ХАМАС тобының израильдік кепілдерді босатуы Израильде қуатты қарсылық туғызды

2461

Израильдік қоғамның бір бөлігі төл мемлекеті "лаңкестер алдында тізе бүкті" деп санап, қорланды.  

ХАМАС тобының израильдік кепілдерді босатуы Израильде қуатты қарсылық туғызды Фото: nytimes.com

ХАМАС өз тұтқынында отырған 240-тан астам тұтқынның алғашқы үлкен легін босатты. 24 қараша күні, жергілікті сағат бойынша 18:45-де израильдік армия (Цахал) азаттыққа шыққан алғашқы 13 кепілдің Израиль шекарасын кесіп өткенін хабарлады. Олардың бәрі Нир-Оз кибуцынан (Израилдегі ауыл шаруашылығы коммунасынан) ұрланған.

Оның арасында 2 жасар сәби Авив Кац Ашер, 4 жасар Раз Кац Ашер, 5 жасар Эмилия Алони, 9 жасар Охад Закари-Мундер болды (бұл ретте Израильдің Газа секторын әуеден, теңізден және артиллериядан бомбалауы салдарынан мыңдаған палестиналық баланың қаза тапқаны қайғы).

Қалғандарының көбі әйелдер және жасы 77 және одан егде қариялар.   

Бүгінгі түнде босатылғандардың саны 39 адамнан асты. Олар отырған автобустар керуенінің қозғалысын ақпарат құралдары трансляциялады. Босатылғандардың ақырғы саны елуге жетпек. Оларды Қызыл Крестің жедел жәрдем көліктері қарсы алып, барлығын медициналық тексеруден өткізді.  

Цахал бостандықтың ауасын қайта жұта алған кепілдегілердің толық тізімін жариялап, түні бойы дүркін-дүркін жаңартып тұрды.

Сонымен қатар түнде босатылғандар арасында шетелдіктердің бар екені анықталды. Мысалы, 12 тайлық еліне орала алатын болады. Бұл ақпаратты Таиландтың премьер-министрі Сеттха Тхависин растады. Еркіндік алған өз азаматтарын осы елдің Сыртқы істер министрлігінің Израилдегі қызметкерлері қарсы алған. Мысыр бұған өзі жүргізген келіссөздері арқасында қол жеткізілгенін жариялады.

Жалпы алғанда, 7 қазандағы Израильге шапқыншылығы барысында содырлар 26 таиландтық азаматты кісендеп алып кетіпті. Олар Газа секторымен шекарадағы еврейлік фермаларда еңбек етіп, табыс тауып жүрген жұмысшылар болған. Оларды аман алып шығу үшін Таиланд Үкіметі араға Мысырды салып, өз бетінше келіссөздер жүргізді. Қараша айының басында ақпарат құралдарында келіссөз жүргізуге Иранның да араласқаны туралы дерек жария етілді.

Сонда израильдік 12-ші арна таиландтық биліктің UNRWA (БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсететін агенттігі) мұқтаждықтарына шамамен 85 мың доллар қайырымдылық қаражат бөлгенін хабарлады. Таиланд ол садақаның келіссөздерге қатысы барын жоққа шығарды. Қалай болғанда, босатылған таиландтықтар Израильдің қамауындағы палестиналықтарға айырбасталмауы мүмкін.

Түнде израильдік Шабас (Түрмелер басқармасы) израильдік кепілдерге айырбасталатын палестиналық тұтқындарды босатуға кірісті.

Жоғарыдан Шабасқа түсірілген тізімде әзірге 39 адамның аты ғана бар, оның 24-і – әйел, 15-і – бала (израильдік абақтыларға палестиналық жасөспірімдер де жабылған).

Израиль тарапы өз түрмелерінде ұзақ жыл тар қапаста отырған мыңдаған палестиналықтар ішінен айырбас ретінде тек адам өлтірмегендерін, әскерилерге тас лақтыру, қастандық жасауға оқталу сияқты ұсақ, орташа қылмыстар жасағандарын ғана шығаруға келісті.

Оларды Палестинаға тапсыру операциясына Рамладағы Түрмелер басқармасының жедел штабы басшылық етуде. Сотталғандар босатылуы үшін алдымен "Мегиддо" және "Дамон" түрмелеріне ауыстырылды. Сол жерде олар жеке заттарын кері ала алды. 

Бұған қоса, израильдік тарап жіберілетін палестиналықтардан терроризммен айналыспауға уәде ететін қолхатқа қол қойдырып алды. Содан соң ғана Қызыл Крест халықаралық комитетінің өкілдеріне олармен кездесіп, медициналық тексеруден өтуіне рұқсат етілді.

Ары қарай "Нахшон" арнайы бөлімшесінің жасақтары палестиналық тұтқындарды "Офер" түрмесіне тасымалдады. Сол жерден сотталғандар "Бейтуния" бақылау-өткізу бекетіне жеткізіліпті.

Израиль өз астанасы етіп алып, Палестина әкімшілігін қуып шыққан Шығыс Иерусалим қаласындағы үйлеріне оралатын палестиналықтар "Русское подворье" тергеу изоляторына ауыстырылды.

Яғни, израильдік тарап палестиналықтарды босатуды біршама күрделендірді, әрі кешіктіруде.

Бұл ретте ХАМАС босататын 1 израильдік кепілге айырбас ретінде 3 палестиналық босатылады. Тиісінше, 50 израильдік үшін 150 палестиналық сотталған адам бостандыққа шығуы шарт.

Бірақ осының алдында израильдік Әділет министрлігі өз сайтында 150 емес, 300 сотталған палестиналықтың тізімін жариялады. Ведомство кандидаттардың неге көптігін түсіндірді: "егер мәміле кеңейтілсе және ХАМАС елуден көп кепілді босатуға ұйғарса" деп, тағы 150 адам тізімге қосымша енгізген екен.  

Палестиналық радикалды топтар мұны азсынады. Израильдік басылымдардың жазуынша, "Ислам жиһады" палестиналық тобының бас хатшысы Зияд ан-Наххал Израилді "барлығын барлығына" формуласына негізделген мәмілеге иліктіруге ниетті екендерін мәлімдеді. Яғни, Газадағы тұтқында қалған барлық кепіл Израиль өз түрмелерінде азап шеккен бүкіл палестиналықтарды шығарса ғана босатылады.

Бас хатшысының айтуынша, "Ислам жиһады" да Газа секторында 30-дан астам израильдік кепілді, соның ішінде тұтқынға түскен солдаттарды ұстап отырған көрінеді.

"Бейбіт тұрғындарға жатпайтын, әскери кепілдер – біздің қолымызда. Дұшпанның түрмелеріндегі біздің барлық тұтқындар босатылмай, Израильдің бұл жауынгерлері азаттық ала алмайды", – деген Зияд ан-Наххалдың мәлімдемесін араб және израильдік ақпарат құралдары таратты.

Израильдің Премьер-министрі Биньямин Нетанияху ағымдағы айырбасты құптады.

"Біздің парызымыз — кепілдегі барлық адамды босату", – деп нақтылады Израиль басшысы.

Бірақ жергілікті сарапшылардың байламынша, ол Израиль қоғамын барлық палестиналықты бостандыққа жіберуге көндіре алмайды.   

Себебі, тіпті осы мәміленің өзі Израильде және Батыс әлемінде дүрбелең, резонанс тудырды. Көңілде қордаланған, әлеуметтік желіні кернеген сауалды британдық Sky News жүргізушісі Кей Берли ашық қойды. Ол Израиль үкіметінің өкілі Эйлон Левиден: "50 израильдік кепілге айырбас ретінде 150 палестиналық сотталғанды босату Израильдің "бір палестиналық үш израильдікке татиды" деп бағалайтынын білдірмей ме?" деп сұрады.

Сауалдың бұлайша төтесінен қойылуы Израиль шенеунігінің төбесінен жай түскендей әсер етті. Таңданыстан аузын ашып қалған Леви біраздан соң жауап берді.

"Мұныңыз барып тұрған сорақы айып. Егер бір сотталғанды бір кепілге айырбастауға мүмкіндігіміз болса, біз міндетті түрде солай жасайтын едік қой. Біз масқара жағдайға тап болып, алапат қыспақ астында әрекет етуге мәжбүрміз. Палестиналықтарды теңдік, пропорция мәселесі қызықтырмайды, олар тұтқындарын барынша көп босатып алудың қамын жасауда", – деп қатты кейіді израильдік биліктің өкілі Эйлон Леви.

Израиль билігі екі оттың ортасында қалды. Ал оның бұл айырбасы израильдік қоғамды екіге жарды. Туысқандары кепілде қалғандар және оларға аяушылық білдірген тұрғындар биліктен кез келген жолмен, кез келген құнмен оларды босатып алуды талап етті. Олар "Израиль мемлекеті әлемдегі әрбір еврейдің өмірін сақтап қалу үшін құрылған" деген қағиданы еске салды.

Наразы израильдіктер болса, кезінде радикалды топтардың тұтқынына түсіп қалған израильдік солдат Г.Шалитті босатып алу үшін түрмеден босатылған содырлардың бірқатары биылғы қырғынды ұйымдастыруға қатысқанын қаперге салды.   

Израильдік сарапшы Бен Каспиттің айтуынша, "Шалит мәмілесі" аясында бір солдатты үйіне қайтару үшін 1100 лаңкес босатылған болатын. Израиль тағы да ұқсас мәміле бекітуге мәжбүр болды.

"Бірақ екі мәміленің арасында айырмашылық бар: Шалит үшін біз кісі өлтірген жүздеген қылмыскерді босаттық. Оның ішінде ХАМАС тобының қазіргі лидерлерінің бірі Ихъя Синуар және басқа да қолбасшылары болды. Бұл жолғы мәміле аясында бір де бір кісі өлтіруші босатылмайды. Бұл Израильдің амал жоқтықтан жасаған амалы екенін ұмытпауымыз керек: ол мәміледен бас тартса, кепілдегілердің өміріне қауіп төнетін еді. Цахал енді Газа секторының оңтүстігін шабуылдап жатыр. Салдарынан сондағы кепілдерді өзі өлтіріп тынуы мүмкін еді. Израильдік армия ол аумақта еркін ұрыс салуы үшін де Израиль ондағы кепілдердің мейлінше көбін босатып алуға тиіс", – деді Бен Каспит.

Израильдік армияның осы қулығын түсінгендіктен, ХАМАС кепілдегілерді тегіс босатуға бармады.

Израиль билігіне өз халқы қысым жасауда. "Ликуд" партиясының депутаты Тали Готлиб биліктің бұл мәмілесін "сүйекке түскен даққа" теңеді. Оның байламынша, "ХАМАС Израильді тізеге тұрғызды".

"Қандай ұят! ХАМАС бізді тізерлете тұрғызды. Ол тіпті өз қолындағы кепілдердің бәрінің бірдей тірі екеніне дәлел де ұсынбады. Кепілдерді босату үшін жарияланған атысты тоқтату біздің қаһарман солдаттарымызды басын бәйгеге тігеді. Біздің ұлттық қуатымыз бен намысымыз қайда қалды?" – деп назаланды Тали Готлиб.

Өз кезегінде "Альмагор" қоғамдық ұйымы үкіметті сотқа беріп, кепілдерді босату мәмілесін кейінге қалдыруды талап етті. Алайда 22 қарашаның кешінде Израильдің Жоғарғы сотының (Багац) судьялары аталған ұйымның апелляциясын қанағаттандырудан бірауыздан бас тартты. "Альмагор" солдат Гилад Шалитті босату мәмілесін қарастырған Шамгар комиссиясының қорытындысын алға тартты. Комиссия 2012 жылғы баяндамасында кепілге алынған бір израильдікке айырбас ретінде палестиналық сотталғандардың тек аз шоғырын ғана босатуға ұсыным беріпті.

"Альмагор" мұндай мәмілелер болашақта радикалдарды Израиль тұрғындарын барынша көбірек кепілге алуға ынталандыруы мүмкін деп қауіптенеді. Оның үстіне израильдік түрмелерден шыққандардың үлкен бөлігі Палестина аумағына кетпейді, Израильде қалады. Яғни, израильдіктермен бірге тұрады. Өйткені олардың туып-өскен аумақтарын бүгінде Израиль өз территориясына күштеп қосып алған екен. Тиісінше, баспаналары осы мемлекеттің аумағында қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу