HIMARS Украинада Ресей әскерін қайта тұралата бастады

7674

Бірақ оңтүстікті қайтаруға бекінген жергілікті армия әлі де РФ күштерінің артиллериялық шабуылдарына ұшырап, алыс қашықтыққа арналған ауыр қаруға мұқтаж болып отыр.

HIMARS Украинада Ресей әскерін қайта тұралата бастады

Украинадағы соғыс жаңа кезеңге енуі мүмкін. Өйткені АҚШ-тан жеткізілген ұзақ қашықтыққа арналған зымыран жүйелері (HIMARS)  Ресейдің Донбасста ілгерілеуін тежеп, тіпті Украина әскерінің қарымта шабуылға кірісуіне жол ашуы ықтимал.

Президент Владимир Путин армиясы көрші елге басып кіргеннен кейін 150 күннен астам уақыт өткенде, Британияның МИ-6 барлау қызметінің басшысы Ричард Мур мәлімдеме жасап, Ресей күштерінің Украинада "тынысы тарыла" бастағанын айтты. Алайда мұндай "мүмкіндікті" украиналықтар өз мүддесіне пайдалана ала ма? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Жексенбі күні Американың Соғысты зерттеу институты осы ұрыс туралы өзінің күнделікті есебін жариялап, Херсонның оңтүстігінде украиналықтардың қарсы шабуылға кірісіп жатқан болуы керектігін атап өтті.

Сонымен қатар Вашингтондағы институт шілденің 15-нен бері Донбасста ресейліктердің артиллериялық шабуылдарының күрт саябырсуын Украинада HIMARS-тың пайда болуымен байланыстырады. Дүркіндетіп ататын бұл қару ракетаны 80 шақырым жердегі нысанға асқан дәлдікпен тигізеді. Оның көмегімен украиналықтар майдан шептерінде ресейліктердің 50 шақты қару-жарақ қоймасын қиратқан.

АҚШ-тағы сараптамалық орталықтың дерегінше, Украина күштері Херсонда Ресей армиясын үлкен Днепр өзенінің шығыс жағалауындағы жеткізу желілерімен байланыстырған барлық көпірлерді зақымдады.

"Бізде майданда ілгерілеуге және басқыншыларға үлкен шығын келтіруге айтарлықтай әлеует бар", – деді Президент Владимир Зеленский бейсенбі күні қауіпсіздік басшыларымен өткен кездесуден кейін.

Украинаның ұрыс даласындағы шығыны мамыр-маусым айларында күніне 100-200 адам еді. Қазір сол көрсеткіш 30-ға дейін төмендеген. Мұны Зеленский жұмада Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында айтты. Бұған қоса, Зеленский Ресей басып алған жерлерді Мәскеудің бақылауында қалдыруды көздейтін кез-келген ымырадан бас тартатынын ескертті.

Шотландиядағы Сент-Эндрюс университетінің стратегиялық зерттеулер профессоры Филлипс О’Брайеннің айтуынша, мұның бәрі соғыстың басқа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Сол фазалардың біріншісінде ресейліктер Киевті алуға тырысып, сәтсіздікке ұшырады. Екіншісінде РФ армиясы артиллерияны пайдаланып, жеңіске жету үшін шығысқа шегінді.

"Егер Донбасста Ресей атысты азайтуды жалғастыра берсе, онда бұл майдан тұралап, украиндар оларды ығыстыра ала ма деген сұрақ туындайды", – дейді О'Брайен.

Жексенбіде Ресейдің басқыншылығы туралы жазатын Moscow Calling Telegram-каналы да HIMARS-тың келуі Украинада соғыстың үшінші кезеңін бастағанын хабарлады.

Дегенмен көп жайт белгісіз. Мәселен, Ресей енді қамтамасыз ету линиясын HIMARS ракеталары жетпейтін жерге көшіріп, сол америкалық зымыран жүйесін жою үшін өзінің жеткілікті деңгейде тиімді емес авиациясын жұмылдырады деген болжам бар. 

Бұған қоса, одақтас елдер артиллериялық, зениталық қару мен бронетехника жібермесе, Украина оккупацияланған жерлерді қайтара ала ма деген сауал туындап отыр.

Айта кетсек, Киев ақпанның 24-нен бері көптеген қарсы шабуылдар жүргізгенімен, олардың көлемі шағын болды.

Кейбір еуропалық әскерилердің сөзінше, сәтсіз қарымта шабуылдар Украина әскерін шығынға ұшыратуы мүмкін.

Ресейдің Херсонға дейінгі оккупациясы Украинаның теңізге шығатын жолын кесіп, Днепр бойындағы өнеркәсіп орталығын қиратып, оңтүстіктің айтарлықтай бөлігін Мәскеудің бақылауына өткізді. Бұл өңірде ірі қалалар мен зауыттар майдан шебінен  50 шақырымдай жерде орналасқан. Өйткен айда Зеленский осы территорияларды түгел қайтаруға уәде берді.

Бірнеше күн бұрын Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров елінің Украинадағы жаңа жоспары жайлы мәлімдеме жасады. Оған жүгінсек, Мәскеу енді Херсон және Запорожье облыстарын Украинадан біржолата бөліп алуды мақсат етіп отыр және де министр бұл аймақтарды Ресей басқыншылық қарсаңында тәуелсіз деп таныған "Донецк және Луганск республикаларына" теңеді.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, Кремль қыркүйектің 15-не дейін Херсон мен Запорожьені қосып алуды мақұлдау үшін референдум өткізуді көздеп отыр. Екі провинцияның да көпшілігі қазір Ресей оккупациясында және мұндай дауыс беру заңсыз болып есептеледі. Ал Украина оларды қайтаруға әрекеттенсе, бұл жағдайды Ресей өзіне жасалған шабуыл ретінде көрсетуі мүмкін.

Украина, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ-тағы қолдаушылары ішінара соғыстан туындаған энергетикалық дағдарысқа, инфляция мен рецессияға аяқ баспай тұрғанда, Ресейге тойтарыс бере алатынын дәлелдеуі керек.

Ресейге де "жеңіске жет" деген қысым күшейіп келеді. Өйткені Украина артиллериясы әлі де Донецк сияқты қалаларды атқылай алады. Демек мұндай қауіп барда референдум өткізу қиын.

"Тағы бір мәселе сол, Украина заманауи қару-жарақ алып жатқанда, Ресей бұрынғыдан да ескі танктерге, зеңбіректерге және зымырандарға көшуге мәжбүр", – дейді  Ресей Қорғаныс министрлігіне жақын әрі атын атамауды өтінген адам "Блумберг" агенттігіне берген сұқбатында.

Telegram-да 410 000 жазылушысы бар ұлтшыл Игорь Гиркин Ресейдің әскери басшылығын Украинадағы науқанды дұрыс ұйымдастырмады деп қатты сынады. Ал соңғы жазбаларының бірінде ол Ресейдің майдандағы беткеұстар бөлімшелері сарбаздарының "жабайы" болғанын және олардың жауынгерлік рухы нашар екенін айтып, соғысудан бас тартып жатқандар кездескенін мәлімдеді. Тағы бір сөзінде Гиркин Ресей күштерінің Украинадағы соңғы жетістіктерін "тасбақа тәрізді" деп сипаттады.

"Бізде қатты шабуыл жасайтын ештеңе қалған жоқ", – дейді Гиркин.

Ресейдің азаматы Гиркинге 2014 жылы Украинаның шығысында Malaysia Airlines компаниясының MH17 ұшағы құлап, оның бортындағы 298 адамның барлығы қаза тапқаннан кейін "адам өлтірді" деген айып тағылды.

HIMARS-қа оралсақ, АҚШ осы уақытқа дейін Киевке оның кемінде 20 данасын жіберуге уәде берді.

"Біз АҚШ үкіметі мен Америка халқына бұрын-соңды болмаған қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтамыз. "Химарс" деген сөзді қазір Украинада кішкентай балалар да біледі. Олар енді өздерінің мысықтары мен күшіктерін "химарс" деп атай бастайды", – дейді Fox News Digital телеарнасына берген сұқбатында Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Юрий Сак.

Сак Украина Армиялық тактикалық зымыран жүйесіне (АТАСМS) де мұқтаж екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай жүйе украин күштеріне Ресейге қарсы шабуылдарды тиімдірек бастауға мүмкіндік береді екен.

Алайда Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан жұма күні "Аспен" қауіпсіздік форумында сөз сөйлеп, Президент Джо Байденнің Украинаға белгілі бір зымыран жүйелерін жеткізуге әлі дайын емес екенін хабарлады.

"Cолардың бірі – 300 шақырымға жететін АТАСМS зымырандары", – дейді Салливан Вашингтонда өткен брифингте.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу