Алайда бұл отырыстың қорытындысы алдын ала болжамдалған болатын. abctv.kz агенттігі мәліметіне қарағанда, 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында бірқатар қазақ спортшысы жеңіске жетіп, бірақ допинг-сынамаларында рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек қолданғаны "анықталған" болатын.
Міне сол "анықтаманы" қайта зерттеудің қорытындысымен Ұлыбритания, Швейцария, АҚШ, Ресей және Қазақстан елдерінің адвокаттар тобы және зертханалық анализдер саласының мамандары бірнеше ай бойы егжей-тегжейлі танысқан көрінеді.
Мамандар тобы Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының талабымен құрылған-ды. Сарапшылар жұмысының басты мақсаты - қазақ спортшыларының зертханалық құжаттарында тексеру нәтижесіне кері әсер тигізетін қандай да бір қателікке жол бермеу. Бұл ретте анализдердің қайта тексерілуі барысында мамандар тарапынан ешбір кемшілік анықталмай, қазақ ауыр атлеттерінің екі Олимпиададағы жетістіктерін қорғап қалу мүмкін болмады.
18 қазанда Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедованың олимпиадалық нәтижелерін сақтап қалу немесе спортшылардың жеңістерін жоққа шығару туралы шешім қабылданатын ХОК Дисциплинарлық комиссиясының отырысы басталады.
Дегенмен, Ауыр атлетика федерациясы abctv.kz ақпараттық агенттігіне хабарлағандай, адвокаттар тобы қазақ зілтеміршілерінің әлемдік және құрлықтық біріншіліктерде жеңіп алған медальдері мен атақтарын қорғау бағытында жұмысты жалғастырып, спортшыларды шеттету мерзімін қысқарту шарасын қабылдамақшы.
Бірақ қазақ зілтеміршілерін спорт сайыстарынан аластату жөнінде соңғы нүкте қойылған сыңайлы. Олар айыпты – оған дау жоқ. Алайда, осы оқиғаның төңірегінде сан-қилы сауал туындап жатыр. Бұл сауалдар қарапайым жанкүйерлерді де, қатардағы спортшыларды да, тіпті саясаткерлер мен президенттерді де толғантып отыр. Ең алдымен бұл сауал Халықаралық олимпиада комитетіне қойылуда.
Төрешілер кімдер?
Әлемдік экономика мен саясат дағдарысқа бейім, бұл құпия емес. ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы экономикалық тоқырау, ХХІ ғасырдың басындағы американдық ипотека төңірегіндегі дау, Екінші Дүниежүзілік соғыс немесе Ирактың Кувейтті жаулап алуы және Ирактың одан кейінгі Саддам Хусеин билігіне қарсы коалицияның соғысы сынды т.б. экономикалық және саяси дағдарыстарды мысалға келтіруге болады.
Алайда, мұндай күрделі дағдарыстың әлемдік спортты да шарпитынын кім ойлаған. Спорт – "Жер" атаулы планетадағы миллиардтаған адамның қуанышы мен құштарлығының қайнар көзі.
Естеріңізге салсақ, 2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Қысқы Олимпиада "Құштарлық билеген мекен!" атты ұранмен өткен болатын. Дегенмен, дағдарыстық ахуал қай салада тумасын, мұндай дағдарыстың тууы мен өршуіне бейқам, тіпті жігерсіз және еш ойланбай жасалған әрекеттеріміздің салдарынан өзіміз сыр беретінімізді мойындау керек.
Айталық, Норвегияның шаңғы спорты құрамасы мүшелерінің құжаттарына қарасақ, барлығының тыныс алу жүйесінде дерті бар, бір сөзбен айтқанда – демікпе дертіне шалдыққандардан құралған. Бұл осыдан 10 жыл бұрын басқарудың барлық деңгейінде айтылмады ма? Айтылды!
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігі мен Халықаралық шаңғы спорты федерациясының рұқсатымен демікпе дерті бар спортшылар тыныс алу жүйесіне қатты әсер ететін дәрі-дәрмектерді ашықтан-ашық қабылдаған. Қарап отырсаң, рұқсат етілмеген әрекет, мұны барлығы да жақсы түсінді. Шаңғы спортында тыныс алу жүйесінің мінсіз болуы – ең жоғарғы спорт жетістігінің кепілі болып табылатыны анық.
Аталған дертті емдеу мен қандай да бір басымдықты иелену арасындағы белгіленген шек бар ма? Қалайша бір елдің құрамасы толығымен демікпе дертіне барлардан жасақталған? Бүгінгідей жағдайға душар болмас үшін осы мәселені сол кезде көтеру керек еді. Норвег спортшыларының әдісін ерте ме, кеш пе қайталайтындар, барлық амал-тәсілді қолдана отырып айрықша рұқсатты алатындардың қаптайтыны айдан анық болды емес пе?!
АҚШ-тың гимнастика бойынша олимпиада чемпионы рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті ашықтан-ашық қолданады. Бұл спортшы гиперактивті дертіне "шалдыққан" көрінеді. Анықталғандай, ағылшын шабандоздары да демікпе дертіне шалдығыпты-мыс. Ең жоғарғы спорт сайысына қатысып жүрген, денсаулығы сыр берген спортшылар саны қазірде 600-ге жуық. Кезінде Норвег спортшыларына қатысты ешкім ләм-мим демеді, мәселе жылы жабылып қалды. Норвегтердің шаңғы спортында жаңа "сән" шығарғанын еске отырып, олардың қарсы жауабынан сескенді, ал мұның салдары бүгінгі келеңсіздіктерге алып келуде.
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігі әлемдік стандартқа сәйкестігін мойындамады ма, Мәскеу немесе Алматыда допингке қарсы зертханалардың жұмыс жүргізуіне лицензия бермеді ме? Атқарылып жатқан жұмыстың сапасына келген комиссияның берген бағасы оң болған.
Ал енді бір мезетте барлығы әлемдік стандарттарға сәйкес келмейді және жарамсыз деп танылуда. Мұндай жайттан кейін "Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік өзінің әрекетінен өзі хабардар ма?" деген сауалды қоюға кімде болса да құқылы. Егер де агенттік қызметкерлерінің ар-ұжданы болса, олар өз жұмысындағы олқылықтарды батыл мойындар еді. Алайда мұндай пейілдің нышаны да байқалмайды! Мойындайтын тағы да бір жайт бар.
Өкінішке орай, ХОК Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігімен қарым-қатынасында аса көнгіштік пен принципсіздік танытты. Әлемдік спортта ешбір заңды мойындамайтын, өз қалауы бойынша оңды-солды шешім шығаратын және ешкімге бағынбайтын алпауыттың пайда болуына о баста жол берілмеуі керек еді. Бұл заң ғылымын да есеңгіреткен болар, өйткені заң ғылымының негізгі қағидасының бірі - кінәсіздік презумпциясы өрескел бұзылды.
Міне, елдің барлық атлетіне допингті пайдаланды деген еш негізсіз айып тағылды. Аталған спортшылар он шақты рет тексеруден өткен, оларға ешқашан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек қолданды деген айып тағылып көрмеген. Алайда, бір-екі кінәлімен қатар жүздеген спортшы шеттетілуде. Бұл жайтты саясатпен байланыстырудың қажеті де жоқ шығар, мәселе тіпті саясатта да емес.
Алайда бұл жерде анық үрдіс байқалады. Айталық "Шығыс" спортшысынан (Қытайды қосқанда) допинг табылып жатса, батыс елдерінің баспасөз құралдары ол жайында бар әлемге жария етуге шебер. Егерде допинг АҚШ тенисшілерінен, сол баяғы Уильямстан табылып жатса, ол жайында тіс жармау, дұрысын айтқанда, оны жарияламау, бір сөзбен айтқанда - ақпарат легін басу.
Өзекті мәселелер осындай екіұшты көзқарастың болуы салдарынан туады. Спортшылардың денсаулығы сыр беріп, дәрі-дәрмекті қабылдауға тәуелді болды делік, онда мұны неге жасырып әлек? Мұндай жағдайда денсаулығы сыр берген спортшыларға жеке сайыс неге ұйымдастырылмайды?
Ең жоғары деңгейде де бұл жайында сөз қозғалуда. Бұл ретте Халықаралық олимпиада комитетінің әрекетсіздігі, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің шектен тыс үстемдігі мен кикілжіңнің сыртқа шығуын қаламауы жайын сөз етуге тура келеді.
Көпшілікті толғандыратын тағы да бір өзекті мәселе бар. Көзге көрініп тұрған кемшін тұстарды шешуге қауқарсыз әлемдік спорт қауымдастығының бұл мәселені шешетінін көзге елестету қиынның қиыны. Қазіргі мүлтіксіз бақылау мен зерттеу жүргізудің өте жете тексеру әдістерін біле тұра, спортшылар, айталық - "сергелдеңге түскен" ауыл атлеттер өз көрсеткіштерін арттыру мақсатында допингті арнайы қолданды деп айту көңілге қонымсыз. Олай болуы да мүмкін емес.
Сонда мәселе неде? Иә, кездейсоқтық, бейқамдық, қажетті ақпараттан хабардар болмауы, жаттығуды қалыптасқан үлгіде жүргізу. Қателіктің төркіні осында жатыр. Сонда адамгершілік заңдылықтарын ысыра салып, осы қателіктер үшін жазалау, оның үстіне өмір бойына жазалау қажет пе?!
Оның орнына қажетті ақпаратты жеткізу жүйесін реттеу жөн емес пе (бұл ретте Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы айтарлықтар жұмыс атқаруда), тест тапсыру үшін 16 жасар спортшы қыздарды ұйқысынан таңғы сағат 6-да тұрғызып, немқұрайлылық танытқанша, спортшыларға қолұшын неге бермеске? Бұл адамға деген сыйластық, кеңпейілділік, барлығын қосқанда адам құқығын сақтаудағы қарапайым заңдылықтар.
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің атқарымпаздары (өкінішке орай ХОК та) көпшілікті дүрліктіретін оқиғалар мен дау-дамайдың жетегінде барын салуға дайын.
Рио-де-Жанейродағы Олимпиада мәресіне жетті, спорт әлеміндегі даулардың көлеңкесінде Паралимпиада ойындарыда елеусіз өте шықты. Ендігі басты міндет - допингпен байланысты туған мәселерді шешетін де кез келді. Бұл мәселенің соншалықты жаһандық сипат алғанын ескерсек, мәселенің түпкі шешімі спортты басқарудың барлық жүйелерін қозғауы тиіс. Қозғалуы да керек!
Бұл мәселе осы деңгейде қозғала ма – бұл өз алдына үлкен сұрақ. Әзірге ХОК пен халықаралық спорт федерациялары мәселені спортшылар мүддесіне шешуге мүдделі емес. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының мәселені шешудегі ұстанымы да аса ерекшеленіп тұрған жоқ. Салдарынан әлемдік алдыңғы қатарлы мемлекеттер бұл спорт түрінен, әзірше бір жылға, бас тартуда, арғы жағын уақыт көрсетеді деген ұстанымда.
Жалпы айтқанда, спорт әлемін үлкен әрі шешімді өзгерістер күтуде. Әрине әлемдік спорттың қызметкерлері ақыл мен ерікті алға тарта отырып, барлығын бірдей негізсіз айыптамай, қажетті өзгерістерді үлкен байыппен, саясатты араластырмай, қандай да айып пен кемсітушілікке жол бермей жүргізетініне сенімділік білдіреміз.
Халықаралық олимпиада комитетінің негізін қалаушы әрі комитеттің бірінші президенті, олимпиада чемпионы Пьер де Кубертен "Спортқа арналған мадақтау" шығармасында "Спорт қай кезде де бейбітшілік нысаны!" екенін атап өткен. Қазіргі спортта және олимпиада қозғалысында туып отырған мәселелер міндетті түрде шешімін табуы керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл әлем қауымдастығының абыройы.
Саян Абаев