Осының алдында Inbusiness.kz Парламент қабылдап жатқан жаңа заң жобасына сәйкес, ғалымдардың жалақысына қосымша үстеме ақы төленетінін және 1 жылға созылатын шығармашылық демалыс берілетінін жазды.
Мысалы, доцент атағы бар ғылым кандидаттары – ай сайын 25 АЕК (2024 жылы 92 300 теңге), профессор атағы бар ғылым докторлары – 50 АЕК (биыл 184 600 теңге) қосымша ақы алып отырады.
Бұл жерде ғылыми атақтары бар қазақстандықтардың соған қаншалықты адал қол жеткізгеніне, қаншалықты лайықты екеніне қатысты сұрақтар туындайды. Өйткені кейінгі жылдары диссертациялардың плагиат, өзге ғалымдардың еңбегінің қалпымен көшірмесі болып шығатыны жиі дау тудырып жүр.
Оның үстіне дайын диссертацияны сатып алу, соны әзірлейтін фирмалардың қызметіне жүгіну проблемасы да ушығып тұр. Өзі зерттеу жүргізбейтін, өз жұмысын өзгелерге, түрлі көмекшілеріне жүктей салуға жаман үйренген ғалымсымақтар мемлекет қанша көтермелесе де, елге, отандық ғылымға пайда әкелмейтіні даусыз.
Осыған орай бір топ Сенат депутаты наурыз айының басында Үкіметке PhD докторлық диссертацияларды қорғау тәртібін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауға қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Үкіметтің жауабы осы ғана келіп отыр.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстанда докторантураға түскендердің ішінде диссертациясын қорғап, атақ алып шығатыны жартысынан да аз екен. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен біршама төмен.
Тамара Босымбекқызы диссертациялық жұмыстардың сапасын бағалау критерийлері бұрыннан толық бекітілгенін, енді олардың сақталуын қамтамасыз ету ғана қалғанын нықтады. Докторанттардың диссертациялық жұмыстарының сапасын бағалау критерийлері Дәрежелерді беру қағидаларында көзделген.
"Атап айтқанда, диссертацияларды автордың өзі, дербес жазуы шарт. Сондай-ақ мәтінінің ішкі бірлігі сақталуға, ғылыми жаңашыл, дәйекті, шын, практикалық құнды болуға, академиялық адалдық қағидаттары қамтамасыз етілуге және ғылымды дамытудың басым бағыттарына сәйкес болуға тиіс. Диссертациялық жұмыстарды қорғау үшін негізгі ғылыми нәтижелерді халықаралық рецензияланған ғылыми журналдарда жариялау қажет. Бұл да ғалымның қызметінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады және оның ғылыми зерттеулерінің сапасын, әлемдік ғылыми кеңістіктегі маңыздылығын көрсетеді. Қазақстанда қорғалған докторанттардың үлесі соңғы 3 жылда 42%-ға дейін жетті. Әлемде осы көрсеткіш 40-тан 60%-ға дейін барады", – деді Үкімет басшысының орынбасары Т.Дүйсенова.
Бұдан бұрын inbusiness.kz грантпен түсіп алып, ай сайын қомақты стипендиясын қалтаға басып, ақыры диссертация қорғамай, ғылымды тәрк етіп кететін докторанттар көбейгенін жазған болатын. 2024 жылы докторанттардың ай сайынғы шәкіртақысы – 240 000 теңгені құрайды. Алда тағы өсірілмек.
Ғалым, PhD доктор Хайрулла Масадиков танымал университеттердің бірінде 2012–2021 жылдар аралығында докторантурасын тамамдаған, алайда қорғауға шықпаған шамамен 160 докторант болғанын айтқан еді. Ұқсас проблема барлық ЖОО-ларда қалыптасқан.
2011 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта PhD докторантурада жалпы саны 10 276 адам білім алыпты. Қорғағандарының саны – 4 497 адам ғана, яғни докторантурада оқығандардың 44%-ын құрайды. Бұл өте төмен көрсеткіш.
Тамара Дүйсенова бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін докторанттарға үлкен жеңілдіктер жасалып жатқанын жеткізді.
"Мысалы, "Жас ғалым" бағдарламасы енгізілді, ол бойынша жас ғалымдарға, оның ішінде докторантураны бітірген, бірақ оны қорғай алмағандарға мүмкіндік-шанс беріледі. Олар "Жас ғалым" грантына өтінім беріп, соның қаражатына өзінің докторлық дәрежесін қорғап шыға алады. Бұған қоса, Қағидаларда диссертация қорғау кезінде талап етілетін ғылыми жарияланымдарға балама-альтернатива қарастырылды. Докторанттарға төл ғылыми қызмет нәтижелерін шетелдік сенімді баспалардың монографияларында, қазақ тілі мен әдебиетіне, қазақ филологиясына, Қазақстан тарихына, философияға байланысты дайындық бағыттары бойынша отандық ғылыми журналдарда 5 мақала түрінде және халықаралық ғылыми конференциялардағы 2 баяндама түрінде жариялауына рұқсат етілді", – деді вице-премьер Тамара Дүйсенова.
Жалпы, бұл салада миллиардтар айналады.
Clarivate Analytics дерегінше, бір ғалым мақаласын жариялауға орта есеппен 2–3 мың еуро жұмсайды. Ұлттық банктің 2024 жылғы 6 сәуірге бекіткен валюталар бағамы бойынша 1 еуро 484 теңге тұратынын ескерсек, ғалымның жариялану шығыны шамамен 1 млн 452 мың теңге болатынын көрсетеді.
Жариялану құны журналдың рейтингіне, оның импакт-факторына және квартиліне байланысты. Бұл ретте халықаралық және Open Access журналдарындағы жарияланымдарға қойылатын талаптар бірдей.
Бұл салаға мемлекеттің шығындары да орасан. Қазақстандық ғалымдардың зерттеу сапасы мен жарияланымдық белсенділігін арттыру мақсатында Үкімет 2011 жылдан бері, жыл сайынғы негізде рефераттық және толық мәтінді дерекқорларға Ұлттық жазылымды ресімдейді.
2018-2023 жылдар аралығында Халықаралық деректер базасының қызмет ақысын төлеуге мемлекеттік бюджеттен 5,2 миллиард теңге шығындалды: 2018 жылы – 1 млрд 217 млн, 2019 жылы – 1 млрд 226 млн, 2020 жылы – 706 млн, 2021 жылы – 736 млн, 2022 жылы – 605 млн және былтырғы 2023 жылы – 708 миллион теңге аударылды.
Осы арқылы 250 қазақстандық ҒЗИ мен ЖОО шетелдік дерекқорларға тегін қол жеткізіп отырған көрінеді. Одан бөгденің диссертацияларын аударып, көшіріп алудан басқа, елге қандай қайтарым болғаны белгісіз.
Үкіметтің мәліметінше, бұған мемлекеттік ұйымдардың жеке тәртіппен қосылатынын қосса, шетелдік ғылыми жарияланымдардың ортақ дерекқорларына қол жеткізудің шығыны жылына 2 миллиард теңгеден асады.
Айтпақшы, ғылымы кенже қалғанымен, Қазақстан шетелде мақала басудан Орталық Азияда алдына қара салмайды: жарияланым белсенділігі бойынша аймақтық көшбасшысыға айналды. Оның үстіне қазақстандық ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі жыл сайын артып келеді:
- Scopus: 2018 жылы – 4 352, 2019 жылы – 5 309, 2020 жылы – 5 913, 2021 жылы – 6 275, 2022 жылы – 6 509 жарияланым (2023 жылдың қорытынды деректері 2024 жылғы шілдеде шығады);
- Web of Science: 2018 жылы – 3 519, 2019 жылы – 4 222, 2020 – 4 537, 2021 – 4 036, 2022 – 4 239 (2023 жыл қорытындысы биылғы шілдеде белгілі болады).
Осылайша, қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарының саны 2018 жылмен салыстырғанда Scopus дерекқорында 50%-ға, Web of Science дерекқоры бойынша 20%-ға өсті.