Халық неге қаржы пирамидасына жиі алданады?

4940

Қарағандыда 280 адам қаржы пирамидасына тағы алданып қалған.  

Халық неге қаржы пирамидасына жиі алданады?

Шығын мөлшері – 80 млн теңге. Өткен жылы 39 мың қазақстандық "Выгодный займ", "Гарант 24 Ломбард" және "ESTATE ломбард" микроқаржыландыру ұйымдарының заңсыз әрекетінен зардап шегіп, 8 млрд теңге мен мүліктен айырылған. Тек "Гарант 24 Ломбард" ісі бойынша 18 мың адам полицияға арызданған. 22 млрд теңге көлемінде шығын келген. Осыған байланысты inbusiness.kz тілшісі қазақстандықтар неге қаржы пирамидасына жиі алданады, қаржы сауатын қалай арттыруға болады, оған арнайы білім керек пе, тұтынушылық кредитке неге сұраныс жоғары? деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Фото: Юрий Масановтың жеке архивінен алынды

Экономикалық шолушы Юрий Масанов қарапайым тұрғындардың алаяқтарға жиі алдануының себебін қаржы сауатының төмендігімен байланыстырады.

"Тұрғындар қаржы пирамидасына алданып қалғанын неге түсінбейді? Олар (алаяқтар – автор) жылына 20-30-50% пайда табуға болады деп адамдарды сендіреді. Ал банк депозитінің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 10%. Тіпті кейбір алаяқтар айына 20% пайда табуға болатынын айтады. Бірақ бұл мүмкін емес. Тек компания биржаға шығып, қауіп-қатері жоғары активтерді алып-сатумен айналыспаса. Менің ойымша, мұндайға тек қаржы сауаты төмен немесе сыни тұрғыда ойлай алмайтын адам сенуі мүмкін", - деді шолушы.

Фото: centralasia.news

"Көл-көсір пайдаға кенеледі..."

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов бұл елдегі кедейлік пен табыстың төмен болуымен байланысты деген пікірде.

"Тұрғындар банктерден және микроқаржылық ұйымдардан төмен мөлшерлемемен ақшаны қарызға алғысы келеді. Салдарынан кейбірі күмәнді компаниялардың қызметін пайдаланып, сан соғып қалады. Олар (алаяқтар – автор) адамдарды қарыз төмен мөлшерлемемен беріледі, инвестицияның мөлшерлемесі жоғары деп сендіреді. Осылайша, көл-көсір пайдаға кенелетінін айтады. Бұл алаяқтық екені түсінікті ғой... Сондай-ақ еліміздегі халықтың қаржы сауаты төмен. Бұл да бір себеп", - деді сарапшы.

Оның пікірінше, мұндай жағдайдың алдын алу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарықты үнемі бақылап отыруы керек.

Фото: Арман Байгановтың жеке архивінен алынды

"Тұрмыс төмендеп жатыр"

Экономист Арман Байганов елімізде инфляция жоғары екенін, халықтың табысы төмендеп жатқанын жеткізді. Ол бұл жағдай адамдарды кредит алуға, микроқаржылық ұйымдарға баруға итермелейтінін айтады.

"Елімізде инфляция деңгейі жоғары, ал жалақы инфляцияға ілесе алмай келеді. Халық табысының 50%-ын азық-түлікке жұмсайды. Ол да қымбаттап жатыр. Сондықтан тұрғындар амалсыздан кредит алады, микроқаржылық ұйымның қызметін пайдаланады. Бұл Қазақстанда өмір сүру деңгейінің төмендеп жатқанын көрсетеді", - деді Арман Байганов.

"Жергілікті өндіріс әлсіз..."

Расул Рысмамбетов 2021 жылғы сәуірде отандық банктер қазақстандықтарға 500 млрд теңге көлемінде тұтынушылық кредит бергенін жеткізді.

"Тұрмыс жақсарған жоқ. Тұрақты табыстың мөлшері азайып жатыр... Бұл жағдай елдегі импорт өнімдерінің үлесіне де байланысты. Себебі аталған өнімдерді шетел валютасында сатып аламыз, яғни теңгеге шаққанда олардың бағасы өседі.

Сондай-ақ бір қазақстандық отбасы табысының 50%-дан астамын азық-түлікке жұмсайды. Бұл жергілікті өндірістің әлсіздігін, импортқа тәуелділікті және сатып алу қабілетінің төмен екенін көрсетеді", - деді экономист.

Қаржы сауатын қалай арттыруға болады?

Арман Байганов тұрғындар арасында қаржы сауатын арттыру маңызды екенін атап өтті.

"Қаржы сауатын арттыру үшін арнайы білімнің керегі жоқ. Мектептегі білім де жеткілікті яғни үй есебін жүргізу және ақша тиімді пайдалану үшін. Мысалы, ақшаңызды банктегі депозитке салдыңыз дейік. Ол сізге пайда әкелмейді, ақшаңызды тек инфляциядан қорғайсыз... Ал жоғары табыс тапқыңыз келсе, қор нарығына бару керек. Бірақ онда арнайы маманның көмегі керек, әрі сақ болғаныңыз жөн", - деді сарапшы.

Сондай-ақ ол мемлекеттік телеарналарда қаржы тақырыбында бағдарлама ашу, әлеуметтік желіде де жұмыс жүргізу керегін айтады.

Экономикалық шолушы Юрий Масанов алдымен қаржы сауаты мен банктерге сенімді арттыру, бизнесті жүргізуді жеңілдету сынды іргелі мәселелерді шешу керек деген пікірде.

"Мұның барлығын жүзеге асыруға болады. БАҚ-та агрессивті насихат жұмысын жүргізу керек. Кәсіпкерлік бағдарламалары мен қаржы сауаты курстарын ашу қажет.... Әрине, экономика мен білім беру жүйесін дамыту шарт. Алайда адамдар білімді және табысы жоғары болса, халықтың басым бөлігі күнделікті шығынды жабу үшін кредит алып, қаржы пирамидасына бармас еді", - деп түйіндеді сөзін маман.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу