінде шектен шығып, өрескел бұзақылыққа барғаны үшін ұсталған бірнеше мың (4 мыңнан аса) адамның орташа жасы — 17 жас екенін хабарлады. Ендеше одан да жас жеткіншектер көп болса керек.

Мигранттарды әлеуметтендіру, инклюзия құралдары, аралас мектептер, келімсектер жинақы тұратын аумақтарды дамыту бағдарламалары, француздық ортақ құндылықтарды және ұлттық бірлікті ұдайы насихаттау көп нәтиже бермеуде. Бүлікшілердің күрт жасаруы, олардың қатарын Францияда туғандардың, яғни француздардың толтыруы бұл республиканың ұлттық тұтастығынан айрылуға шақ қалғанын көрсетсе керек. Жас қарақшылар мен тонаушылар үшін мемлекет те, мұғалімдері де, зорлықты доғаруға шақырған жұлдыздар да, тіпті ата-аналары да авторитет еместігі, олардың аталы сөзге тоқтамайтыны аңғарылды.

Жағдайды француз заңдарының жұмсақтығы ушықтыра түседі: көліктерді өртеп, әлеуметтік нысандарды қиратқан жастардың көбі бүгінде қамауға алынғанымен, сот оларды ертең түрмеге отырғызбай, үйлеріне босатады. Бөтеннің бүлдірілген мүлкі үшін салынған айыппұлды олардың ата-анасы тұрмысының төмендігіне байланысты төлей алмайды. Қайта бұл жағдай ол жастарды ары қарай өшіктіруі мүмкін.

Бұл жолғы бүлікті арнайы жұмылдырылған 45 мыңнан астам полиция азды-көпті ауыздықтай алды. Алдағы күндері оның соңғы ошақтары да "сөндірілетін" болар. Бірақ қоғамға интеграцияланбаған мигранттардың мәселесі шешілмесе, бұл уақытша шара ғана болмақ.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұл проблеманы "трущобаларды" сүріп, орнына жаңа тұрғын үйлер, заманауи инфрақұрылым салу, білім беру, заңгерлік көмек, жұмысқа орналастыру және құқық қорғау органдарының әлеуетін күшейту арқылы шешкен абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу