Германия Өзбекстанның машина жасау саласына көмек беретін болды

1789

Өзбекстан мен Германия 9 миллиард еуроның жобаларын іске қосты.

Германия Өзбекстанның машина жасау саласына көмек беретін болды Фото: inbusiness.kz

Германия канцлері Олаф Шольц 16-17 қыркүйекте Қазақстанға ресми сапармен келгені мәлім. Елордаға екі күн қонғанда неміс лидері бекер жатқан жоқ. Аймақтағы бес республиканың президенттерін Астанаға жиып, "Орталық Азия мемлекеттері көшбасшылары мен Германия канцлерінің екінші кездесуін" өткізді.

Бұдан бұрын Шольц ОА-ның бес президентін 2023 жылғы 29 қыркүйекте Берлинге шақырып, "С5+1" форматындағы бірінші саммитін өткізген болатын.

Бұл жолғы жиынның құрамында өзгеріс жоқ: ГФР лидері Олаф Шольцпен кездесуге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Германиялық ақпарат құралдарының жазуынша, жиыннан Өзбекстаның да ұтқаны біраз. Өз кезегінде Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметі Шольцтің сапары аясында Өзбекстан мен Германияның осы саммит аясында өзгеде жоқ теңдессіз құжатты – 2024-2026 жылдарға арналған "Технологиялық серіктестік және өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын" қабылдағанын мәлімдеді. Оның аясында жетекші неміс компаниялары мен банктері Өзбекстандағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шамамен 9 миллиард еуро бөлген.

Deutsche Welle нақтылауынша, кешенді бағдарлама машинажасау, тігін-тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, жасыл энергетика, химия өнеркәсібі, критикалық материалдарды игеру сияқты басты бағыттарды қамтиды.  

Мысалы, атақты Siemens Energy Өзбекстанда алып бу-газ электр станциясының құрылысына кірісуде. Linde Group алпауыты оңтүстік көршімізде "метанол аралын" салады, "жасыл" аммиак өндірісін жолға қояды.

KfW Ipex-Bank қатысуымен ірі мыс кен орнын игеру басталады. Еуропада беделді бренд саналатын Giga Fiber өзбек елінде кабель өнімдерін шығарып, бүкіл Орталық Азияға және Еуропа елдеріне өнімін экспорттамақ. Guesscon компаниясы сутек өндірісі жобасын іске асырады.

Бұған қоса, Астанада бекітілген өзбек-неміс кешенді технологиялық бағдарламасы аясында германиялық AMK Global Өзбекстанда көміртек талшығын шығарады. Бұл "суперөнімнің" пайдаланылмайтын саласы аз көрінеді. Мысалы, ғарыш өнеркәсібінде беріктігі жоғары, қызуға төзімді көміртек композиттерінен ғарыш кемелері мен зымырандар жасалады. Демек, Германияның қолдауымен Өзбекстан әлемдегі ең бір перспективті өндірісті іске қосқалы тұр.

Сарапшылар бұл кәсіпорынның өзбек машина жасау секторына серпін беретініне назар аудартады. Өйткені көміртек талшығынан тежегіш қалып-колодкаларынан, дискілерінен, шиналарынан бастап, көптеген автомобильдік компоненттер жасалады. Өзбекстанда 2023 жылы автомобильдердегі жергілікті мазмұн 70%-ға жеткен. Көмір талшығы локализация деңгейін одан әрі арттырады.

Бұдан бөлек, немістің жаһандық танымал сорғы жүйелерінің өндірісі Өзбекстанға көшпек. Немістермен бірлесіп, өзбектер жаңғыратын энергетиканы дамытады, өмірлік маңызды медициналық бұйымдарды шығарады. Неміс-өзбек тауарларын жаһандық нарықтарға ілгерілетуге үлес қосатын логистикалық орталықтар желісін құрылады.   

Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметі былтыр Берлинде өткен кездесу екі ел арасындағы ынтымақтастыққа айтарлықтай серпін бергенін хабарлады. Өзбекстанға инвестиция салуға қызыққан Германия инвесторларының қатары күрт артқан. Олардың бәрімен қарым-қатынасты жолға қою үшін Ташкентте 2024 жылғы маусымда Өзбек-герман іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы ұйымдастырылып, нақты мәмілелер пысықталған.

Ресми дерек бойынша, тек 2024 жылдың басынан бері Германия Өзбекстан экономикасына 800 миллион еуро инвестиция құйып үлгерді. Жыл қорытындысында екі еселенеді деп күтілуде.

Астанада өткен "Орталық Азия – Германия" екінші саммитінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз елінің Еуропа лидерімен инвестициялық және технологиялық серіктестікті тереңдетуге дайын екенін атап өтті.

Оның айтуынша, германиялық компаниялардың қатысумен Өзбекстанда қолға алынған жобалардың портфелі бүгінде 20 миллиард еуродан асып кетті. Немістер оңтүстік көршінің аумағында энергетика, химия, кен өндірісі, машина жасау, тоқыма, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік пен логистика, құрылыс материалдарының түр-түрін шығару салаларында зауыт-кәсіпорындарды іске қосыпты.

Сондай-ақ, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың "Жол картасын" әзірлеуді және оның күшін бүкіл Орталық Азияға таратуды ұсынды.

Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, жол картасының жобаларын жүзеге асыруға жетекші неміс компаниялары мен банктері тартылады.

Олар үшін Өзбекстандағы арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтардан орын сайланыпты. Ташкент сондай-ақ бизнесмендер диалогының тұрақты алаңын – "Орталық Азия мен Германия" Инвесторлар және кәсіпкерлер кеңесін ашады. Оның тұңғыш саммитін келесі жылы, халықаралық Ташкент инвестициялық форумы аясында өткізетінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу