Газға наз: "көгілдір отын" бағасы көтеріліп барады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4778

Ел үкіметі Қазақстанды газдандыру үшін еуропалық қаржылық ұйымнан қарыз алуға мәжбүр болады.

Газға наз: "көгілдір отын" бағасы көтеріліп барады

Бұл туралы cейсенбі, 13 ақпанда энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. 

Ірі кен орындарынан ірі қалаларға құбыр тартып, "көгілдір отынмен" қамтамасыз етіп шығуға ел бюджетінен қажетті қаражат табылмағаны белгілі. Бірақ мемлекеттің елді газдандырмаудан басқа амалы жоқ. Экономикалық қырларын айтпағанның өзінде, қыс түскен сайын, Астанадан бастап, барлық өңірлер ыс пен түтінге тұншығады.

Кезінде Ленин: "Коммунизм дегеніміз – электрификация" деп нақыл қалдырып кеткен екен. Ал Қазақстан жағдайында бұл газдандыру болып тұр. Оның үстіне газ – табиғатқа зияны аз экологиялық қуат көзі саналатындықтан, елді онымен кең қамту Қазақстанның "жасыл" экономикаға көшу бойынша жетістіктерін қомақты, рейтингін салмақты етер еді. Сонымен бірге, газдандыру – жауапты шенділер әлі күнге орындай алмай келе жатқан елбасының тікелей тапсырмасы болып табылады.

"Астананы, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында "ҚазТрансГаз" "Сарыарқа" атты магистралді газ құбыры құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Оған сараптама оң қорытынды берді. Бүгінде жобаны қаржыландыру мәселелері бойынша еуропалық қайта құру және даму банкінен қарыз қаражаттар тарту жөнінде келіссөздер белсенді жүргізілуде", – дейді Қанат Бозымбаев.

Осыған байланысты бұл жұмысқа тіпті әртүрлі меморгандар мен ұйымдар жұмылдырылып, ведомствоаралық жұмыс тобы қалыптастырылуда екен. Оған ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің, Астана әкімдігінің, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері кірмек. Олар Қазақстанның өне бойында ұзыннан ұзақ созылып жататын алып газ құбырының әр телімін және саналуан жұмыстарын қаржыландырудың схемалары мен шарттарын анықтайды.    

Бас энергетик бұл жоба іске қосылғаннан кейін елге қандай игілік келетінін айта кетті. Мәселен, бас қалада ірі тұрғын үй кешендері, сондай-ақ Риксос және басқа да бесжұлдызды қонақүйлер, меморгандардың бірқатар заңғар ғимараттары – жалпы саны екі жүзден астам нысан "Астана ЖЭО"-ның орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған, сондықтан олардың әрқайсысы төбесінен түтінін будақтатып, өзін-өзі жылытады. Енді оларға құбыр тартып, жаппай газға көшіру көзделуде.   

"Бірінші кезекте, Астанада 192 жеке қазандық, 48 жаңа коммуналдық қазандық, елордадағы жеке сектор, яғни 22 мың үй, сондай-ақ ЖЭО-1 мен ЖЭО-3 қазандықтары газға ауыстырылады. Бұл Астананың экологиялық ахуалының жақсаруына ықпал етеді. Бұдан бөлек, магистралді газқұбыры трассасының бойында инфрақұрылым дамытылады. "Көгілдір отынның" келуі жол бойында табиғи газды пайдаланатын жаңа өндірістердің құрылуына түрткі болады", – дейді энергетика министрі.

Ал үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың есебінше, Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірлерін газдандырудың барлық жұмыстары 1 триллион теңгеге түспек. Әрине, оның қаншасы еуропалық қаржы ұйымынан тартылары келіссөздер аяқталғанша белгілі болмайды. Бірақ бәрібір Қазақстанның сыртқы қарызы қыруар қаржыға өсетінге ұқсайды.

Дегенмен, кәсіпкерлер газдың жыл сайын қымбаттауы өндірістік шығындардың артуына соқтырып, жүйкені жұқартып отырғанына, соның салдарынан өнімнің өзіндік құны қымбаттап, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендейтініне шағымданады.

Бизнесмендерге әкімдер қосылды. Бүгін үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жүгінген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев газдың құны Шымқала өңірінің ең бір өткір проблемасына айналғанын мәлімдеді. 

"Біздің өңір жұмыскерлерінің саны екі мыңнан асатын өнеркәсіптік, жүйе құраушы кәсіпорындарға мұқтаж. Алайда ол кәсіпорындарды құру бойынша бастамаларды жүзеге асыру газ бен электр энергиясы тарифтерінің тым жоғарылығы кесірінен күрделенуде. Сондай-ақ Шымкент агломерациясын газбен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібіндегі күйіп тұрған түйткілдердің бірі болып табылады", – деген облыс әкімі үкімет басшысынан мемлекеттік бюджеттен қажетті қаржы бөлуді сұрады. 

Өз кезегінде әкім сөзін энергетика министрлігі растады. Ведомство қазақстандықтардың қай өңірде газ үшін ең көп төлем төлейтінін жеткізіп, рейтингін жариялады.

Сонымен, энергетика министрлігінің ақпараты бойынша ең қымбат "көгілдір отын" шынында, еліміздің оңтүстігінде. Онымен қоймай, оның бағасы ары қарай өсуде. Атап айтқанда, өткен жылдың 1 желтоқсанында өңірде газ тағы бағасы 12%-ға көтерілген. Бұл – Қазақстандағы ең үлкен қымбаттау.

Бүгінгі таңда тауарлық газдың көтерме бағасы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 20 мың теңгеден асып түседі. Бірақ Алматы қаласы мен Алматы облысында одан да көп: 1 мың текше метрі үшін 23,5 мың теңге сұралады. Ал  Қызылорда облысы былтыр газдың көтерме құны құрықтап ұстап, жоғарылауына жол бермеді.

Ал бұл саладағы ең төменгі бағалар батыс өңірлердің еншісінде көрінеді. Ол түсінікті де, себебі, әлемдік деңгейдегі ең ірі мұнай-газ кен орындары да солар аумағында орналасқан.   

Газдың бөлшек саудасына, яғни ортадағы делдалдар өз үстемеақыларын қосқаннан кейін ақырғы тұтынушыдан талап етілер төлемдерге келсек, оңтүстіктегі баға, тасымалдау құнын есепке алғанда, 1 мың текше метрі үшін 30 мың теңгеден асады.

Нақтырақ айтсақ, 1 мың текше метр "көгілдір отынның" бөлшек саудадағы бағасы Алматы қаласында 31 мың теңгені, Алматы облысында 32,5 мың теңгені, Қызылорда облысында 17,7 мың теңге, Батыс Қазақстан облысында 15,4 мың теңгені, Шығыс Қазақстан облысында 10 мың теңгені құрайды.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 30,7-32,2 мың теңге, Жамбыл облысында 23,3-30,7 мың теңге, Ақтөбе облысында 8,2-12,8 мың теңге, Атырау облысында 7,1-20,5 мың теңге, Қостанай облысында 21,8-25,9 мың теңге, Маңғыстау облысында 9,2-19,8 мың теңге аралығында құбылады.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, газдың бөлшек бағасы ұлттық экономика министрлігінің 2017 жылғы 1 ақпандағы бұйрығымен бекітілген "қоғамдық маңызды нарықтардағы баға қалыптастыру ережелеріне" сәйкес бекітіледі. Бұл түсініктемені түсіндіре кетсек, энергетика министрлігі жыл сайын ұлттық экономика министрлігіндегі әріптестерімен бірге, газдың алдағы жылғы көтерме құнының ең жоғарғы, шекті мөлшерін әр облыс, Алматы және Астана қалалары үшін жеке-жеке бекітеді. Бұл ретте өңірлердегі газбен қамтуға қатысты экономикалық және әлеуметтік шарттар (газ кенінің жақындығы, құбыр жүйесінің ахуалы, тағы басқасы) ескеріледі.

Сондай-ақ тауарлық газ жеткізушілер өнімнің алдағы жылға жоспарланған шекті құнының деңгейі бойынша ұсыныстарында бағаны өткен жылғыдан 15%-ға дейін ғана көтеруді сұрай алады. 

Айтқандай, жақында бір топ мәжіліс депутаты қолданыстағы "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасына бастамашы болды. Онда қалаулылар ішкі нарықтағы сұйытылған газдың көтерме бағасын шектеуді қойып, еркіндікке жіберуді, кезең-кезеңімен оның көтерме бағасын реттеуден босатудың ұсынады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу