Илон Маск Украинаға соғыста жеңуге қалай көмектесуде?

18227

Әлемдік гений Украина жеріндегі қан-қасап қырғынды ауыр қабылдады, тіпті Ресейді өзімен соғысуға шақырды. Ол енді Украинаның жеңісін сомдауға сүбелі үлес қосуда. 

Илон Маск Украинаға соғыста жеңуге қалай көмектесуде?

2022 жылғы 14 наурызда америкалық миллиардер, SpaceX және Tesla Motors негізін қалаушы әрі қожайыны Илон Маск Ресей президенті Владимир Путинді жекпе-жекке шақырды.

"Мен Владимир Путинді жекпе-жекке шақырамын. Бәске Украина тігіледі", – деп Twitter парақшасында жазған Маск ары қарай орыс тілінде: "Вы согласны на этот бой? @KremlinRussia_E" дегенді қосты.

В.Путиннің аккаунты жоқ екені, әрі әлеуметтік желілерді пайдаланбайтыны мәлім. Сондықтан Маск ешқандай жауап ала алмады. Жауаптың қажеті де жоқ еді. Себебі, ол кезде майдан даласында Илон Масктың құрылғылары Ресей әскерін талқандауға белсене ықпал етіп жатқан болатын.

Әскери сарапшылардың мәліметінше, 24 ақпанда, таңғы 4-те Украинаға қарсы әскери операциясын бастаған Ресей бірінші кезекте әуежайлар, ұшақтар, артиллерия, әскери базалар секілді қарсыласының әскери күш-құралдары сыртында, 4G мұнаралары мен тораптарын, байланыс инфрақұрылымын бомбалап, жойды. Елдің басым бөлігі интернетсіз қалды, ұялы байланыс болмады, танымал мессенджерлер істемеді. Не болып жатқанын түсінбеген халық абдырады, қатты дүрлікті. Бұл ретте ресейлік әскерлердің қарапайым әрі ескі карталармен қозғалғаны мәлім болды.

Содан УР вице-премьері, Цифрлық трансформация министрі Михаило Федоров дереу Twitter арқылы И.Маскқа үндеу жасап, Украинаны ғарыштық ұшқыр интернетке қосуды өтінді. Әйтпесе, Масктың командасы бұған дейін осы сервиске Украинаның ерте дегенде, тек 2023 жылы қосылатынын айтқан болатын. Сұрауға шұғыл үн қатқан SpaceX 26 ақпанда Starlink спутниктік терминалдарының бірінші партиясын аттандырды. Стратегиялық жүк рекордтық мерзімде, 2 күн ішінде жеткізілді: 28 ақпанда Масктың жерсеріктері мен олардың ретрансляторлары Украинаға сигнал бере бастады, олардың негізінде Украинаға жеткізілген терминалдар іске кірісіп, интернет пен байланыс таратты.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі Илон Маскпен хабарласып, алғысын айтты және соғыс біткен соң сапармен келуге шақырды.

Спутниктік байланысқа қол жеткізу арқасында Bayraktar және өзге пилотсыз ұшатын аппараттар әуеге көтеріліп, дұшпанның зәресін ұшырды. Старлинк көмегімен Украина әскерлері соққылаушы дрондардың ұшу бағытын және жаудың бронды техникаларына, теңіздегі алып кемелеріне дәл соққы беруін үйлестіруде. Күні кеше Украинаның қарулы күштері, "Байрақтар" және Старлинк күш біріктіріп, Ресейдің мақтанышы болып келген алпауыт "Мәскеу" крейсерін күйретіп, тұңғиыққа батырып жіберді.

УР Цифрлық трансформация министрінің кеңесшісі Антон Мельниктің дерегінше, Старлинктер алдымен әскерилерге, "терроборонаға", біріккен аумақтық қауымдастықтарға берілген. Сондай-ақ онымен ел аумағы бойынша арнайы көлікпен қозғалған мобильді жедел штабтар да жабдықталды.

Содан кейін қираған қалаларға, жергілікті әкімшіліктерге, азаматтық нысандарға және тұрғындарға спутниктік интернет қолжетімді болды. Мәселен, ауруханаларға спутниктік тарелкалары бар 600-ден астам арнайы модем таратылған, соның арқасында телемедицинаны да қолдануға болады. Банктер де жұмысын жалғастырып, ел мен экономиканың қаржыға қолын жеткізді.

Starlink – коммуникацияның басқа түрлері толық істен шыққан жағдайда да байланыс пен интернетке қосылуды қамтамасыз ететін төмен орбиталды жерсеріктерінің жүйесі болып табылады. Қазіргі кезде ғарышта бұл жүйенің шамамен 2 мыңдай жерсерігі ұшып жүр. 

Бүгінде бұл жүйе Украина қарулы күштеріне – қарсыласына ойсырата соққы беруге, бизнес пен ақпарат құралдарына – кәсібін жалғастыруға, ал халқына – әлеуметтік желілер мен ғаламтор арқылы шынайы ақпарат алып тұруға мүмкіндік беруде.

Ресейлік хакерлер Starlink жүйелеріне кибершабуылдарды өрістеткен көрінеді, бірақ шабуылдар уақытылы тойтарылды.

Айтқандай, Илон Маск Мәскеуге басқа салаларда да соққы беріп жатыр. Біріншіден, оның Tesla компаниясы 2022 жылғы бірінші тоқсанда әлемдік нарыққа электрмен қозғалатын көліктерді жеткізу жөнінен жаңа рекорд орнатты: қаңтар-наурыз айларында 310 мыңнан астам электромобиль өткізген. Салыстыру үшін айтсақ, бүкіл 2021 жыл бойында Tesla 936 000 электр көліктерін сатқан еді. Мұның өзі алдыңғы жылғы саудадан 87 пайызға көп болатын. Компания ұзақ мерзімді перспективада жыл сайын сауданы кем дегенде 50 пайызға арттырып отыруды жоспарлады.

Осының нәтижесінде әсіресе, Батыс елдерінде бензинмен, дизелмен жүретін автомобилдер санының өсуі тежелді. Ал Еуропадағы мұнай және мұнай өнімдерінің, газдың ірі жеткізушісі Ресей екенін ескерсек, Маск компаниясының бұл саладағы ғаламат жетістіктері де Кремлге жақпайтын, кіжінтетін болса керек.

Оның үстіне Илон Маск командасының агрессивті насихатының ықпалымен еуропалық, америкалық автоконцерндер өз машиналарына бензин, дизель, газ тұтынатын "іштен жану қозғалтқыштарын" қоюды азайтып, бірте-бірте одан бас тартып жатыр.

Екіншіден, оның SpaceX компаниясы "Dragon 2" (Crew Dragon) атты көп рет пайдаланылатын ғарыш кемесі арқылы коммерциялық зымыран ұшыру секторындағы бағаны құлатты. Масктың ғарыштық зымыранының төменгі сатылары бөлінген соң парашютпен қалықтап жерге түседі және кейін қайта пайдаланылады. "Dragon 2" кемесі де жерге оралып, ұшақтай қонады. Ал ресейлік "Протон", "Союз", "Ангара" және басқа ғарыш зымырандары тек бір рет пайдалануға арналған. Оның төменгі сатылары қазақ жеріне құлап, айналасын бүлдіріп жатады.

Маск арқасында салада ұшыру бағасы арзандағаннан кейін "Роскосмос" клиенттерінен жаппай айырыла бастады. Нәтижесінде, 2021 жылы Ресей "Байқоңырдан" 14 рет қана зымыран ұшыра алды. Мәселен, 2020 жылы 45 зымыранды ұшыруды жоспарлаған еді, бірақ ақырында "Байқоңырдан" тек 7-еуін ғана әуеге самғата алды. Салыстыру үшін айтсақ, 1992 жылы рекорд орнатып, бір жылда 55 ғарыш кемесін "Байқоңырдан" орбитаға аттандырыпты. Ол кезді қазір тек армандай еске алады.

Бүгінде Украинадағы соғыс аясында Ресейге жабдықтар мен электрониканың белгілі бір түрлерін жеткізуге тыйым салынған. Ресейлік ғарыш кәсіпорындары да қатаң санкцияларға тап болды. Себебі, Мәскеу Украина жеріне артиллериялық және басқа да соққыларын ғарыштан түзетіп, үйлестіруде. Бұл ретте тайвандық өндірушінің микрочиптерді жеткізуден бас тартуы ресейлік космонавтикаға қатты тигенге ұқсайды: жаңа өнім жеткізу тізбектерін құру үшін бірер жыл кетуі мүмкін. "Роскосмос" бүгінде коммерциялық тапсырыстарының 80%-ынан айырылған көрінеді.

Нәтижесінде, Ресей "Байқоңырдан" 2022 жылдың басынан бері ғарышқа 2 рет қана зымыран ұшыра алды. Салыстыру үшін айтсақ, осы кезеңде АҚШ – 19, Қытай – 11, Жаңа Зеландия – 2 рет ғарыш кемесін ұшырған.

Ғаламторда тараған видеороликтерден байқалғандай, Украина қалаларына басып кірген ресейліктер көзге түскен Тесла көліктерінің бәрін қиратып, оған Илон Маскқа бағытталған былапыт сөз жазуды әдетке айналдырғандай. Солтүстік көршінің Маскпен жекпе-жекте қолынан тағы не келер екен?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу