Сарапшы: Президентте қос азаматтықпен жүрген басшылардың тізімі бар болуы мүмкін

Біздегі салықтың мөлшерінен машақаты ауыр.  

Сарапшы: Президентте қос азаматтықпен жүрген басшылардың тізімі бар болуы мүмкін

Ақ дегені айыппұл, қара дегені қылмыстық іс боп тұрған салық органдарының тізеге салғыш тәсілдері мемлекет басшысының құлағына да жетсе керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында салық жүйесіндегі шырмауықтай шатысқан нормаларды сынға алды.

"Ұлттық табысты әділ бөлу туралы айтқан екенбіз, азаматтарға дәл сондай түсінікті салық саясатын әзірлеуіміз керек. Бүгінде 40-қа жуық алым-салық алынады, әкімшілендіру ісі күрделенген және айқын мәжбүрлік сипатқа ие", – деді  Президент.

189 елдің ішінде 64 орын

Бұл – біздегі салық жүйесін әлемдегі ең қолайлы жүйенің бірі деп жүрген шенеуніктерге ой салатын баға. PwC халықаралық консалтинг компаниясы мен Дүниежүзілік банк 2005 жылдан бері жүргізіп келе жатқан "Paying Taxes 2020" зерттеуі бойынша Қазақстанның салық жүйесі қолайлығы бойынша 189 елдің ішінде 64 орында тұр. Яғни жүйеге айтылған сынның жаны бар деген сөз.

"Paying Taxes 2020" зерттеушілерінің бағалауынша, Қазақстандағы барлық алым-салықтың орташа мөлшерлемесі – 28,4%. Бізді әлемдік рейтингтің бел ортасында ұстап тұрған жалғыз жағымды көрсеткіш те осы. OECD тізіміндегі дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40,4% екен. Солай бола тұра олар рейтингте бізден әлдеқайда жоғары жайғасқан. Жүйенің қолайлы немесе қолайсыз болуы тек пайыздық мөлшерлемеге байланысты емес екенін осыдан көруге болады. "Paying Taxes 2020" зерттеуінде бұдан басқа "Заңнаманы орындауға жұмсалатын жылдық уақыт" "Төлемдер саны", "Декларациядан кейінгі индекс" деген ұғымдар бар.

"Заңнаманы орындауға жұмсалатын жылдық уақыт"  көрсеткіші бойынша Қазақстан 186 сағатпен дамыған елдер түгіл Өзбекстаннан да төмен тұр. PwC  дерегіне сүйенсек, Қазақстандағы негізгі "төлемдер саны" – 10. Дамыған елдердің ішінде Жапония, Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ-та төлемдер  саны бізден де көп. Ал Германия, Франция, Қытай, Британия, Финляндия, Швеция, Норвегия сияқты елдерде бұл көрсеткіш 9-дан аспайды. Салық төлеушілердің тексеріске ұшырау ықтималдығы бізде 25 пайыз шамасында. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен  20 пайыз. Қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығын қайтарып беру бойынша түскен өтінімдерді қарау процесінің ұзақтығы жөнінен біздің жүйе 48,9 ұпай жинаған. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 ұпайдан жоғары. Қазақстанда салық төлеу қалтадан бұрын жүйкеге көбірек салмақ салатынын GSB UIB директоры Мақсат Халық та растады.

"Бізде бүгінге дейін Салық кодексіне 4 мәрте үлкен өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Өкінішке қарай, сонда да шикі тұстары көп. Өзгерту енгізілген сайын баптары мен тармақшалары көбеймесе, азайған жоқ. Барған сайын оқиғасы шиеленісе түсетін шытырман роман сияқты болып кетті. Бір баптан екіншісіне, екіншіден үшіншісіне сілтеу көп. Кәсіпкерлердің өзіне түсіну қиын. Қарапайым ғана мысал, Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығы алынатын табыстың шегін түсіреміз деп шықты. Оған кәсіпкерлер өте қатты наразылық білдірді. Шағын бизнеске мұндай салық салынатын болса, әр кәсіпкер бас бухгалтер жалдап, қарамағына бірнеше маман алу керек болады. Ол бухгалтер мықты, білікті маман болуы қажет. Өйткені қазіргі Салық кодесін әр маман біле бермейді. Кодекс неғұрлым жеңілдетілген, түсінікті болуы керек. Әр азамат бір оқығанда түсінетін болса, нормалар неғұрлым қарапайым тілмен жазылса, төлеуден ешкім жалтармайды, көлеңкелі экономикаға қарай ұмтылмайды", – дейді экономист.

Жасырын айыппұл жоспары

Ал қаржыгер сарапшы Расул Рысмамбетов біздегі салық жүйесінің принциптерін түбірімен өзгерту керек деп отыр.

"Біздің салық жүйеміз жалпы теріс принциптерге құрылған. Бизнесмендердің көбі салық органдарының  ресми болмаса да айыппұлдар жоспары бар екенін айтады. Айыппұл туындататын заңнамалық актілердің көптігі туралы да шағымдар жетерлік.  Қазіргі салықтық әкімшілендіру тәртібі ірі компаниялардың өзіне қиын. ШОБ үшін ол тіптен ауыр", – дейді маман.

Оның ойынша, Үкімет шағын және орта бизнесті дамытуға шындап бет бұрғысы келсе, Салық кодексін түгелдей қайта қарап шығу керек.

"Жүйені бірнеше бухгалтер ұстауға жағдайы келмейтіндер үшін оңтайлы әрі түсінікті ету қажет. Бұған қоса алым түрлерін салық төлеуші өзінің онлайн кабинетінде автоматты түрде есептей алатындай етіп қою керек.  Алым-салық түрлері 40-тан асса да ештеңе емес. Егер түсінікті болса, есептеу проблема емес. Сонымен бірге салық кодексінің міндетті түрде қосымшасы болуы қажет. Сол қосымшада салықты қалай есептеп, қалай төлеу керектігі айқын жазылуы шарт", – дейді экономист.

Қаржыгер Президенттің салық мөлшерін дифференциациялау туралы айтқан бастамалары кодекске нақты норма болып енбесе, нақты нәтиже шығуы екіталай дегенді де айтты.

"Стратегиялық тұрғыдан алсақ, (кодексте көрсетілген) салық жеңілдіктеріне импорт алмастырушы өндірістер, экономиканың әртараптануына көмектесетін бизнес ие болуға тиіс. Осы талап жекелеген Президент жарлықтары мен мемлекеттік бағдарламаларда емес, Салық кодексінде жазылып тұрғаны керек. Мысалы, Данияның тәжірибесін зерттеуге болады. Ол елде ауыл шаруашылығының дамуына салықтың төмендігі емес, әкімшілендіру ісінің тиімді болуы түрткі болған", – дейді Расул Рысмамбетов.

Жолдауда пандемия кезінде ең көп зардап шеккен кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін ұсыну жағы да қозғалған.

"ШОБ секторында пандемия кезеңінде барынша зардап шеккен салаларда жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге айналымнан алынатын бөлшек сауда  салығын төлеу құқығын беруге болады деп ойлаймын", – деді мемлекет басшысы.

"Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда"

Расул Рысмамбетов салықтық жеңілдіктер кодексте тайға таңба басқандай анық жазылмағандықтан, инспекторлар қолынан келсе қоныштан басып қалуға әуестеніп кеткенін айтады. Сондықтан Президент атаған бөлшек сауда салығы да кодексте көрініс таппаса, бастама сиырқұйымшақтанып кетуі ықтимал.

"Мұндай тәсіл енсе, ШОБ өкілдері мен кәсіпкерлер ондаған салық түрін кезек-кезек төлеп қиналмайтын болады. Ал оны әр бап бойынша реттеу салық органдарының жұмысы болуға тиіс. Алайда осы айтылғанның бәрін кодексте басын ашып жазу керек.  Бізде жеңілдіктер көбейген сайын жемқорлық жайттар да арта түседі. Өйткені салық мөлшерлемесін инспектор белгілейді", – дейді сарапшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің биік сатысында отырғанына қарамастан, қос азаматтықпен жүргендерді қызметтен алу жолдарын пысықтауды тапсырды. Жалпы Қазақстан заңнамасында қос азаматтыққа мүлдем тыйым салынған.  Соған қарамастан, мемлекет басшысының Жолдауына осы мәселені арқау етуі заңның орындалмай жатқанын көрсетсе керек. Қаржыгер сарапшы Президенттің бұл сөзін нақты адамдарға бағытталған ишара деп тұспалдап отыр.

"Бұл мәселе бойынша пікір айта алмаймын. Өйткені ұлттық компаниялардың басшылығында отырған қос азаматтығы бар жандарды кездестірмеппін.  Бірақ өзге елде тұруға ықтиярхаты бар  топ-менеджерлер тіпті мемлекеттік органдарда да болуы мүмкін. Ондайлар өзге елде жылжымайтын мүлігі, банкте шоттары болғандықтан кез келген сәтте кетіп қала алады. Көбінесе мұндай адамдар кезінде елді тонаған, ол кінәсін дәлелденбейтіндей етіп жасырған жемқорлар болып болып жатады. Президенттің қолында осындай тізім бар болса керек. Бұл сөз сол тізімдегі нақты адамдарға қаратып айтылуы мүмкін. Яғни, "қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда" дегенге саяды", – дейді Расул Рысмамбетов.

Әл-ауқат қоры тежеуішке айналды

Экономист Мақсат Халық Президент осымен екінші Жолдауында квазимемлекеттік секторға шүйліккенін аңғарыпты.

"Квазимемлекеттік секторға қатысты үлкен мәселе көтерілді. Жалпы бұл сектор бюджет қаражатын талан-таражға ұшырататын жүйеге айналды негізінде. Өйткені квазимемлекеттік  секторда өте үлкен монополист компаниялар бар. Ол жерде еңбек өнімділігі өте төмен. Экономикада ол өте маңызды факторға ие. Кез келген шаруашылық субьектісінде еңбек өнімділігі төмен болса, ондай бизнес бәсекеге қабілетсіз деп саналады. Сондықтан да тұтастай мемлекеттік активтердің бәрін бойына жинап отырған "Самұрық Қазына" сияқты үлкен корпорациямыз экономиканың тежеуіш күшіне айналып отыр", – дейді ол.

Бұған дейін "ҚазАгро" холдингін бірнеше рет сынға алған Президент ақыры оны "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингімен біріктіру керектігін айтты. Мақсат Халық осы арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлық тұралатқан "ҚазАгроның" бұйдасын керуен басындағы "Бәйтерекке" сүйретіп қоймақшы деп топшылап отыр.

"ҚазАгроның"  функциясы агралық кешенді дамытуға бағытталған. Ал "Бәйтерек" инновациялық жобалармен, венчурлық қаржыландырумен көп айналысады. Осындай функциясы әркелкі екі маңызды ұйымды біріктірудің қажеттігі қайдан туды деген сұрақтар туындап отыр.  Жалпы "Бәйтеректің" жұмысы оң көрсеткіште. Ал "ҚазАгро" бұған дейін өте көп сынға ұшырап үлгерді.  Ауыл шаруашылығына жауап берген Delta Bank банкрот боп тынды. Ол жерде өте үлкен бірақ түсініксіз схемалар байқалады. "ҚазАгроның" ақша айналымына тазалық керек болатын.  Оптимизациялау арқылы сол жердегі кейбір дұрыс емес әрекеттерді жоюға күш салынады деп ұйғарып отырмын", – дейді сарапшы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу