Google Bard чат-ботын іске қосты. Ол жайлы не білеміз?

1543

Chrome мен Internet Explorer, Gmail мен Hotmail бәсекесін еске түсіретін өзге бір жарысқа жол ашылып отыр.  

Google Bard чат-ботын іске қосты. Ол жайлы не білеміз?

Google мен Microsoft бүгінгі заман интернетінде үстемдік ету үшін тағы да жарысқа түсті. Біріншісі жақында Bard чат-ботты іске қосты. Бұл – өткен жылдың соңында әлемдік сенсанцияға айналған ChatGPT ботына жауап.

Google дүйсенбіде Bard-тың пайда болғанын жариялағаны сол-ақ екен, арада небары бірнеше минут өткенде  Microsoft Редмондтағы штаб-пәтерінде өзінің жасанды интеллектін көрсету үшін шара өткізетінін хабарлады. Осылайша, Chrome мен Internet Explorer, Gmail мен Hotmail арасындағы қарсыластықты еске түсіретін өзге бір бәсекеге жол ашылып отыр.

Microsoft компаниясына арқа сүйеген OpenAI ойлап тапқан ChatGPT технология әлемін былтыр жедел жаулай бастады. Өйткені, дүниежүзінде талай адам бұл чатқа өзін толғандырған сұрақ қойып, жауап ала білді. Және де осынау диалогтық ботпен көп дүние жасауға болады: өлеңді де, романды да,  фильмдерге сценарийді де жазып, тіпті ChatGPT –пен әзілдесуге де мүмкіндік бар.

Енді бұл жасанды ақыл сервисі тұтынушының ақпарат іздеу немесе команда бойынша контент жасау тәсілдерін өзгертіп қана қоймай, ақ жағалы жұмыскерлердің бос уақытын көбейтуі ғажап емес.

Bard пен ChatGPT арасындағы кейбір негізгі айырмашылықтарға тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

ОЛАР НЕ ІСТЕЙДІ?

Google-дың Bard боты мен ChatGPT ұсынатын қызметтер бір-біріне ұқсас. Пайдаланушылар адамға ұқсас жауап алу үшін бұларға сұрақ қойып, іздегенін жазып, тиіс жауап алу үшін сөзбен жөн көрсетуі керек.

Осылайша, Microsoft пен Google өздеріне кірістің көп бөлігін әкелетін Bing және Google Search іздеу қызметтерін жақсарту үшін сервистеріне AI немесе жасанды интеллект құралдарын енгізуді жоспарлап отыр.

ОЛАРДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Екі технология да күрделі ақпарат пен бірнеше көзқарасты оңай қабылданатын форматқа айналдыра алады, бірақ ең айқын айырмашылық – Bard-та жауаптарға соңғы оқиғаларды қосатын мүмкіндік бар.

Екі қызметтің бір-бірінен несімен ерекшеленетінін бірден түсіну қиын болса да, Bard боты қосымша деректерге қол жеткізе алатыны сөзсіз.

"Бард" интернеттен ақпарат алады, ал ChatGPT 2021 жылға дейін мәліметтерге ғана кіруге пәрменді.

LAMDA VS GPT

Bard LaMDA (диалогтық қолданбаларға арналған тіл үлгісі) негізінде жасақталған. Бұл жасанды интеллект мәтінді соншалықты шеберлікпен жасап, инженерлер тарапынан жоғары бағаланды. Алайда, бірқатар ғалымдар бұндай мәлімдемелермен келіспей отыр.

OpenAI-дың GPT-сы дегеніміз - Generative Pre-Trained Transformer немесе Алдын-ала үйретілген шығарушы трансформер. Ол алғаш рет 2020 жылы пайда болып, ChatGPT ботының негізіне айналды.

"ChatGPT кейде ақылға қонымды көрінгенімен, қате немесе мағынасыз жауаптар жазады", - дейді Open AI блог-жазбасында.

BARD ҚАШАН ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛАДЫ?

OpenAI өткен жылы қарашаның 30-да ChatGPT-ты тегін әрі көпшілікке қолжетімді етсе, Bard әзірге сынақшылар тобы үшін ғана ашық.

Alphabet (Google-дың иесі) компаниясының бас директоры Сундар Пичай өз блогында әңгімелесуге арналған Bard сервисінің алдағы апталарда кеңінен қолжетімді болатынын атап өтті.

БАСҚА БАЛАМАЛАР БАР МА?

ChatGPT іске қосылғаннан кейінгі екі айда бірқатар технологиялық компаниялар генеративті AI (жасанды интеллект) технологиясын жасауға көбірек назар аудара бастады. Ал бірқатар стартаптар бұл бағытта өз жобалары бойынша дербес жұмыс істеп жатыр.

Baidu - Қытайдың Google-ға берген жауабы. Ол да осы бәсекеге қосылып, өзі қолға алған чат-ботты "Эрни" деп атаған.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу