Халықаралық көрме көңіл көншітпеді

3372

Астанадағы "Көрме" орталығында "Білім және ғылым-2016" ХІV Халықаралық көрмесі өтуде.

Халықаралық көрме көңіл көншітпеді

Үш күнге созылатын көрменің жұмысына өз еліміздегі жоғары оқу орындарымен қатар, алыс-жақын 12 шет мемлекеттің білім ордалары қатысуда.

 

Қытай университеттері қытай тілін әлемдік тіл етуге күш салуда

"Көрме" орталығының залында қаз-қатар орналасқан павильондарда әр оқу орны мен шетелде білім алуды ұйымдастыратын компаниялар өздерінің артықшылықтарын айтып, жан-жақты ақпарат беруге тырысуда. Бірінші болып Қытайдың жетекші оқу орындары өкілдігінің павильонына тоқтап, "Қазақ жастарына Қытайда оқыған қаншалықты тиімді?" деген сауалға жауап алдық.

Қытайда оқыған отандасымыз Ақжол Мұратұлы өзі елге оралған соң, Қытай университеттерінің Қазақстандағы өкілдігін ашыпты. Оның айтуынша, қазір қазақ жастарының Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алуға деген құштарлығы жоғары. "Өйткені, қазір әлемдік тіл ретінде ағылшын тілі үлкен сұранысқа ие екені белгілі. Бірақ, Қытайдың білім ордалары да қытай тілінің әлемдік тіл болуына көп күш жұмсайды. Шетелдік азаматтардың тегін оқуына ел Үкіметі ерекше назар аударып отыр", – дейді ол.

Оның айтуынша, Қытайда білім алу Қазақстанға қарағанда анағұрлым оңай. "Біздегі оқу ақысы қымбат әрі білім гранттары шектеулі болғандықтан, қазақ жастары шет мемлекетте оқуды жөн көреді", – дейді Ақжол.

Ақжол Мұратұлының сөзіне қарағанда, тегін оқуға қоса жатақхана мен шәкіртақы беріледі. Орташа есеппен алғанда 100 мың теңгенің көлемінде шәкіртақы тағайындалады екен. Қытайда оқып келген жастар көбіне Қазақстандағы қытай компанияларында жұмыс істейді. Олар негізінен халықаралық қатынастар, филология, бизнес және логистика мамандықтарына оқып келген жас мамандар.

 

Шетелдік білімді өз елімізде алған қаржылық жағынан тиімді

Қазақ жастарының шетелде тәжірибеден өтуі немесе білім алуына ел Үкіметі көп қаржы жұмсайды. Сондықтан қазіргі таңда шетелден білікті мамандарды шақырып, қазақ жастарын өз елімізде оқытуға баса назар аударылып отырғаны белгілі. Бұл тарапта Назарбаев университетін мысалға келтірсек болады.

Одан бөлек, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының елімізде филиалдары ашылып, оларға сол білім ордаларынан оқытушыларды келісім-шарт арқылы шақыру тәжірибесі кеңінен қолданылады. Солардың бірі швейцариялық Менеджмент және бизнес мектебі (ASMB Astana schol of management and business).

Аталған оқу орны өкілдерінің айтуынша, бүгінгідей жаһандану дәуірінде әрі Қазақстанның халықаралық интеграция үдерісінде іскер, білікті мамандарды даярлауы заман талабы болып отыр. Дәл қазір Қазақстанның мемлекеттік басқару институттарына, шағын және орта бизнес саласына жоғары білімді мамандар қажет. Сондықтан шетелден білім алуды барынша жеңілдету әрі тиімді ету мақсатында швейцариялық білім ордасы Астанада өз өкілдігін ашыпты. Оның артықшылығы – Астана Менеджмент және бизнес мектебінің дипломын әлемнің беделді ұйымдары мойындайды және онда швейцариялық мамандар дәріс береді.

 

Шетелде оқыған қазақ жастары көбіне сонда қалып қояды

"Болашақ" бағдарламасымен оқыған жастар оқуы аяқталған соң елге қайтып, бірнеше жыл еңбек етуге міндеттелетіні белгілі. Ал одан бөлек өз бетінше білім алған қазақтар көбіне шетелде қалуды жөн санайды екен.

Көрмеден өзіне қолайлы оқу орнын іздеген астаналық талапкер Салжан Әбдінәбиевтің айтуынша, ағылшын тілін жетік біліп, "Болашақ" бағдарламасының талаптарына сай келіп тұрса да, оның аталған бағдарламамен оқығысы жоқ.

"Өйткені, – дейді Салжан Әбдінәбиев, – "Болашақ" бойынша оқудың бірқатар талабы маған ұнамайды. Мен шетелде оқып, әрі қарай тәжірибені де сонда жалғастырғым келеді. Яғни, "оқуды бітірген соң қайтып келу керек" деген сияқты міндетті мойныма алғым келмейді. Қазір оқып, білгім келеді деген талапты жасқа мүмкіндік көп. Көптеген елдің тегін оқу гранттары бар. Тек білімің соған сай болуы тиіс".

Салжан Әбдінәбиев жаратылыстану ғылымдарына, техникалық мамандықтарға қызығатынын айтты. Біз оны Мәскеу физика-техникалық институты павильонынан кезіктірген едік. Онда аталған оқу орнының өкілі Роман Андреев Ресейдің әйгілі "физтехында" (физика-техникалық институтында) оқыған отандасымыздың қазір сонда зертхана меңгерушісі болып қызмет етіп жатқанын мақтанышпен  жеткізді. Осы жерден журналистік қызығушылығымыз оянып, кеңірек айтып беруін сұрадық.

Ресейде оқып, сонда қызмет етіп жатқан отандасымыздың аты-жөні – Темір Берқалиев екен. "Әрине, жас та болса оған үлкен зертхананы басқаруды сеніп тапсырды, – дейді Роман Андреев. – Мұндай жағдай өте сирек болады. Өте білімді, дарынды жігіт. Ол нейротехнологияны зерттеумен айналысып, басқарылатын бионикалық қол жасап шығарды".

Оның айтуынша, физтехта негізінен халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері оқиды екен. Яғни, әр елдің болашағынан үміт күттірер, дарынды жастарын оқуға іріктеп алып әрі сонда қызмет істеуге мүмкіндік береді. Қысқасы, қазақтың дарынды жастарының шетелде білім алып, сол елде қызмет ету мақсатында қалып қоюы біздің мемлекетіміз үшін өкінішті жағдай.

Үш күнге созылатын білім-ғылым көрмесінің алғашқы күні болған соң ба, көрме бізге тым жұпыны көрінді. Оқу орындары "біздерде мынадай бар, мынадай бар" деп бірінен-бірі өтіп, жарысып тұрғанын байқамадық. Көрменің ресми ашылу салтанаты да "орынбасар-кеңесшілердің" деңгейінде өтті. Білім-ғылымның соңғы жетістіктерін паш етеді деген халықаралық көрмеден көңіліміз көншімей қайтты.

Қуат Әуесбай, фото автордікі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу