Халықаралық топ Қазақстанда "терроризмді қаржыландыруға" бағалау жүргізеді

2111

Елде қазірдің өзінде қылмыстық кірістерді заңдастыру тәуекелі жоғары 149 мың (!) қылмыс анықталды, олардан елге келген залал-шығын 2 триллион теңгеге жуықтаған.

Халықаралық топ Қазақстанда "терроризмді қаржыландыруға" бағалау жүргізеді

Бұл ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Ведомствоның дерегінше, "қазіргі уақытта Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топтың (ЕАТ) Қазақстанды өзара бағалауының екінші раундына дайындық жүргізілуде". Республика ол тексерістен 2022 жылы өтуге тиіс.

Агенттік дүниежүзінде терроршыларды қаржыландырумен күресетін ұйым – ФАТФ стандарттарын орындау Біріккен Ұлттар ұйымына (БҰҰ) мүше кез келген ел үшін міндетті екеніне назар аудартты.

Құзырлы органның пайымдауынша, бұл саланың жағдайы онша жақсы болмай тұр. Себебі "қылмыстық жолмен табылған қаражатты іздестірудің де, тәркілеудің де құқықтық тетіктері тиімсіз".

Елдегі жағдай америкалық Global Financial Integrity халықаралық сарапшыларын шошынтып отыр. Олар қылмыс әлеміне, сыбайлас жемқорлыққа, салық төлеуден жалтаруға және басқа да заңсыз қызметке байланысты Қазақстаннан капиталдың жаппай әкетілуіне қатысты деректерге қанығыпты. Республикада "қаржылық тергеуді жүйелі түрде құқықтық регламенттеу қажет" деген байлам жасады.

Тергеушілер ұрланған ақшаны іздемейді, неге?

Агенттік тартқан қазақстандық сарапшылар да көңілсіз тоқтамға келді. Олар анықтағандай, қылмыстық құралдарды тәркілеу, қылмыс кесірінен келген залалды өтеу Қылмыстық-процестік кодекстің және "Жедел-іздестіру қызметі туралы" заңының басты міндеті саналмайды. Бұл не деген сөз?

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары, тергеушілер қылмысты ашуға және кінәлі адамдарды тауып, жазалауға бар күшін салады. Ал қылмыскерлер қолына түсірген қаражаттарды іздестіруге және тәркілеуге көбіне ден қоймайды. Өйткені уақыттан қысылады. Алдын ала тергеу мен анықтауға тым шектеулі мерзімдер белгіленген.

АҚШ-та, Батыс елдерінде бәрі керісінше, бірінші кезекте қылмыс құралдары мен қаражаттарды іздеп, қолға түсіруге бүкіл күш-жігер бағытталады. Бәрін тастап, "байтал түгіл бас қайғы" деп қашпаса, қылмыскерге бұл елдерден аста-төк ақшамен тайып тұру өте қиын.

Қазақстан өзіндегі осы парадоксті, қайшылықты жоюға бұған дейін неге назар аудармағаны беймәлім, бәлкім, назар аудармау әлдекімдерге тиімді болған шығар? Кез келген экономикалық немесе басқа қылмыстар мол ақша табу үшін жасалатыны мәлім, қылмыскерді ынталандыратыны да сол. Билік болса, осы стимулға соққы беріп, түп-тамырына балта шабуға мән бермей келді.

Қаржылық мониторинг агенттігі елде соңғы 4 жылда қаржылық тергеу тиімділігі төмендеп кеткенін әшкереледі.  

"Қылмыстық кірістерді жылыстату тәуекелі жоғары 149 мың қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Олардың залалы 1,8 триллион теңгеден асты. Қылмыстардың бұл санатына тек экономикалық қылмыстар ғана емес, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық, есірткі бизнесі қылмыстары да кіреді. Тарата кетсек, кейінгі 4 жылда Қазақстанда ұрлау бойынша – 136 мың іс, есірткі бизнесі – 6,3 мың іс, пара алу – 2,8 мың іс, ойын бизнесі – 1,5 мың іс, жалған шот-фактураларды жазу – 1,2 мың іс, салық төлеуден жалтару – 828 іс, қаржы пирамидалары бойынша – 382 іс және экономикалық контрабандаға қатысты 328 іс қозғалған", – деп хабарлады агенттік.

Сорақысы сол, осы қаптаған, яғни 150 мыңдай қылмыс істің ішінде өте аз бөлігінде ғана қылмыстық жолмен алынған кірістерді анықтау үшін тергеуге бастамашылық жасалған. Нақты айтсақ, 4 жылда небәрі 194 іс: Қаржылық мониторинг агенттігі – 123, Антикор – 52, ІІМ – 27, ҰҚК – 15 іс. 2020 жылы бұл статистика 2017 жылғы 79 істен 39-ға дейін құлдырап кетті.

Жалпы бұл саладағы ұлттық заңнама олқылыққа толы, шұрық-тесік екені байқалады. Мысалы, "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы, тіпті тауар биржаларының брокерлері "қаржы мониторингі субъектісі" ретінде танылмаған. Тиісінше, олардың ісін құзырлы орган бақылай алмайды. Ал мемкорпорация мен брокерлер нотариустер көмегіне жүгінбей-ақ мүлікке қатысты мәмілелерді өз бетінше жүзеге асыра береді. Мысалы, таяуда ХҚКО қызметкерінің ұрланған көлікті өз бетінше рәсімдеп, басқа адамға сатып жібергеніне қатысты дау туындады.

Үш жылда 616 лаңкестік қылмыс тіркелген

Алматы қаласы, Алматы облысы және өзге өңірлерде контртеррористік операция жүргізуші арнайы органдар, күштік құрылымдар бума-бума ақшаға толтырылған көліктерді ұстап жатқанын жария етуде. Әрине, ол доллар не басқа шетелдік валюта болса, бәрі түсінікті. Алайда арасында ылан-ойран көлемде теңге де табылуда. Қарапайым қазақстандықтардың Каспи не басқа банктік қосымша арқылы аударған тиын-тебенін тексеріп жүрген органдар назарынан осынша қыруар ұлттық валюта қалай қалыс қалған?

Аталған агенттіктің мәліметінше, "қаржылық барлау бөлімшелері көліктің барлық түрі бойынша тасымалдаушылардың мәліметтеріне автоматтандырылған жүйелер мен дерекқорлар арқылы нақты уақыт режимінде қол жеткізе алмайды".

Бұл тарапта басқа да мәселе бар.

"Қазіргі уақытта терроризм қажеттіліктері үшін теміржол және ұшақ билеттерін бақылаусыз сатып алуға байланысты қауіп бар. Бүгінде террористік қызметке жұмылған адамдарды анықтау жоғары басымдыққа ие. Алайда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық заңнама көлік қызметтерін көрсететін компанияларды теміржол және әуе көлігіне отыру үшін рәсімделген немесе брондалған билеттер туралы қаржылық барлау бөлімшелеріне мәлімет ұсынуға міндеттемейді", – деп түсініктеме берді Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА).

Қазақстанда таяуда жаңа тетік өмірге жолдама алады деп күтілуде. Ол құзырлы ведомстволарға қылмыстық жолмен табылған мүлікті сот үкімінсіз-ақ тәркілеуге мүмкіндік береді. Бұл институт Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 71-тарауы түрінде ұлттық заңнамаға енгізілді.

Қазіргі кезде тергеушілерді қылмыстық іс аясында қаржылық тергеп-тексеруді қатар жүргізуге міндеттеу бойынша жұмыс басталыпты. Әрине, уақыт тығыз болып, ұрланған ақшаны іздеп табуға тергеушінің мұршасы жетпейтіні әлгінде айтылды. Сондықтан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында әртүрлі себептермен, мысалы білікті кадрлық ресурстардың болмауы, қызметкерлердің немқұрайлылығы, тергеу жүргізу мерзімдерінің шектелуі кесірінен қолды болған мол қаражат табылмаса, онда жаңадан қаржылық тергеп-тексеруге (финансовое расследование) енді соттың өзі бастамашылық жасайтын және соған тапсырма беретін болады. Бұл ретте Нидерланды, Эстония секілді елдердің үлгісі алынбақ.

Осы және басқа да ұсыныстар мен түзетулер ҚМА әзірлейтін және биыл енгізілетін жаңа заң жобасында көрініс тауыпты.

Айта кету керек, ресми мәлімет бойынша террористік және экстремистік қылмыстардың 2019 жылы – 223, 2020 жылы – 198, ал 2021 жылы – 195 дерегі тіркеліп, тергелді. 2022 жылғы қаңтарда еліміздің біраз өңірін жайлаған радикалды топтардың шабуылы салдарынан бұл қылмыстар биыл бірнеше есе көбеюі ықтимал.

Жаңа заң қабылданса, бұл қылмыстар бойынша да қаржылық тергеп-тексеру міндетті түрде жүргізілетін болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу