"Ғұмыры" қысқа болған VII Парламент Мәжілісі несімен есте қалды

1920

Жетінші шақырылған Парламент Мәжілісі де алдыңғы депкорпустың кебін құшты. 

"Ғұмыры" қысқа болған VII Парламент Мәжілісі несімен есте қалды Фото: ortalyq.kz

Мемлекет басшысы кезекті рет заң шығарушы билікті мерзімінен бұрын таратып жіберіп отыр. Қазақстандық кәсіби парламентаризм тарихында бұл ең аз уақыт жұмыс істеген Мәжіліс болды, яғни бұл жөнінен 1995 жылдан бергі тарихи рекорд жасалды. 

Қазақстанда кеңес кезінен және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Парламент орнына бір палаталы Жоғарғы кеңес болғаны мәлім. Оның өкілеттік мерзімі 4 жылды құрады. Әр өңірден әрбір 27 мың тұрғын арасын 1 депутаттан сайланатын. Оларға жалақы төленген жоқ, бірақ түрлі жеңілдіктер мен артықшылықтар берілді. Алайда ол кәсіби Парламент болмады: мемлекеттік маңызды мәселелерді талқылауға және шешім қабылдауға ара-тұра жиылады. Жоғарғы кеңестің сессиялары арасында мемлекеттік биліктің жоғарғы органы ретінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Президиумы (төралқасы) жұмыс істеді.

Ол кезде Жоғарғы кеңес Президенттің үстінен қарайтын. Депутаттардың ақ батасын алмай, Мемлекет басшысы өз бетінше салмақты қадамдар жасай алмайтын. Мысалы, депутаттық корпус Назарбаевтың барлық майшелпек кәсіпорынды жаппай жекешелендіруіне қарсыласты. Жоғарғы кеңес Үкіметті: Министрлер кеңесін қалыптастырды.

Содан реформаларды өз білгенінше жүргізу, бұл жолда барлық тежеу мен қарсы салмақтан құтылу үшін 1995 жылғы тамызда Н.Назарбаев елдің жаңа (қолданыстағы) Конституциясын референдумға шығарды. Оған сәйкес, Жоғарғы кеңес жойылып, орнына Мәжіліс пен Сенаттан тұратын, әрі тұрақты жұмыс істейтін кәсіби Парламент құрылды.

1995 жылғы 9 желтоқсанда Мәжілістің тұңғыш сайлауы өтті: 67 депутатының бәрі мажоритарлық жүйеде сайланды, өзін-өзі ұсынып, бір мандатты округтарда жеңіп шыққан кандидаттардан құралды.

Марқұм Марат Оспанов басқарған I сайланған Парламент Мәжілісі 1996 жылғы 30 қаңтарда іске кірісіп, 3 жыл 5 айдай қызмет ете алды. Президентке оппозициялық көзқарастағы депутаттары қарақұрым бұл Мәжіліс мерзімінен бұрын таратылды.

Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай, 1999 жылғы күзде Орталық Азияда тұңғыш рет аралас схемада сайлау өтті. Тұңғыш рет ел тарихында ол дода 2 турдан тұрды: бірінші айналым 10 қазанда, ал екіншісі 24 қазанда ұйымдастырылды. Қорытындысында Мәжілістің 67 депутаты – ескіше бір мандатты округтерден, 10 депутат – партиялық тізіммен сайланды. Осы 77 мандаттың 23-ін "Отан" партиясының мүшелері иеленді. Одан бөлек Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партиялар жеті пайыздық табалдырықтан аттап өте алды. Айтқандай, Азаматтық партиясы сол Парламентте атышулы "ҚР Тұңғыш Президенті туралы" конституциялық заңына бастамашы болды.

Жармахан Тұяқбай төрағалық еткен II шақырылымдағы Парламент Мәжілісі 4 жыл 10 ай жұмыс істеді.

2004 жылғы қыркүйекте өткен парламенттік сайлауда 77 депутаттың 67-сі – бір мандатты округтерден, 10-ы – партиялық тізіммен сайланды: жетеуі – "Отан", бір-бірден – "Асар", "Ақ жол" партиялары және "АИСТ" (Аграрно–индустриальный союз трудящихся) блогынан іріктелді.

Бұл – құрамында нағыз оппозициялық күштердің өкілдері болған соңғы Парламент еді.

Марқұм Орал Мұхамеджанов төрағасы болған III шақырылымдағы сол Мәжілісті бірінші Президент Н.Назарбаев Ата заңға енгізілген кезекті өзгерістерге бола, 2007 жылғы 20 маусымдағы жарлығымен мерзімінен бұрын таратып жіберді. Яғни, 2 жыл 9 ай ғана жұмыс істеді.

Қазақстан тәуелсіз депутаттардан толық бас тартты: конституциялық реформа бойынша 2007 жылғы тамыздағы парламенттік сайлау толығымен пропорционалды жүйеде өтті. Яғни, сайлаушыларға депутаттарды емес, тек партияларды таңдауға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, Мәжілістің 98 депутаты жеті пайыздық шектеуден өте алған бір ғана партияның атынан сайланды. Оларға Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған 9 депутат қосылды.

2008 жылғы қазанға дейін – Аслан Мусин, одан соң Орал Мұхамеджанов басқарған IV шақырылымдағы Мәжілісті Н.Назарбаев 2011 жылғы 16 қарашадағы жарлығымен мерзімінен бұрын таратты. Яғни, 4 жыл 3 ай жұмыс істеді.

Мәжілістің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда қалыптастырылды. Сайлауға қатысқан жеті партия арасынан 7%-дан артық дауысты үш партия ғана жинай алды. "Нұр Отан" атынан 83 депутат, "Ақ жолдан" – 8 депутат, коммунистік ҚХКП атынан – 7 депутат, ассамблея атынан – 9 депутат сайланды.

2014 жылғы сәуірге дейін Нұрлан Нығматулин, одан соң Қабиболла Жақыпов басқарған V шақырылымдағы депутаттық корпус Президенттің 2016 жылғы 20 қаңтардағы жарлығымен мерзімінен бұрын таратылды, яғни 4 жыл жұмыс істеді.

Алтыншы шақырылымдағы Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда өтті. Оның қорытындысында 7%-дан көп дауыс жиған үш партия өз тізімдерінен 98 кандидатты іріктеп алды. "Нұр Отан" атынан 84 депутат, "Ақ жолдан" – 7 және ҚХКП атынан – 7 депутат, ал ассамблея атынан 9 депутат сайланды.

2016 жылғы маусымға дейін Бақтықожа Ізмұхамедов, содан кейін Нұрлан Нығматулин төрағасы болған VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісі өкілеттік мерзімін толық атқарып, 2020 жылдың соңында мерзімінде таратылды. Тиісінше, 4 жыл 6 ай жұмыс істеді.

2021 жылғы 10 қаңтарда кезекті парламенттік сайлау өтіп, оның қорытындысында "Nur Otan" партиясы 71,09%, "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы 10,95%, Қазақстанның халық партиясы 9,10% дауыс иеленді. Тиісінше, жинаған дауысына пропорционалды түрде "Nur Otan" партиясына 76, "Ақ жолға" – 12, ҚХП – 10 депутаттық мандат тиді. Қазақстан халқы ассамблеясы атынан 9 депутат сайланды.

2022 жылғы ақпанға дейін Нұрлан Нығматулин, ал қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін Ерлан Қошанов төрағасы болған VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне Президент небары 740 күн (2 жыл) жұмыс істеуге ғана мүмкіндік берді.

Бірақ осы қысқа уақытта Мәжіліс үлкен іс тындырды. Атап айтқанда, Президент ұсынған, халық былтырғы 5 маусымдағы жалпыұлттық референдумда қолдаған конституциялық реформаларды, қаңтар оқиғалары серпін берген жан-жақты саяси жаңғырулар мен тың бетбұрыстарды тез арада заңнамалық қамтамасыз етіп үлгерді. Парламенттік журналистер бұл Мәжілістің тура мағынасында күндіз-түні, қауырт жұмыс істегеніне куә болды.

Жетінші Мәжіліс қызметінің соңғы аккорды – 2023 жылғы 13 қаңтарда "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы туралы" конституциялық заңының күшін жою болды. Осылайша, бұл депутаттық корпус бұрынғы әріптестерінің жіберген зор саяси қателігін жойды.

"Депутаттардың бірі әзілдегендей, "бұл депутаттық корпус өз креслосында тым аз отырды, сондықтан күнә жасап үлгермеді". Дегенмен, жаңа сайланатын Мәжіліс оның алдындағы парламентшілердің басты қателігін қайталамағаны жөн. Яғни, Қазақстанда жеке басқа табынушылыққа, олигархияның күш алуына, азаматтар құқықтарының қатты шектелуіне, демократия қағидаларынан ауытқуға жол ашатын заңдарды қолдап дауыс бермеулері керек. Ондай заңдар алда болатынына сенімдімін. Екінші шақырылымдағы Парламент Тұңғыш Президент туралы заң қабылдады, бірақ онда билік депутаттарға бұл бірінші Президенттің болашақта отставкаға кетіп, елде билік транзитін жүргізуге дайындық үшін қабылданатынын алға тартып, өткізіп жіберді. Алайда соның негізінде 2010 жылы 4-ші шақырылымдағы Паламент Елбасы институтын енгізді, Назарбаевтың, оның отбасысының елді өмір-бақи басқаруына өріс ашып берді. Сегізінші шақырылымдағы Парламент мұны жойды, ал кейінгі парламенттер мұндайға енді жол бермеуі шарт", – деді саясаттанушы ғалым Зейін Сабырқұлов.

Бүгін таратылып отырған Мәжіліс бірінші сессиясында, 2021 жылғы 15 қаңтар–30 маусым аралығында палатаның 23 жалпы отырысын, тұрақты комитеттердің 186 отырысын, оның ішінде 2 көшпелі жиынын, заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 435 отырысын, 13 "дөңгелек үстел" өткізіпті. Бірінші сессиясы барысында 36 заң жобасы келіп түсті (оның ішінде: 1 – Президент, 9 – депутаттар, 26 – Үкімет бастамашылық еткен). Бұдан басқа, алдыңғы сайланымнан Палатаның қарауына 50 заң жобасы өтті. Палата 49 заң жобасын қарап, мақұлдады және Сенатқа жіберді. Соның ішінде 1 заң жобасына – Президент бастамашылық еткен. 10 заң жобасын – депутаттар, 38 заң жобасын – Үкімет жолдады.

Мәжілістің екінші сессиясында, яғни 2021 жылғы 1 қыркүйек – 2022 жылғы 30 маусым аралығында палатаның 42 жалпы отырысы, тұрақты комитеттердің 239 отырысы, оның ішінде 8 көшпелі отырыс, заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 828 отырысы, 17 "дөңгелек үстел" ұйымдастырылды. Яғни жұмыс қарқыны бірнеше есе артқан.

Екінші сессиясы барысында 96 заң жобасы (оның ішінде 23 – депутаттардан, 73 – Үкіметтен) келіп түсті. Бұдан басқа, палатаның қарауына 31 заң жобасы бірінші сессиядан көшті. Ақыр соңында Мәжіліс осы сессияда 75 заң жобасын құптап, жоғарғы палатаға жіберген. Соның ішінде заң жобаларының 19-ына депутаттар және 56-сына Үкімет бастамашы болды. Сөйтіп, екінші сессияда депутаттар палата қоржынында жатқан 127 заң жобаларының 59,1%-ын мақұлдады. Мәжілісте әртүрлі қарау сатысында шамамен 50 заң жобасы бар.

Бұл Мәжілістің биылғы шілдеде бітуге тиіс үшінші сессиясының 4,5 айы ғана өтті. Ол айлардың қорытындысы жасалып жатыр.  

Жаңа сайланған VIII Парламент Мәжілісінде депутаттардың 70%-ы – жеті пайыздан артық дауыс жинаған партиялардың тізіміндегі кандидаттар арасынан іріктеледі. Депутаттардың қалған 30%-ын – бір мандатты округтардан сайланатын, партиялық фракцияларға кірмеуге құқығы бар "тәуелсіз депутаттар" құрайды. 2007 жылдан бері сайланған бұрынғы парламенттердің депутаттарын фракциялар құрсап келгені жасырын емес. Өз депутаттарының қандай тақырыпта депутаттық сауал жариялауына, мәлімдеме жасауына рұқсат етілетінін солар қатаң анықтап, бекітіп келді. Олар бекітпесе, парламентшілер депутаттық сауалын жариялай алмайтын, сұхбат бере алмады. Салдарынан, Парламентте көтеруге болмайтын тыйым салынған тақырыптар пайда болды. Енді парламенттік демократия қайта қалпына келгені жөн.

Тағы бір жаңашылдық: жаңа Мәжілісте Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттары енді болмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу