Халық жеке сот орындаушыларының ақысын төлеуден босатылады

3245

Бірақ ЖСО-лар жаппай жұмыссыз қалмайтын болады.

Халық жеке сот орындаушыларының ақысын төлеуден босатылады Фото: inbusiness.kz

Жеке сот орындаушыларын (ЖСО) табысынан айыруға қатысты заңнамалық бастаманың ілгерілеуі Парламентте аса қиынға соқты.

Тиісті заңнамалық түзетулерді бір топ депутат алдымен, "көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша" заң жобасының ілеспе құжаты – "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына қосты. Жобаны Мәжіліс 2024 жылғы 22 мамырда толық қабылдады.

"Заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар оған келесі түзетулерді енгізді. Істердің жекелеген санаттарына сот орындаушыларының қатысуы жойылды. Азаматтарға жеке сот орындаушылары қызметінің ақысын төлемей, атқару құжатының талаптарын өз бетінше орындауға мүмкіндік ұсынылды. Бұл қазақстандықтарға түсетін қаржылық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді", – деді Мәжілісте баяндама жасаған депутат Арман Қалықов.

Алайда заң жобасы Сенатта өзгеріске түсті. Ақыры 2024 жылғы 18 шілдеде Президент қол қойған бұл заңда жеке сот орындаушылары туралы бір сөз де қалған жоқ.

Содан кейін ұқсас түзетулер күзеп-түзелген, жеңілдетілген "лайт-нұсқада" "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына қосылды.

Бұл заңға Мемлекет басшысы 2024 жылғы 19 маусымда қол қойды. Құжат "халыққа түсетін қаржылық жүктемені төмендетеді", бірақ салмақты шектеу қояды: айыппұл сомасы 20 айлық есептік көрсеткіштен аспауы шарт. Яғни, барлық айыппұл иесі бұл заңның игілігін пайдалана алмайды.

"20 АЕК-ке (2024 жылы 73 840 теңгеге) дейінгі әкімшілік айыппұлдарды және салық берешегін өндіріп алу кезінде оңайлатылған іс жүргізу тәртібі енгізілді. Істі әділет органдары автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізеді. Бұл азаматтарды жеке сот орындаушыларының (ЖСО) қызметтеріне ақы төлеу міндеттемесінен босатады. Мұндай механизммен келіспеген жағдайда атқарушылық іс жүргізу жалпыға бірдей бекітілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады", – делінген Ақорда түсініктемесінде.

Бұл заңға 19 маусымда қол қойылғанымен, ол 19 тамызда ғана күшіне енеді.

Әділет вице-министрі Даниэль Ваисовтың айтуынша, "кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту" мәселелері жөніндегі жаңа заң Қазақстанда жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу институтын енгізуді көздейді. Жеңілдетілген өндірістің негізгі міндеті – азаматтарды ЖСО қызметіне ақы төлеуден босату жолымен қаржылық жүктемені азайту.

"Егер атқару құжатын жеке сот орындаушысы орындатса, онда борышкер негізгі қарызы сыртында, борыш сомасының 3%-дан 25%-ға дейінгі көлемінде ЖСО қызметінің ақысын да төлеуге мәжбүр болады. Ал, жеңілдетілген өндірісте азаматтар тек негізгі қарызын төлейді. Өйткені бұл жағдайда орындау процесі ЖСО қатысуынсыз өтеді, толығымен автоматтандырылған. Бұл институтты қолдану ауқымын ұлғайту жоспарда бар. Айта кетерлігі, азамат бастапқы кезеңде айыппұлын немесе салық берешегін жеңілдетілген тәртіппен төлеуден бас тарта алады, онда оның құжаты автоматты түрде ЖСО-ның орындауына жіберіледі", – деді Әділет министрінің орынбасары Даниэль Ваисов.

Жеңілдетілген іс жүргізу аясында мәжбүрлеп орындатудың келесі уақытша шаралары қолданылатын болады:

  • адам Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі,
  • белгілі бір іс-әрекеттерді жүзеге асыруға уақытша тыйым салынады,
  • банктерде борышкердің ақшасы, карталары бұғатталады.  

Жеңілдетілген атқарушылық істі орындауға жалпы 30 күн беріледі. Осы мерзімде орындалмаса, бұл атқарушылық құжат та ЖСО-ның орындауына жіберілетін болады.

Ендеше жеке сот орындаушыларын мүлдем керексіз ететін, оларды клиентсіз қалдырып, банкрот қылып тынатын толымды нұсқа өтпеді. Олар бәрібір жұмыссыз қалмайды.

Даниэль Ваисовтың түсіндіруінше, жеңілдетілген тәртіппен орындау кезінде мәселелер туындаса, борышкер Әділет министрлігінің тиісті аумақтық органына – облыстар бойынша әділет департаменттеріне жүгінуге құқылы.

Сонымен қатар шешімдер жедел қабылдануы үшін министрліктің Мәжбүрлеп орындату департаментінің мәртебесі өсіп, ол комитет болып қайта құрылды. Енді ол дербес ведомство ретінде азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, соның ішінде шағымдарды қарау және олар бойынша іс-шараларды жүзеге асыру бойынша жедел шешім қабылдай алады.

Бұл ретте атқарушылық іс жүргізуі автоматтандыру арқылы ведомство азаматтардың құқықтарын қорғап, қаржылық жүктемені азайтуға күш салады.

"Азаматтар үшін ыңғайлы болсын деп, әрі атқарушылық іс жүргізу процесінің ашықтығын арттыру мақсатында арнайы сервистер құрылды. Арасында берешекті онлайн төлеу, СМС-хабарлама, жүйедегі тараптар кабинеті, борышкерлер тізілімі табысты қолданылуда. Олар арқылы мәжбүрлеп орындатудың барлық іс-әрекетін қадағалаймыз, берешекті онлайн режимде төлеуге мүмкіндік береміз. Айыппұлын, қарызын төлесе, барлық шектеу шарасын автоматты түрде алып тастаймыз", – деді вице-министр Ваисов.

Бұған қоса, бүгінде қазіргі Әділет министрі Азамат Есқараев Марат Бекетаев тұсында қабылданған "Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" 2018 жылғы 1 ақпандағы №171 бұйрыққа өзгерістер және толықтыру енгізетін жаңа бұйрық жобасын әзірледі. Құжатты қоғамдық талқылау 9 тамызға дейін созылады.

"Мәжбүрлеп орындау департаменті жүргізген талдау көрсеткендей, тексеру кезінде анықталған, жеке сот орындаушылары жасаған бұзушылықтар көбіне жойылмайды. Оның үстіне жөнсіздіктер мерзімі бойынша ұзаққа созылатын, қайталана беретін жағдайлары жетерлік. Осы мәселе аумақтық органдардың бақылауынан тыс қалатындығы анықталды. Осыған орай бұйрыққа ұсынылып отырған өзгерістер ЖСО-лар тарапынан бұзушылықтар жойылмаған жағдайда аумақтық органдарға ЖСО-ларды лицензиясынан айыру немесе уақытша тоқтата тұру туралы ұйғарым енгізуіне мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Жаңа бұйрық жобасына сәйкес, жеке сот орындаушыларын бақылау қорытындысында оның қандай заңды бұзғаны туралы қорытынды баяндалады және оларды жою жөніндегі ұсынымдарды орындаудың мерзімдері көрсетіледі:

  • жоспардан тыс бақылау бойынша бұзушылықтарды жоюға – 5-10 күн,
  • жоспарлы бақылау бойынша – 15 күннен көп, бірақ бір айдан аспайтын мерзім белгіленбек.
  • егер бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік болмаса, жеке сот орындаушысына мерзімдер ұсынылмайды, ол туралы қорытындыда көрсетіледі.

"Жеке сот орындаушысы заңнаманы шамалы немесе бір рет бұзса, сол үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы керек. Заңнаманы бірнеше рет, өрескел бұзғаны үшін ЖСО-ның лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұруы немесе мүлдем тоқтатылуы қажет деп санаймыз", – деп хабарлады Әділет министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу