Халықты қол жууға үйрету үшін 31 млрд теңгедей қаржы жұмсалмақ

827

Бұл жерде әңгіме Өзбекстандағы бетбұрыс жайында.

Халықты қол жууға үйрету үшін 31 млрд теңгедей қаржы жұмсалмақ Фото: proza.ru

"UPL.uz" өзбек басылымының хабарлауынша, тұрғындарды қолын дұрыс жууға үйрету үшін бұрын-соңды болмаған қомақты қаражат бағытталмақ.

Мұндай тосын шаралар кезінде Сингапурде жүргізілгені мәлім. Заманауи мемлекеттің негізін қалаған лидер Ли Куан Ю азаматтарды өркениетті өмірге, мысалы, дәрет алған соң суды міндетті түрде ағызуға үйретті. Ол үшін әр дәретханаға бақылаушы қойды, полиция талапты орындамағандарды ұстап алып, қатаң жазалады, жұрт көзінше дүре соқты.

Қазіргі кезде де Сингапурде әжеттен кейін унитаздағы суды ағызбау, көшеде сағыз шайнау, белгіленбеген жерге қоқыс тастау және басқасы қылмыс саналады және үлкен айыппұл салынады, дүре соғылады.

Ал, Өзбекстан Президенті өткен аптадағы кеңесте әрбір әлеуметтік мекемеде мұнтаздай тазалық сақталуға, адамдар үшін ыңғайлы санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалуға тиістігін нықтады. Ол елде жеке гигиенаны насихаттау бойынша үлкен науқан басталатынын жариялады. Осы арқылы өзбектер әлемге "таза халық" ретінде танылуға ниетті.   

"Өзбекстандықтар қолдарын жуып үйренуі үшін мемлекет 780 миллиард сум (шамамен 31 млрд 122 млн теңгеге тең қаражат) бөлінеді. 2025 жылы Өзбекстанда елдің басты әлеуметтік мекемелеріндегі санитарлық-гигиеналық жағдайларды жақсартуға бағытталған батыл қадамдар қабылдана бастады. Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен "Таза қол" кең ауқымды бағдарламасы іске қосылуда", – деп хабарлады UPL.uz.

Әрине, журналистер "780 миллиард сум қол жууға жұмсалады" деп жазғанымен, шынында осынша орасан зор қаражатқа басқа да іс-шаралар қолға алынады.

Мысалға, бұл бағдарлама аясында бірінші кезекте елдегі барлық білім беру және медициналық мекемелерді қажетті санитарлық-гигиеналық заттармен, соның ішінде сұйық және қатты сабынмен, дәретхана қағазымен, қолкептіргіштермен кешенді жабдықтау қарастырылады.

Әжетханадан соң міндетті түрде қол жуу керектігі әрбір жерде, көрнекті орында жазылып, гигиенаның маңызы азаматтардың есіне түсіреді.  

Қалаларда санитарлық инфрақұрылымды модернизациялауға ерекше мән беріледі. Мысалы, Түркияға, араб елдеріне саяхаттаған адамдар олардың көшелерінің әр жерінде су ішіп, қол-аяқты жууы үшін шүмек-крандар орнатылғанын жиі кездестіруі мүмкін. Бұл әсіресе, мұсылман жамағатына бес уақыт намазын оқуы үшін қолайлы.

Бағдарлама аясында дәретханасы далада орналасқан мектептер үшін ғимараттың ішінен оның жаңасын салу жүзеге асырылады. Бұл шәкірттер үшін жайлылық пен гигиена деңгейін айтарлықтай көтеруге мүмкіндік бермек.

Өзбекстан Макроэкономикалық және өңірлік зерттеулер институты жүргізген зерттеулер көрсеткендей, Өзбекстанда мектептердің 70%-ы орталықтандырылған канализация жүйесіне қосылмаған. Ал, 29,5%-ында қол жуатын жер жоқ.

"Осы бағдарлама аясында сондай-ақ 6 мыңнан астам балабақшада күн коллекторлары орнатылатын болады. Одан жиналған қуат электр энергиясын беруде үзілістер болған жағдайда қуатпен тұрақты қамтуға ықпал етеді. Бұған қоса, қай елді мекенде су құбыры болмаса, ауызсуды жеткізу және сақтау инфрақұрылымы жолға қойылады. Үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін 4,3 мың әлеуметтік мекемеде ауыссу сақтауға арналған арнайы резервуарлар орнатылады", – дейді өзбекстандық журналист Мона Машкевич.

"Таза қол" бағдарламасының тағы бір шешуші бағыты – кең ауқымды түсіндіру және сауаташу науқаны болады. Ол жеке гигиена ережелерін сақтаудың мән-маңызы туралы халықтың хабардарлығын жан-жақты арттыруға бағытталады.

Өйткені Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 7 мамырда өткен кеңесте айтылғандай, қарапайым гигиеналық талаптарды сақтау адамның инфекциялық ауруларды жұқтыруы жағдайларының 35-40%-ын болдырмау үшін жеткілікті.

Gazeta.uz Өзбекстанның Министрлер кабинеті 6 мамырда бекіткен "Таза қол" бағдарламасы 2025 жылы қабылданған "Өзбекстан-2030" Стратегиясын жүзеге асыру мемлекеттік бағдарламасында көзделгенін еске салды.

Үкімет қаулысымен бұдан былай барлық мектептер халықаралық тәжірибе негізінде дайындалған "үш жылдызды жүйемен" бағаланады. Білім ұйымдары нақты белгіленген критерийлерді орындаған сайын тиісті жұлдызға ие болады.

Бір жұлдыз

Бір жұлдыз қажетті минималды шарттарды орындаған, шәкірттері мен қызметкерлерінде базалық гигиеналық дағдыларды қалыптастырған білім ордалары алады.

Бір жұлдызды иелену өлшемшартына балалар мен ересектердің қолдарын сабынмен жууын ұйымдастыру, дәретханалардың күн сайын тазалануы және тазалықты бақылау, сондай-ақ әрбір оқушыда бөтелкеленген ауызсудың болуы кіреді.

Бұл кезеңнің басты мақсаты – оқушылардың бойына қол жуу әдетін берік сіңдіру, базалық тазалықты және суға қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Екі жұлдыз

Оған гигиена саласындағы материалдық база мен білім беру процесін жетілдіре алған мектептер қол жеткізеді. Бұл үшін әжетханалар мен асханалар жанында қол жуу орындары сайлануға, олар тұрақты түрде сабынмен жабдықталуға тиіс.

Мектеп пен мұғалімдер балаларды дәретханаға әрбір кірген сайын және тамақ ішер алдында міндетті түрде қол жууға, сондай-ақ қыздарды жеке гигиенаны лайықты сақтауға үйретуі шарт.

Маңызды критерийдің бірі – мектептегі оқушылардың жалпы санына жететін көлемде дәретханалардың болуы. Сондай-ақ, бұл деңгейде оқушыларды ауызсумен қамту, мысалы, "фонтанчиктердің", фильтрлі шүмектердің болуы назарға алынады.

Үш жұлдыз

Үш жұлдыз тек жоғары деңгейге көтеріле алған мектептерге беріледі. Бұл ондағы инфрақұрылым мен ұйымдастыру жүйесі ұлттық стандарттарға толық сәйкес келетінін білдіреді.

Бұл кезеңде қол жуу – оқушылардың әлеуметтік нормасына айналуға тиіс.

Өлшемшарттарына – барлық талапқа сәйкес келетін, соның ішінде мүгедектерге арналған дәретханалардың жеткілікті санының болуы, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің "WASH" (су, санитария және гигиена) бағдарламасының талабын сақтау, соған жауап беретін тұлға мен жоспардың болуы жатады.  

Бұл деңгейдегі мектеп мүгедектігі барларды қоса алғанда, барлық оқушылардың сапалы қызметтерге қол жеткізгенін білдіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу