Гүлшара Әбдіқалықова қазақ тіліне қатысты тың бастама бастады

5521

Дегенмен оның алғашқы қадамы "тым сыпайы" болып тұр. Ал пилоттық жобаға кірген екі өңір алға қадам жасауға тіпті асығар емес.

Гүлшара Әбдіқалықова қазақ тіліне қатысты тың бастама бастады

Бұдан 16 жылдай бұрын Қазақстанда жергілікті өкілді және атқарушы органдар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Дегенмен іс-қағаздарын толығымен әрі тек мемлекеттік тілде жүргізу бастамасы жүзеге аспады. Себебі кезінде орыстілділер меморгандардан келетін қағаздарды түсінбейтінін айтып, жаппай шағымданғандықтан, Елбасы Үкімет пен әкімдерді өтініш қай тілде түссе, жауапты да сол тілде жазуға міндеттеді. Бұл заңнамада бекітілді.

Сонымен бірге мемлекеттік тіл мүлдем ене алмаған салалар әлі күнге бар. Оның мән-жайын қоғам белсендісі, тіл жанашыры Қуаныш Әділханұлы айтып берді. Ол мәселе көтеріп, салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүгініпті. Мәселе – елімізде жобалық-сметалық құжаттамалардың орыс тілінде жазылатыны турасында екен.

ИИДМ оған берген жауабында: "Министрліктің бастамасымен Шымкент қаласының және Жамбыл, Қызылорда облыстарының әкімдіктері 2021 жылы пилоттық режимде жобалық-сметалық құжаттамаларды мемлекеттік тілде әзірлеуді бастады" деп сүйінші сұраған.

Әйткенмен аталған өңірлерде қандай да бір ЖСҚ мемлекеттік тілде жазылды деген дерек жоқ. Мәселеге қатысты Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова түсініктеме берді.

Оның мәліметінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы облыс бойынша құрылыс құжаттарын, атап айтқанда, жұмыс жобаларын, ведомстводан тыс кешенді сараптамалар қорытындысын және нысанды пайдалануға қабылдау актісін мемлекеттік тілде әзірлеуді жоспарлауда.

"Бұл ретте биыл 1 жобаны пилоттық режимде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Негізі, жұмыс жобасының қазақ тілінде немесе орыс тілінде орындалуын тапсырыс беруші "Жобалауға арналған тапсырмада" айқындайды. Әрине, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы барлық мемлекеттік нормативтер, нормативтік құқықтық актілер және заңнамалар мемлекеттік тілде де қолжетімді", – деді ол.

Дегенмен орысша жазылып, тәржімалана салған аударма құжаттар – бір төбе де, бірден қазақ тілінде әзірленген құжаттар – бір төбе.

Әкім ханым бұл құжаттар бұрын неге о бастан мемлекеттік тілде әзірленбегенінің себебін түсіндірді, бағдарламалары орысша.

"Құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар, "SANA-2015", "ABS-4" техникалық қамту бағдарламалары, AutoCAD 2021, ПК ЛИРА автоматтандырылған бағдарламаларының бәрі – орыс тілінде әзірленген. Осыған байланысты, қазіргі таңда талқылау, талдау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2022 жылы бастама ретінде 1 нысанның жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары мемлекеттік тілде, пилоттық режимде жүзеге асырылатын болады", – деді Қызылорда облысының әкімі.

Пилоттық жобаға кірген Жамбыл облысында бұл бағытта әзірге нақты жоспар да жоқ болып шықты.

"2021 жылы Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан қазақ тілінде жобалау-сметалық құжаттамала әзірленген жоқ. Ағымдағы 2022 жылы ЖСҚ-ны қазақ тілінде жобалау қарастырылатын болады", – деп хабарлады Жамбыл облысының әкімдігі.

Негізінен қазақ тілділер тұратын Шымкент қаласы да шабандығымен таңғалтты.

"2021 жылы Шымкент қаласы бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды мемлекеттік тілде әзірленбеген. Алайда жобалық-сметалық құжаттамаларды мемлекеттік тілде әзірлеу пилоттық жобасы болғандықтан, ол 2022-2023 жылдарға жоспарланғанын хабарлаймыз", – деп мәлім етті шымқала әкімдігі.

Терминалдар тілі түзетіліп жатыр

Қуаныш Әділханұлы мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуде өзге де мәселелер барын айтады.

"Мысалы, Қаржы министрлігіне қарасты салық органында тұтынушылар мен салық төлеушілерге, кәсіпкерлерге қызмет көрсету залындағы талон беретін терминал тек орыс тілінде қызмет етіп жатқанын көрдім. Залдағы халық 100% қазақша сөйлеп отыр. Үндемей отырғандарына да сұрақ қойып шықтым, қазақша жауап берді. Келушілерге талон шығарып, кеңес беріп тұрған маман да қазақ тілді азамат, келген мақсатын қазақша айтқан азаматтарға неліктен талонды қазақша бермей, орысша шығарып тұрғанын сұрасам: "Сізді түсініп тұрмын, бірақ мына терминал тез орысшаға ауысып кете береді, соны басшыға айтсаңыз да жақсы болар еді" деді. Шынымен терминалдың басты бетінде негізгі тіл болып орысша нұсқасы тұр. Қазақшасына ауыстырсаң бірнеше секундта өзінен-өзі қайтадан орысшаға ауыса қояды", – деді ол.

Мәселені шешу үшін ол меморган басшының орынбасарына кіріп, мән-жайді түсіндіріпті. Қазақ тілінде қызмет алғысы келетін азаматтардың мүмкіндіктері шектеліп, мемлекеттік тілдің қолданылуына кері әсер етіп тұрғанын түсіндірген.

"Ол кісі бірден екі маманың шақырып, осыны айтып, дұрыстау керек деді. Маған арнайы шағым кітапқа да осыны жазып кетуімді өтініп, оны техникалық қамтамасыз ету мекемесіне жолдайтынын айтты. Оны арыз-шағымдар қабылдау журналында бірден жазып бердім. Жалпы мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілде қызмет көрсету ақсап тұрғанда, басқалараға не дейміз?! Сондықтан барлық өңірде Қаржы министрлігінің қабылдау бөлімдері мен комитеттеріндегі электронды және стандартты қызмет түрлері қазақ тілінде толық әрі сапалы болуға, осы мекемелердегі арнайы терминалдардағы негізігі бетіндегі пайдалану тілі – мемлекеттік тіл болуға, қажет болғанда орыс және ағылшын тілдеріне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылуға тиіс", – деді Қ. Әділханұлы.

Әділін айта кетейік, осы мәселе барын білген соң Мемлекеттік кірістер комитеті "орын алған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады".

"Бүгінгі күні Қызылорда қаласындағы электронды кезекке талон беру терминалында салық төлеушілерге 3 тілде беру мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір салық төлеуші талонды өзіне ыңғайлы тілде ала алады. Тұрғынның шағымына орай, аталған мекемедегі терминал жұмысы тексерілді. Ол терминалда техникалық себептерге байланысты соңғы тілде алынған талон тілі экран бетінде сақталып қалатыны анықталды. Қазіргі уақытта бұл жағдай реттелді. Тұрғынның өтініші ескеріліп, терминалдың экраны бетіндегі алғашқы ақпарат қазақ тілінде ұсынылып, тұрақты түрде жұмыс жасап тұрғанын жеткіземіз", – деп түсініктеме берді Қаржы министрлігі.

Еске сала кетсек, осының алдында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жариялаған фотода Түркістандағы "Сбербанк" банкоматында клиенттерге "қазақ тілін таңдамау" ("Қазақша тіл таңдамаймыз, банкомат істемей қалады") туралы ескертуі қоғамның ашуын тудырғаны белгілі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу