Ғұсман Қосанов мемориалы дүркіреп өтті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3161

Жеңіл атлетикадан 1960 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған халықаралық дәстүрлі мемориал өтті.

Ғұсман Қосанов мемориалы дүркіреп өтті

Осымен 27-ші рет ұйымдастырылған халықаралық турнирге биыл 13 елдің жеңіл атлеттері қатысты. Дәстүрлі мемориал аса жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ең бастысы, келген спортшылардың деңгейлері тым төмен емес. Кейбір қашықтықтағы бәйгелер мен қайсыбір спорттық сайыстардағы бәсеке көрігі өте шиеленісті болды.

Жалпы, марқұм Ғұсман ағамыздың аруағы риза сияқты. Қазақстанға жеткен аптап ыстық Алматыны да шыжғырып тұрған. Бірақ сенбі және жексенбі күндері, әсіресе финалдық жарыстар мен сайыстар өткен сәттерде жаңбыр жауып, салқын болды. Сөйтіп спортшыларға да, ұйымдастырушыларға да біршама жеңіл болды...

Қосанов мемориалында ерлер арасындағы 100 метрлік жарыстың мәртебесі әу бастан жоғары. Себебі 60-жылдары дәл осы қашықтықта Ғұсман ағамыздың өзі өнер көрсетіп, жай оғындай жарқыраған. Рим Олимпиадасында 4х100 эстафетасында жүгіріп, күміс жүлдегер атанған.

Сондықтан 1991 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Қосанов мемориалында 100 метрлік бәйгелердің жүлдесі – қомақты. Анығын айтқанда, тек осы қашықтықтағы жүлделі орындарға ақшалай сыйақы тігіледі. Биыл да сол дәстүр бұзылған жоқ.

Әрі ҚР Ұлттық олимпиада комитеті 100 метрлік бәйгенің (ерлер және әйелдер арасындағы) жеңімпаздарына арнайы сыйлық тағайындапты. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген екі жеңімпазға да соңғы үлгідегі үлкен теледидар табыс етілді. 

Ерлер арасындағы осы қашықтықта жерлесіміз Владислав Григорьев топ жарды. Ол финалда Иранның үш спринтерін қапы қалдырып кетті. Уақыты – 10,49 секунд. Парсы жігіттері жүлделі орындармен шектелді.

Ал әйелдер арасында Виктория Зябкина жеңімпаз атанды. Универсиада ойындарының үш дүркін чемпионы 100 метрді 11,33 секунд ішінде жүгіріп өтті. Екінші орын үнді қызына бұйырса, қола жүлде өзіміздің Рима Кашафутдинованың еншісінде.

Жалпы, биылғы Қосанов мемориалында 34 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Соның тең жартысында Қазақстан спортшылары үздік шықса, қалғандарында қонақтар жеңімпаз атанды. Ерлер арасында сегіз, ал әйелдер арасында тоғыз алтын өз спортшыларымызға бұйырды. Қысқа қашықтықтар мен эстафеталық жарыстарда біздің қыз-жігіттеріміз дес берген жоқ. Бірақ орта қашықтықтарда қонақтар топ жарды.

Сонымен ХХVІІ Қосанов мемориалы аяқталды. Алда Азия және әлем чемпионаты бар. Қазақстан спортшылары Алатау бөктерінде өз мүмкіндіктерін іс жүзінде бір тексеріп алды. Бапкерлер құрамы олардың көрсеткіштерін саралап, қорытынды шығаруға тырысады. Алдағы маңызды сындарда қыз-жігіттерімізге сәттілік және жеңіс тілейміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу