Халық санағы: Ең негізгі сұрақтардың жауабы

3519

Қазақстанда келесі аптада халық санағы басталады.  

Халық санағы: Ең негізгі сұрақтардың жауабы

Тәуелсіз Қазақстан тарихында осымен үшінші рет өткізілетін халық санағына бюджеттен 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Осы ірі соманың бұл күнде бір бөлігі игеріліп, ел ішінен іріктелген 32 мыңға тарта маман қыркүйекте жұмысқа кіріседі. Осы ретте Іnbusiness.kz порталы оқырманға халық санағына байланысты ең негізгі сауалдардың жауабын ұсынады. Ресми сауалдарымызға жауапты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі жолдап отыр.  

Қандай жаңашылдықтар енгізіледі?

– Биылғы халық санағын жүргізу жұмысына коронавирус пандемиясына байланысты қандай өзгерістер енгізіледі? Халық санағын жүргізуде осы уақытқа дейін қолданыста болған қандай стандарттарды амал-әдістерден бас тартасыздар? Қандай жаңашылдықтарды енгізесіздер?

– Халық санағын жүргізу барысында карантиндік шараларды сақтау басты назарға алынады. Халық санағына вакцина алған интервьюерлер тартылады. Сонымен қатар олар антисептикалық құралдармен және қорғаныш маскаларымен қамтамасыз етіледі.

Биылғы санақтың негізгі айырмашылығы – онлайн және офлайн режимде өтуінде. Сондай-ақ,  сауалнама парақтарының дәстүрлі қағаз түріндегі сұрау салуларынан бас тартылып, заманауи ақпараттық технологияларды, атап айтқанда интернет желісі және интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді қолдану арқылы жүргізіледі. Онлайн режимінде Sanaq.gov.kz арнайы сайтында өздігінен толтыруы арқылы халық санағы өткізіледі. Бұл жүйе тәулік бойы қолжетімді болады.

– Әлемде коронавирус пандемиясы басталғалы халық санағын жүргізген мемлекеттер бар ма? Олардың осы бағыттағы жұмыс тәжірибесін зерттеп көрдіңіздер ме?

– Басқа елдерде пандемия жағдайында халық санағын өткізуді 2021 жылы Израиль, 2023 жылға Албания жоспарлап отыр. Кейбір елдерде де 2021 жылы Люксембург, Португалия, Сербия, Румыния, Греция және 2022 жылға Ирландия, Шотландия, Германия кейінге қалдырғаны жарияланды. Канада 2021 жылдың мамыр айында халық санағын өткізді.

Осы бағыттағы басқа елдердің тәжірибесін айтар болсақ, АҚШ, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде халық арасында онлайн сауал салу жүргізілген.

Голландия, Финляндия, Щвеция мен Германия санақта халық тіркелімін (регистр) қолданады. Ал Ирландия аралас әдіс қолданады (онлайн және қағаз форматында).

Қытай 2020 жылдың 1 қарашасынан 10 желтоқсанына дейін аралас әдіспен (онлайн және планшеттермен) өткізді. Жапонияда да 2020 жылдың қыркүйегінде аралас әдіспен (онлайн және санақшылар) жүргізді.

Санақ мәліметтерін мемлекет қандай мақсатқа пайдаланады?

– Халық санағы sanaq.gov.kz сайты арқылы өткізілетіні хабарланды. Яғни бұл сайтқа бүкіл халыққа қатысты орасан зор мәлімет жиналғалы тұр. Ал сол жиналған мәлімет қаншалықты қорғалады? Ол мәліметтердің қорғалуына қай мекеме жауапты болады?

– Ұлттық халық санағын өткізудегі басты мәселелердің бірі – азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі. Санақ жүргізу кезінде азаматтардан алынатын барлық ақпарат Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне қорғалған байланыс арналары арқылы беріледі. Онда барлық берілетін дерек шифрланады.

Сонымен қатар, sanag.gov.kz мамандандырылған сайтын қорғау үшін әлемдегі ең ірі коммерциялық сертификаттау орталықтарының бірі – Sectigo SSL сертификаты сатып алынды. Онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған "https" хаттамасы бойынша жүреді.

Алғашқы статистикалық деректердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету ҚР заңнамасымен реттелетін процестер шеңберінде және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтастықта заманауи техникалық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1-тармағына сәйкес алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және оны мемлекеттік статистика органдары тек статистикалық ақпаратты түзу мақсатында ғана пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді.

– Халық санағының нәтижесі мемлекет саясатының нақты қандай қажеттілігіне пайдаланылады?

– Халық санағының нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және дамыту үшін қажет. Яғни құрылыс және баспаналарды бөлу, демографиялық және көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында және жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындары туралы, ал бизнес үшін маңызды және нақты соңғы тұтынушы туралы толық сипаттама береді. Халық санағына қатысқан әрбір азамат мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге салмақты үлес қосады.

Санаққа кімдер тартылады? Оларға қанша ақша төленеді?

– Биыл халық санағын жүргізуге қанша кісі тартылады? Оларды қалай іріктегелі отырсыздар?

– Ұлттық халық санағын жүргізуге 33 395 адам жұмысқа тартылды. Оның ішінде уақытша санақ персоналы (интервьюерлер мен нұсқаушы-бақылаушылар) 32 313 адам. Қазіргі уақытта олармен ақылы қызмет көрсету туралы шарттар жасалуда.

– Халық санағын жүргізуге тартылған адамдарға ақша төлене ме?

– Санақты жүргізуге тартылған азаматтармен арнайы еңбекшарты және өтеулі қызметтер көрсету шарты жасалынып, белгіленген көлемде дәрежелеріне байланысты (уәкілдер, нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 65-125 мың теңге аралығында еңбекақы төленеді. Атап айтқанда, уәкілдердің еңбекақысы – 85 мың теңге, интервьюерлерге 1-ші және 2-ші кезеңнің жұмысына ақы төлеу толық көлемде қызмет көрсетілген жағдайда 30 күнге 83-104 мың теңге және нұсқаушы-бақылаушыларына толық көлемде көрсетілген қызмет үшін 45 күнге 125 мың теңге беріледі.

– Халық санағын жүргізуге бюджеттен 9 млрд теңге бөлінгеніне қоғам белсенділері қарсы пікір білдіріп жатыр. "Осындай қиын кезеңде қазынадан қомақты қаражат бөлудің маңызы бар ма?",– дейді олар. Бұл пікірге байланысты не айтар едіңіз?

– 2018 жылдан бастап 2023 жылға дейін (бесжылдық кезеңге) халық санағын жүргізуге ел бюджетінен 9,1 млрд теңге, оның ішінде санақ персоналының қызметін төлеуге 3,3 млрд теңге және штаттан тыс қызметкерлердің еңбекақысына 1,3 млрд теңге бөлінді.

2021 жылғы халық санағын жүргізу кезінде бір адамға жұмсалатын шығындар 1,1 АҚШ долларын құрайтынын атап өту қажет. Мысалы, 2009 жылғы халық санағы кезінде шығындар 2,9 АҚШ долларын құрады. Халық санағы шығындарының төмендеуі цифрлық технологияларды енгізумен және халық санағы бойынша деректерді жинау процесін автоматтандырумен байланысты.

Көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда бір адамға шаққандағы халық санағының құны әлдеқайда төмен: бұл сома Қырғызстанда – 1,2$, Әзірбайжанда – 1,44$, Ресейде-3,6$ құрайды.

– Пандемияға қарамастан, халық санағын жүргізетін мамандар үй-үйді аралайтыны айтылуда. Бұл қаншалықты рас? Үй-үйді аралау кезінде індет жұқтыру қаупі туындамай ма?

– Иә, 1-30 қазан аралығында азаматтарға интервьюерлермен планшеттер арқылы сұрау салу бойынша  үй-үйді аралайды.

Үй-үйді аралау кезінде санақ персоналдары карантиндік шараларды (антисептикалық құралдар, қорғаныш маскалары) барынша назарға алынады және вакцинацияланған қызметкерлер жұмысқа тартылады.

Шет елдегі отандастарымыз санақпен қалай қамтылады?

– Сауалнама жүргізушілер азаматтарға нақты қандай сұрақтарды қояды?

– 2021 жылдың ұлттық санағын жүргізу кезінде Қазақстан азаматтарына барлығы 91 (69 сұрақ және 22 нақтылау) сұрақ қойылады. Сұрақтарға жауап алу "www.sanaq.gov.kz" сайтында онлайн режимде және үй аралау бойынша интервьюерлермен планшеттер арқылы алынады.

Санақ парақтарында халықтың саны, жынысы, құрамы, білімі, көші-қоны, неке жағдайы, тууы, жұмыспен қамтылуы, күнкөрістің негізгі қаражат көзі,
тұрмыс-тіршіліктің шектеулеріне қатысты сұрақтар болады.

Дәстүрлі көрсеткіштермен қатар 2021 жылғы санақ парақтарына жаңа сұрақтар енгізілді: халықты есепке алу сәтінде респонденттің орналасқан жері, тіршілік әрекетін шектеу (көру қиындықтары, есту қиындықтары, жүру қиындықтары, есте сақтау және/немесе назарды шоғырландыру қиындықтары), ҚР аумағында уақытша тұратын адамның келген елі, келу мақсаты, пандемияның табыс деңгейіне әсері, COVID-19-бен  ауру және қарсы вакциналау.

Қосымша сұрақтарды қосу арқылы кейбір сұрақтар толықтырылды: көші-қон – Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуды жоспарлау туралы, негізгі себептері мен мерзімдері, неке жағдайы – қазіргі (немесе қайта) некеге тұру туралы, жұмыспен қамтылу – уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, жұмыстан тұрақты тұрғылықты жеріне оралу кезеңділігі туралы, туу – туған балалар және бірінші және соңғы баланың туған күндері туралы, тілдерді меңгеру дәрежелері, діндер, бір айдағы шамамен табыс туралы сауалдар болады.

– Халық санағын жүргізу барысында шет елдерде жүрген отандастарымыздың санын (олар жайлы мәліметті) қалай анықтайсыздар?

– Шет елде жүрген азаматтарымыздың халық санағы туралы мәліметтері электронды түрде сайттан өздігінен толтыру жолымен алынған ақпараттар негізінде анықталады. Респонденттерде санақтан өз бетінше өту мүмкіндігі болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арнайы үй-жаймен және интернетке шығатын компьютермен қамтамасыз етеді.

Халық санағына жататындар:

1) үй шаруашылығының құрамына кіретін елде тұрақты тұратын барлық респонденттер (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар), оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарының желісі бойынша қызметтік міндеттерін орындауға байланысты 12 ай және одан да көп мерзімге шетелде жүрген немесе ұзақ қызметтік іссапармен жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса алғанда);

2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бірақ шетелге 12 айдан аз мерзімге қызметтік іссапарға, келісімшарттар бойынша жұмысқа, оқуға уақытша кеткен адамдар ("Болашақ" халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыларды қоса алғанда – олардың елде болмаған мерзіміне қарамастан) және басқа да себептер бойынша жүрген адамдар.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу