Халықтың жұмысқа тұруына Еңбек министрі неге кедергі келтіріп отыр

6705

Қазақстанда биыл жұмыссыздар армиясы күрт артуы мүмкін.  

Халықтың жұмысқа тұруына Еңбек министрі неге кедергі келтіріп отыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметінше, 2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 51,4 мың адамға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төленді. Биыл 43,4 мың азаматқа төлем алғаш рет тағайындалып отыр. Яғни, жыл басынан бері кем дегенде осынша адам жұмысынан шығып қалған.

Бұл ретте МӘСҚ тек жұмыс берушілері өзіне үздіксіз әлеуметтік жарна төлеп тұрған экс-жұмыскерлерге ғана осы төлемді төлейді. Ал жұмыс берушілердің үлкен бөлігі салықтық жүктемені азайту мақсатында жалақыны бейресми төлейді, содан оның жұмысшысы қызметінен кетсе, не қордан төлем алмайды, не жұмыссыздар тізіміне ілікпейді.

Сонымен бірге аталған төлем қор тарапынан орта есеппен, 1-3 ай төленеді, заңда белгіленгендей 6 ай бойы төлем алатыны аз.

Қалай болғанда, биыл жұмыссыздар қатары күрт артуы ықтимал. Себебі сарапшылардың айтуынша, Ресейге салынған қатаң санкциялар Қазақстанға да салмақты әсер етіп отыр.

Сондай-ақ Қазақстанның Мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың дерегінше, бір ғана Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасының (БКЖ) аяқталуына байланысты, жыл соңына дейін 37 мың қазақстандық жұмысшы жұмыстан шығарылады деп жоспарланып отыр.

Ресейдегі, шетелдегі нарықтарын жоғалтуы; релокация жасаған ресейлік компаниялармен бәсекеге шыдас бермеуі; экономикалық дағдарыстан күйреуі; банктердегі несиенің биыл күрт қымбаттауы салдарынан қаражаттан тарығуы кесірінен жыл соңына дейін тағы қаншама мың кәсіпкерлік нысаны жабылып тынуы мүмкін. Олардан босаған мыңдаған адам қайда барады?

Еңбек министрлігінің ресми мәліметі бойынша, 2022 жылдың басынан бері жұмыссыз ретінде 200,2 мың адам тіркеле алыпты. Бірақ жұмыспен қамту орталықтары кез келген сылтаумен тіркемеуге тырысатыны жасырын емес.  

Ұлттық статистикалық бюроның ақпаратына сәйкес, Қазақстанда жұмыссыздар саны 2022 жылғы мамырда 455,2 мың адамды құрады. Бұл жұмыс күшінің 4,9%-ына тең. Бірақ сарапшылар ол статистикаға да сенбейді. Өйткені бұл сан пандемияға дейінгі заманнан бері өзгермей келеді. Былтыр да тура 4,9% болған. Дәуір ауысса да, міз бақпай, өзгермей тұра беретін сиқырлы сан.

Оның үстіне Еңбек министрлігінің өз мәліметі бойынша 2021 жылдың 11 айында 621,4 мың (12 айда – 651,8 мың) адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мембағдарламасына қатысыпты. Нәтижесінде, бағдарлама аясында 413,7 мың адам жұмысқа орналастырылған. Дегенмен оның ішінде небәрі 269,2 мың адам ғана тұрақты жұмыс таба алды. Қалғаны уақытша жұмысқа тұрып, шамалы уақыттан соң жұмыссыздар армиясын қайта толықтырған.  

Осы орайда былтыр 206,5 мың адам бюджеттен субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды: 19,1 мыңы – әлеуметтік жұмыс орындарына, 34,1 мыңы – жастар практикасына, 153,3 мыңы – қоғамдық жұмыстарға орналастырылды.

Еске сала кетсек, тек бір жыл ішінде халықты жұмыспен қамтуға – "Жұмыспен қамту жол картасы" және "Еңбек" мембағдарламалары аясында бюджеттен 1 трлн 080 млрд теңге шығындалған. Өткен жылы "Еңбек" мембағдарламасы тәмамдалды.  

Ал биыл осы бағытта енді Тоқаевтың ұлттық жобасы аясында миллиардтар бағытталуда.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 185 мың адам қатысты. Соның 167,1 мыңы жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде небәрі 91,2 мыңы ғана тұрақты жұмыс таба алған.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 82,5 мың адам орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарымен – 11,4 мың, жастар практикасымен – 8,6 мың, қоғамдық жұмыстармен – 61,1 мың адам қамтылды.

Жалпы ауыл әкімдері жергілікті халықты дәл осы қоғамдық жұмыстармын қамтып, жұмыссыз бос сенделген, ішімдікке салынған, қылмысқа бой ұрған тұрғындардың санын біршама селдірете алатын еді. Бірақ оған Тамара Дүйсенова ханымның ведомствосы кедергі келтіріп отырған көрінеді. Бұған сарапшылар бұрыннан назар аудартып келеді. Сөз өтетін емес.

Саланың мәселелерін бүге-шігесіне дейін білетін білікті маман, Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық экономика және қаржы бөлімінің өкілі Гүлнұр Сәндібаева бұл олқылықты түзетуді сұрап, министрлікке хат жазыпты.

Оның түсіндіруінше, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде, атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 2022 жылғы 7 ақпандағы №46 бұйрығымен бекітілген Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында нақты шектеу бекітілген.

Тарата айтсақ, қағидалардың 10-тармағында "Қоғамдық жұмыстар уақытша жұмыс орындарын құру арқылы ұйымдастырылады" деп анықтама берілген. Ал 11-тармағында: "...кезекті қаржы жылына қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру үшін құрылатын уақытша жұмыс орындарының саны жұмыскерлердің тізімдік санының 40%-ынан аспайды" деп лимит қойып тастаған.

Бұл нені білдіреді?

"Ел Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы "Жергілікті атқарушы органдардың штат санының лимиттерін бекітудің кейбір мәселелері туралы" №1324 қаулысына сәйкес, ауыл әкімі аппараттарының штат саны – сол ауылдағы халық санына қарай бекітіледі. Мысалы, 40 мыңнан асатын халқы бар ірі ауыл үшін ауыл әкімі аппаратының штат саны 20 бірліктен аса алмайды. Тиісінше, қағидаға сәйкес қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде ауыл әкімі аппаратының 40%-дық лимит аясында бар-жоғы 8 контингент тиесілі болады. Халық саны 40 мыңнан асатын алып ауыл үшін көшелерді сыпыру, абаттандыру, қоқыс жинау және басқа қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға 8 бірлік өте аз. Осы шектеу аясында қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру арқылы көзделген міндеттерді шешу тіптен мүмкін емес", – деді Гүлнұр Сәндібаева.

Сондықтан ол ауыл немесе ауылдық округ әкімдері аппараттарына ауыл тазалығын сақтау және басқа да ауыл үшін маңызды бағыттарда ұйымдастырылатын қоғамдық жұмыс орындарын ашқанда, өз жұмыскерлерінің тізімдік санының 40%-ынан аспасын деген шектеуді жоюды ұсынады.  

Шынында, Үкіметтегілер Парламентте баяндама жасағанда, ауыл әкімдерінің, жергілікті өзін-өзі басқару билігінің дербестігін мейлінше күшейткенін, жергілікті бюджетті ауыл мұқтаждықтары үшін жұмсауда ауыл әкіміне еркіндік бергенін айтып, мақтанады. Заң жүзінде солай болғанымен, бұл дербестік пен еркіндікті Үкімет пен министрліктер төменде өз шешімдерімен бұғаттап, әкімді байлап-матап қояды.   

Егер ауыл бюджеті бай, бар болса, неге оған қазіргі күйзелісті шақта 8 емес, 80, тіпті 800 қоғамдық жұмыс орнын ашуға рұқсат етпеске?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өз жауабында мұндай мәселенің барын мойындады.

"Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 11-тармағына сәйкес, мүгедектер, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін құрылатын жұмыс орындарын қоспағанда, кезекті қаржы жылына қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру үшін құрылатын уақытша жұмыс орындарының саны жұмыскерлердің тізімдік санының 40%-ынан аспауға тиіс. Ал осы қағидалардың 11-тармағының талабы орналасқан жерлеріне, яғни қалада немесе ауылда орналасқанына қарамастан, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыратын барлық жұмыс берушілерге қатысты қолданылады. Олар соны сақтауға міндетті. Бірақ қазіргі уақытта министрлік қағидалардың 11-тармағының ережелерін қайта қарап жатыр", – деп қысқа қайырды Еңбек министрі.

Негізі, пандемия және экономикалық дағдарыстар ары ұзай берсе, жұмыспен қамтуға қатысты түйткілдер тек ушыға беретінге ұқсайды. Демек халық Еңбек министрлігінің тізгінін осымен бесінші рет қайта ұстап отырған Тамара ханымнан жұмыссыздық мәселелерін шешуде тегеурінді қимыл мен тиімді шаралар күтеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу