Халық 2022 жылға дейін аш отыра алмайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8855

Ел азаматтарын азық-түлікпен қамтудың ұлттық бағдарламасы қажет. 

Халық 2022 жылға дейін аш отыра алмайды Фото: sputniknews.kz

Жыл басынан бері азық-түлік тауары 10%-ға қымбаттаған. Оның ішінде нан-тоқаш өнімдерінің құны 14%, ұн – 22,9%, жарма – 33%, картоп – 26,6%, жұмыртқа – 13,9%, май – 15%, ет және ет өнімдері 13,5% өскен.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың айтуынша, пандемияның салдары халықты қыспаққа алып жатыр. Ел азаматтары экономикалық дағдарыстың шығынын көтеруге мәжбүр болып отыр.

"Елдегі агфляция, яғни халықтың нақты кірісінің құлдырауы кезінде азық-түлік тауары бағасының жедел әрі негізсіз өсуі таңқалдырады", – деді депутат.

Оның сөзінше, азық-түлік инфляциясы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселеге айналғаны соншалық, оған қарсы қолданылатын дәстүрлі құралдар қауқарсыз болып қалды.

"Қазақстандық отбасылар тамаққа көп қаржы жұмсайтын болды. Бұл тұрғындар көп тамақтануға көшті деген сөз емес. Керісінше бар мәселе азық-түліктің қымбаттауында болып тұр. Кірісі азайған қазақстандықтар тамақтың сапасы мен қауіпсіздігі есебінен қаржыларын үнемдей бастады. Коронавирустың екінші толқынын күтіп отырған тұста ұлт денсаулығының әлсіреуі жақсылық емес", – деді Айқын Қоңыров.

Халық қалаулысының пікірінше, елдің азық-түлік қоржыны нашарлап кеткен. Жағдайдың бұлай өрбуі азық-түлік дағдарысы туралы сөз қозғауға мәжбүрлейді. Ауыл шаруашылығы ресурстарының әлеуеті зор елде азық-түлік шығыны ауыр жүктемеге айналмауы керек.

"Үкімет бұл мәселені шешуге тырысты. Бірақ қабылданған шара тиімсіз болып шықты. Нақтырақ айтсақ, жағдайды тауар өткізу жүйесін құру арқылы реттемек болды. Яғни көтерме-тарату орталықтарын салу ұсынылды. Алайда мұндай орталықтар 2022 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Бұған дейін халық аш отыруға тиіс пе?!" – деді Айқын Қоңыров.

Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов биыл Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға арналған 5 көтерме-тарату орталығы салынып, оған 600 мың тонна күзгі өнім жөнелтілетінін жариялады. Үш кезеңнен тұратын жобаға 237,5 млрд теңге жұмсалатынын мәлімдеген министр: "2022 жылға қарай жылына 4,8 млн тонна өнімді сақтай алатын көтерме-тарату орталығы қолданысқа беріледі. Жобаны жүзеге асыруға 10 500 маман жұмылдырылады. Құрылыс кезінде 4 200 адам жұмыс істейді. Құрылыс аяқталған соң 6 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Көтерме-тарату орталықтары тауар өндіруші мен дүкен сөресіне дейінгі тізбектегі сақтау, өңдеу, іріктеу, сату, жеткізу қызметін жаңа деңгейге көтереді", – деді.

Министрдің мәлімдемесінен көтерме-тарату орталықтарына құйылған қаражаттың қайтарымы 25 жылға созылатынын естіген "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков экономикалық тиімсіз бастаманы қолдамайтынын айтты.

"237,5 млрд теңгені көтерме-тарату орталықтарының құрылысына жұмсағанша, ауыл шаруашылығы кооперативі мен инфрақұрылымын дамытуға, шағын шаруа қожалықтарынан шикізат сатып алуға бөлу қажет.

Бір көтерме-тарату орталығының құрылысына шамамен 12 млрд теңге шығындалады. Мұның орнына еліміздің 163 ауданындағы шағын шаруа қожалықтарына 1 млрд теңгеден бөліп, қолдау көрсетуді ұсынамын. 60 млрд теңгені Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе  және Қарағанды қалаларының маңына көтерме-тарату орталықтарын салуға жұмсаған дұрыс деп ойлаймын", – деді Төлеутай Рахымбеков. Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Мұрат Теміржанов та жоғарыдағы жоба қазынаның емес, бизнестің қаржысына салынуға тиіс екенін алға тартты.

Айқын Қоңыровтың сөзінше, аграрлық азық-түлік кешенін дамыту жөніндегі шаралар азық-түліктің баға тұрғысынан қолжетімділігі мен оның сапасын қамтамасыз ету мәселесін шешпейді. Агроөнеркәсіпті жаңғыртуға қанша қаражат салынса да, бұл азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсартуға және агфляцияны еңсеруге мүмкіндік бермейді.

"Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жобадан бөлек, "Барша қазақстандықтар үшін қолжетімді және сапалы тамақ" атты ұлттық бағдарлама әзірлеу қажет. Ұлттық бағдарлама аясында отандық өнімді сатып алу үшін арнайы купон немесе төлем карталарын шығару арқылы азаматтарға көмек көрсету керек. Бұл халықтың тамақтануын жақсартуға және отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді, – деді депутат.

"Қаражат күмәнді схемалар мен делдалдар арқылы үлестірілмей, қаржы институттары мен ірі сауда желілерін субсидиялай отырып, нақты өндірушілер мен қайта өңдеушілерге тұтынушылардың еркін таңдауы негізінде берілуі керек", – деді депутат.

Абылай Бейбарыс

Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу