Халық наразылығына орай Үкімет Медсақтандыру қорының шығындарын азайтып тастады

2735

ӘМСҚ қорына алым төлемеген азаматтар мен бизнесмендерге енді қысым күрт артатын болды.  

Халық наразылығына орай Үкімет Медсақтандыру қорының шығындарын азайтып тастады Фото: ppr.depzdrav.kz

Таяуда inbusiness.kz сайты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында (ӘМСҚ) қалыптасқан ахуалды сараптай келе, оны "басшы тұрақтамаған қор" деп атаған еді. Негізсіз емес, себебі, 2022 жылдан бері оның басқарма төрағасы үш рет ауысыпты. 2023 жылдың қыркүйегінде қордың басшылық тізгіні Павлодар облысының бұрынғы әкімі Әбілқайыр Сқақовқа берілді.

Бір қызығы, жетекшісі ауысқан сайын қордың басшылық персоналына төлейтін ақшасы да азайтылып келеді.

Мысалы, өзі ештеңе өндірмейтін, халық пен мемлекеттің медициналық жарналары мен аударымдары үстінен күн көріп отырған ӘМСҚ 2021 жылы өз басшыларына 152,9 миллион теңге төледі. Тиісінше, әрбір басқарма мүшесіне жылына 30,5 миллион теңгеден келген.

Қордың жылдық есебінде көрсетілгендей, 2022 жылы ол өзінің 5 топ-менеджеріне жалақысы мен сыйақыларын қоса алғанда, 2022 жылы 93,8 миллион теңгедей төлем төледі. Бұл соманы қор басқармасының 5 мүшесіне бөлгенде, 18,7 миллион теңгеден шығады.

2023 жылы қор басшылығындағы тұлғалардың қанша алғаны тек келесі жылы жарияланады.

Бір белгілісі, Медсақтандыру қорының қазіргі басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов "таза", яғни барлық салықтары, жарналары мен аударымдарын алып тастағанда, ай сайын қолына 1 миллион 390 мың теңгедей жалақы алады. Бұған мерекелерде салмақты сыйақылар қосылатынын министрдің өзі айтқан.

Қордың баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл жалақы – ең минималды деңгей. Яғни, бұрынғы басшылар одан әлдеқайда көп алған.

Таяуда қордың бес топ-менеджерінің бір жылда жүз миллионға жуық ақша алғаны қоғамда дау, резонанс тудырды. Соған биліктің құлақ түрген түрі болса керек, Денсаулық сақтау министрлігі қысқарту "қайшысын" қолға алып, қордың келесі жылғы шығынын кесіп тастауға шешім қабылдады.

Осыған орай министр Ажар Ғинияттың "ҚР Үкіметінің қаулысымен белгіленген шекті шама шеңберінде 2024 жылға арналған әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының комиссиялық сыйақысының пайыздық мөлшерлемесінің шамасын белгілеу туралы" бұйрығының жобасы әзірленді.

"Үкімет қаулысымен белгіленген шекті шама шеңберінде 2024 жылға  арналған "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметін жүзеге асыруға арналған комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасы есепті айда қордың шотына түскен активтер мөлшерінің 1,24  пайызынан аспайтын болып белгіленсін", – делінген құжатта.

Министрлік мұның нақты қанша теңгені құрайтынын айтпады.Тек бұйрықтың 2024 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілетіні анықталды.Осының алдында қор өкілдері өз шығындарының аздығына шағымданған еді.

"ӘМСҚ атына айтылатын кең таралған айыптардың бірі оның өзіне тым көп шығын шығаратынына қатысты болып келеді: жалақыларына, ғимараттарды арендаға алуға, техникалық қолдауға, басқа да ағымдағы шығыстарына жұмсалатын қаржы орасан зор деседі. Алайда атап өтетін жайт, бұл шығындардың мөлшері Үкімет қаулысымен шектелген және әрі кетсе, қорға түскен бүкіл түсімнің 1,33%-ына тең мөлшерде ғана шығындауға рұқсат етілген. Ұлттық банктегі ӘМСҚ есепшотына азаматтардан, жұмыскерлерден, жұмыс берушілерден және жеке кәсіпкерлерден 2023 жылдың 9 айында жалпы көлемі 884,8 миллиард теңге жарналар мен аударымдар түсті. Биылғы есепті кезең қорытындысында ӘМСҚ және оның еліміз бойынша 20 филиалын ұстап тұру шығыстары 8,5 миллиард теңгені құрады. Бұл – 0,96%-ға барабар", – деп мәлім етті қордағылар.

Игермейді екен, қажеттілігі аз көрінеді, онда оған мол комиссия бөлудің қанша қажеті бар? Нәтижесінде, Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының комиссиялық сыйақысының пайыздық мөлшерлемесінің шамасын төмендетті. Бірақ әлі де көп көрінеді.

Қор шығындай алатын комиссиясының көлемі шотына түскен бүкіл соманың:

  • 2018 жылы – 5,18%-ына;
  • 2019 жылы – 5%-ына;
  • 2020 жылы – 1,47%-ына;
  • 2021 жылы – 1,17%-ына;
  • 2022 жылы – 0,99%-ына;
  • 2023 жылы – 1,33%-ына;
  • 2024 жылы – 1,24%-ына (жоба) тең болды.

Яғни, бұрынғы билік тұсында ақша шашуда араны ашылған қордың жаңа Қазақстанда айылын біраз жиғаны аңғарылады.

Медициналық құқық саласындағы белгілі сарапшы Саида Сүлейменованың пікірінше, МӘМС – халықтың денсаулығын сақтау миссиясын жарға жықты, әрі биліктің "әлеуметтік дерттерін" паш етті. Бұл жүйе "денсаулыққа қосарлама салық салуға" айналып кетті.

Неге қосарлама? Үкімет қазақстандықтардың, олардың отбасыларының, балаларының аузынан жырып, жалақысынан ай сайын ӘМСҚ қорына жарналар мен аударымдар ұстайды. Алайда азамат ауырғанда емханада тар маман табылмайды, не оның қабылдауына кіруді ұзақ күтуге тура келеді. Салдарынан ауруы жанына батып, қатты қысылған қазақстандықтар жеке клиникаларға жүгіріп, қайта шығындалады.

Сонымен бірге билік МӘМС жүйесінде әділетсіздікке жол беріп, "бір адам – бір жарна" қағидатынан бас тартты: егер азамат отбасын асырау үшін бірнеше жерде еңбек етсе, соның бәрінен қорға алым төлеуге міндеттелді.

Сарапшы Қазақстан билігінің медициналық сақтандыруды "азаматтық міндет" етіп бекіткеніне назар аудартты. Өзге елдерде ол ерікті сипатта. Салдарынан, қорға алым аудармаған Қазақстан тұрғыны азаматтық құқықтарынан айрылады.

Мысалы, қазан айында Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесінде медициналық сақтандырылмаған қазақстандықтарды көлік жүргізу құқығынан айыруды ұсынды. Бұл ретте жүздеген мың азамат көлігінің арқасында нәпақасын айырып, отбасын асырап отырғанын ескермеді. Тыйымдар тізімі ұзын көрінеді. Парламент қолдаса, тіпті қару иеленуге тыйым салу бастамасы да өмірге жолдама алмақ. Бұл енді аңшыларға арналған қысым.

"Бұған қоса, сақтандырылмаған тұлғаларға медициналық және сонымен байланысты мемлекеттік қызметтерді алуын шектеу ұсынылып отыр", – деді министр Ажар Ғиният.

Осыдан үш жыл бұрын Қазақстанда 2,6 миллионнан астам адамның МӘМС жүйесінен тыс қалғаны жарияланып, Мемлекет басшысы оларды медсақтандырудың тәсілдерін табуды Үкіметке жүктеген. Нәтижесі не болды? Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде МӘМС жүйесінен сырт қалған азаматтардың саны 3,3 миллионнан асты.

Сондықтан Денсауминінің хабарлауынша, Қазақстанда экономикалық белсенді тұрғындарды медсақтандыру жүйесіне жұмылдырудың жаңа шаралары әзірленді. Өйткені, ақпараттық деректер базаларына жүргізілген талдау қорытындысында "қорға жарналар мен аударымдарды тұрақты аударатын қазақстандықтардың үлесінің төмен екені әшкереленді".

Атап айтқанда, шынайы төлеушілер саны шамамен 5 миллион тұрғынды құрайды. Бұл Қазақстан халқының 25%-ы ғана. Балалар, жүкті аналар, мүгедектер, көп балалы аналар және басқа 15 жеңілдікті санатқа кіретін тағы 11,7 миллион азамат үшін жарналар мен аударымдарды қорға мемлекеттің өзі бюджет есебінен төлейді.

Өзге қазақстандықтарды МӘМС-ке иліктіру үш негізгі бағытта жүреді.

"Біріншісі – қанағаттанарлықсыз, дағдарыстық және төтенше жағдайдағы азаматтарға қатысты жұмыс. Бүгінде отбасының цифрлық картасының дерегінше, әл-ауқаты осы деңгейдегі қазақстандықтардың саны 2,2 миллион. Әкімдіктер жанындағы штабтар біріншісін жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету және екіншісін жеңілдікті санаттар тізіміне енгізу мақсатында олардың арасында экономикалық белсенді және еңбекке жарамсыз адамдарды анықтауға тиіс. Бұдан басқа, осал санаттағы адамдар үшін МӘМС жарналарын әкімдіктің төлеуі тетігі мәселесі пысықталатын болады", – деп хабарлады министрлік.

Екінші бағыт аясында әкімдіктер салық, яғни мемлекеттік кірістер органдарымен тізе қоса отырып, бейресми жұмыспен қамтылған, мемлекетке салық төлемейтін адамдарды іздеп табады. "Тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру фактілерін анықтау" үшін олардың бірлескен жұмысы күшейтілетін болады.

Үшінші бағытта – мемлекеттік кірістер органдарының МӘМС бойынша төлемдерді уақтылы аудармайтын жұмыс берушілерге қарсы бағытталған жұмысы жандандырылады. ӘМСҚ алдында борышкер болып қалған бизнес нысандары, ұйымдар қыспаққа алынатын түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу