Халықтың қанын ішіп бітті

1623

Масалар павлодарлықтардың мазасын әбден алды.

Халықтың қанын ішіп бітті

Көктем келе Ертіс өзенінің жағасындағы жұртшылықты мазалайтын жалғыз мәселе - маса, шыбын-шіркейдің "жорыққа" шығуы. Қансорғыштар биыл да халықтың көзін ашқызбай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Инстаграм әлеуметтік желісінде #ИскусанныйПавлодар хэштегі пайда болды. Көпшілік маса шаққаннан қалған іздер бейнеленген суреттер мен видеоларды жүктеп, осы хэштегпен жарыса жариялап жатыр. Ондағы басты міндет - биліктің назарын аударту. "Миллиардап бөлінген ақшаның тиімділігі байқалмайды" деген наразылықтарын білдіріп жатқандардың қарасы көп. Айта кетейік, Павлодар облысында алдағы үш жылда дезинсекциялық жұмыстар жүргізуге 1,5 млрд теңге қаражат қарастырылған болатын.

"Жыл сайын шыбын-шіркейді улауға бөлінетін ақша да, масаның саны да көбейіп жатыр. Миллиондап, миллиардап жұмсалып жатқан қаржының түк пайдасы жоқ. Ауыл мен қаланың тұрғындары далаға шығудан қалды. Көршілес Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей қалаларында, тіпті Ресейдің Омбы облысында маса мұншалықты көп емес. Содан сайып келіп, "Біздің билік қыруар қаржыны қалтасына басып отырған жоқ па?" деген ой туындайды", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Арман Дәулетияров.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байхановтың сөзіне қарағанда, мердігер компания - "Казахсельмаш" ЖШС-не әлі бірде бір тиын төленген жоқ. Дезинсекциялық жұмыстардың нәтижелілігі 80%-дан асқан жағдайда ғана тиісті сома компания шотына аударылады.

"Тұрғындар тарапынан "Неге Павлодардағы маса басқа қалалардан аз?" деген сипаттағы сұрақ жиі қойылады. Бұл сауалға жауап беру үшін мына деректерді келтірудің өзі жеткілікті: Нұр-Сұлтан қаласында су жайылатын жайылым көлемі 1,1 мың гектар, Семейде 1,9 мың гектар, Ресейдің Омбы қаласында 1,4 мың гектар. Ал Павлодар қаласында бұл көлем 36 мың гектарды, Павлодар облысында 377 мың гектарды құрайды. Яғни, басқа қалалармен салыстырғанда 25 және 258 есеге көп. Су жайылатын аумақтың көлемі үлкен болған сайын шыбын-шіркейдің саны көп болатыны түсінікті жайт", - деді Асайын Байханов.

Қансорғыштардың саны басқа қалалардағы "туыстарымен" салыстырғанда не себепті көп екені түсінікті делік. Бірақ тұрғындар облыс орталығы мен тұтас өңірдегі масалардың саны соңғы 5-6 жылда тіпті көбейіп кеткенін айтады.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын мамыр айында саяжайға барып, бау-бақшаны салып, күтіп, баптайтын едік. Ал соңғы бір-екі жылда шыбын-шіркейдің көп болғаны соншалық, саяжайға барудың өзі мүмкін емес. Масалар жыл сайын азаюдың орнына неге көбейіп жатыр?", - дейді тағы бір тұрғын Ирина Тимощук.

Облыс әкімінің орынбасары Асайын Байхановтың бұл сұраққа да жауабы табылды. Оның айтуынша, бұл Шығыс Қазақстан облысынан босатылатын су көлеміне тікелей байланысты. Осыдан бірнеше жыл бұрын 2 млрд текше метр су босатылса, биыл бұл көлем 5,7 млрд текше метрге жетті. Бұл шыбын-шіркейдің көп болуына әсер еткенге ұқсайды.

Бұл ретте бұған дейін мемлекеттік конкурста жеңіске жеткен "Казахсельмаш" ЖШС тек Ертіс өзенінің жағалауы бойын өңдеуге жауапты болғанын атап өту керек. Ал облыс орталығында дезинсекциялық шаралар жүргізу үшін жарияланған үш конкурс та аяқсыз қалды. Оған конкурсқа қатысушылар арасында туындаған талас себеп. Олардың қатарында жарнама агенттігі де бар.

"Бұрын балалардың ойын алаңдары мен саябақтарда өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көретін едік. Биыл мұндай шаралар жасалып жатқан жоқ. Балам жарты сағатқа аулада ойнауға шығып еді, үйге масаға таланып келді. Денесінің барлық жері қотыр. Енді аптап ыстықта балалар шыбын-шіркейден қорғану үшін үйде қамалып отыру керек пе?" - деп ашынады Алма Оспанова есімді тұрғын.

Павлодар қаласында дезинсекциялық жұмыстарды жүргізетін компания анықталмағандықтан, бұл іс "Казахмельсаш" ЖШС жүктеліпті. Павлодар қаласының әкімдігі өңдеуге 57 млн теңге қарастырған болатын.

Асайын Байханов алдағы 7-10 күн дересінде масалардың саны айтарлықтай азаятынына сендірді.

"Шыбын-шіркейді 100% жойып жіберу мүмкін емес. Бұл экожүйеге кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Тек биологиялық және химиялық препараттарды қолдану арқылы олардың популяциясының кең таралмауына тосқауыл қоя аламыз", - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Демек, маусым айының алғашқы күндері де қансорғыштардан қашу қажет. Сол кезде ғана дезинсекциялар шаралардың тиімділігі байқалуы мүмкін. Оған дейін масаларға қарсы табиғи "қару" - инелік те шығып қалар.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу