Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2025 жылдарға 3 гранттық конкурс жариялайды

1792

Гранттық қаржыландыру конкурсына бөлінетін қаражат көлемі алдыңғы конкурстармен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайды. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2025 жылдарға 3 гранттық конкурс жариялайды Фото: emosurff.com

Жалпы соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті. Бұл туралы Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде "Отандық ғылымды қолдау: гранттық жобалар мен бөлінетін қаражатты арттыру" тақырыбында өткен брифингте Дархан Ахмед-Заки, Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2025 жылдары 3 гранттық қаржыландыру конкурсын жариялайтынын мәлімдеді.

"Бюджет көлемі 3 млрд теңге болатын "Жас ғалым" жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс;

Қаражат көлемі 9 млрд теңге болатын 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс;

Бюджеті 74 млрд теңгеден асатын 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған жалпы конкурс", – деді Дархан Ахмед-Заки.

Ғылым комитетінің басшысы гранттық қаржыландыруға арналған жалпы конкурстың көлемі алдыңғы конкурстармен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайғанын, бұл 2023-2025 жылдарға – 74,07 млрд теңгені құрайтынын ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, грант қаражатын ғалымдар уақтылы алуын қамтамасыз ету үшін биыл барлық байқау ертерек жарияланды. Ғылыми жобаларды қаржыландыру жаңа күнтізбелік жылдың басынан басталады.

"Бұл біздің ғалымдарымызға тиісті жалақыны уақытылы алуға және жыл басынан бері өздерінің ғылыми жұмыстарын толық орындауға мүмкіндік береді", – деп атап көрсетті Ғылым комитетінің төрағасы.

Жалпы елімізде ғылымды қаржыландыру жүйесі өзгерді. Соңғы үш жылда Қазақстанда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті.

Бұдан бұрын гранттық және нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар үш жылда бір рет жарияланса, қазір жыл сайын өткізіледі.

Спикердің сөзінше, ғылыми гранттардың жаңа түрлері енгізілді: жас ғалымдарға, коллаборацияға, қысқа мерзімді, жеке гранттар. Нысаналы қаржыландыру нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге ғана бөлінеді.

Конкурстық рәсімдерді жеңілдету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Олардың мерзімі 2 есе қысқартылды, ғалымдарға қаржылық дербестік берілді.

Ғылым комитеті төрағасының айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігінің басты міндетінің бірі ол – ғалымдардың кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайту.

Осы мақсатта Министрлік ғылыми грант конкурстарын жыл сайын өткізіп, оған бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтпақ.

Дархан Ахмед-Заки сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдардың жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.

"Аталған шаралардың барлығы қазақстандық ғылымды кешенді дамытуға, оның бәсекеге қабілетін және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресіне қосқан үлесін арттыруға бағытталады", – деді ол.

Жалпы бүгінгі таңда елімізде 451 жобада екі мыңнан астам жас ғалым мен зерттеушілер өздерінің ғылыми идеяларын жүзеге асыруда.

"Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасында және ҚР Ғылымды дамыту тұжырымдамасында ғалымдардың жалпы санын 1,5 есеге 34 мың адамға дейін ұлғайту және 2025 жылға қарай жас ғалымдардың үлесін 50 пайызға дейін ұлғайту міндеті қойылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу